Тарих • 11 Шілде, 2021

Наполеон Бонопарт және Бөкей Ордасы

2129 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Осы жылы XIX ғасырдың басында Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында құрылған Бөкей Ордасына 220 жыл толды. Сөз жоқ, Қазақ мемлекеттілігінің тарихында Бөкей Ордасының алатын орны орасан зор. Осы уақытқа дейін бұл саяси бірлестіктің құрылуының негізгі екі себебі айтылып келді. Біріншісі – XVIII ғасырдың соңғы жылдарында Кіші жүзде әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайдың мейлінше шиеленісуі болса, екіншісі – патша өкіметінің Қазақстанды отарлау саясаты.

Наполеон Бонопарт және Бөкей Ордасы

Қазақстанға алғашқы нарықтық қа­тынас белгілері осы хандық арқылы ен­­гені сөзсіз. Қазақтың ішінен тұңғыш еуропаша сауат алған Жәңгірдің ұсы­ны­сы­мен ұйымдастырылған алғашқы музей, архив, орыс-қазақ мектебі, жәр­­меңкелер XIX ғасырдың II жарты­сын­­да бүкіл Қазақстанда ашылуына ық­пал жасады. Жәңгір мектебінен бі­лім алған кейбір қазақтар кейін бүкіл Ре­сей­ге танымал тұлғаларға айналды. Со­­нымен қатар Бөкей Ордасындағы әлеу­­­меттік-экономикалық жағдайдың шие­ленісуі Исатай Тайманұлы мен Ма­хам­бет Өтемісұлы бастаған халық-азат­тық­ көтерілістің шығуына себеп болды. Бұл көтеріліс хандықтың іргесін шай­қал­тып, ақыры оның ыдырауына әкеп соқты.

Бөкей Ордасы құрылуының әлеу­мет­тік-экономикалық және саяси себепте­рі туралы көптеген зерттеулер ғылыми ор­таға белгілі. Алайда соңғы жылдарда сол Бөкей хандығы құрылуының сырт­қы факторларының да бар екені ту­ралы айтылуда. Біз қолда бар деректер не­гізінде осы мәселе жөнінде сөз қоз­ғамақпыз.

Тарихтан белгілі Кіші жүздегі хандық кеңестің төрағасы Бөкей сұлтан 1799 жылы Астрахань казак полкінің командирі пол­ковник Поповқа Еділ мен Жайық өзендері аралығында, 1771 жылға дейін қалмақтар жайлаған жерге қоныстануға рұқсатын алу үшін хат жазған. Бұған түрткі болған 1771 жылы «Шаңды жорық» ке­зінде қалмақтар бұрынғы жоңғар же­ріне қайтып көш­кенде, қазақтар орта жолда оларға соққы берді. Сол жылдың жазында Балқаш көлінің жағасында 100 мыңға жуық қазақ сарбаздары бас қосқаны да белгілі...

Кейін Ертістің сол жағында көшіп-қонып жүрген қазақтар 1788 бен 1798 жыл­дары Ресейден Ертістің оң жағына көшуге рұқсат алған. Осыны біліп отыр­ған Бөкей де әрекет жасады. Попов Астрахан­ның әскери губернаторы Кнор­рингке хат жіберіп, ал Кнорринг Бөкей сұлтанның бұл өтінішін І Павел патшаға жолдаған. Ресей императоры І Павел ­
1801 жылы 11-(24) наурызда Бөкей сұл­тан­ның басқаруында Еділ-Жайық өзен­дері ара­лығында Ішкі немесе Бөкей Ор­дасын құру туралы жарлыққа қол қойған.

Өкінішке қарай, сол күні түнде І Па­вел қастандықпен өлтірілген. 11(24) нау­рыз күнгі Петербургтегі оқиғаның, яғ­ни­ Ішкі Орданы құру туралы жарлыққа қол қойылуы мен императордың өлтірілуі арасында байланыс бар ма деген сұрақ­қа тарихшылар «бар» деп жауап беруде.

Енді осы мәселелерді ашып көрсетуге ниеттенсек, 1801 жылғы қаңтар айында Францияның Бірінші Консулы Наполеон Бонопарт пен Ресей императоры І-Павел арасында құпия келісімге қол қойылғаны тарихтан белгілі. Бұл келісім, шын мә­нінде, Франция мен Ресей арасында Ан­глияға қарсы әскери одақ құрылған болатын. Әскери одақ мемлекеттік құпия болғандықтан оның мазмұны 40 жылдан кейін ғана белгілі бола бастады. Бұл құ­пия келісім бойынша Франция мен Ресей Англияның отары Үндістанға әскери жорық жасайтын болды. Осы жерде Франция тарихын зерттеушілердің пікірлеріне құлақ түрсек, Ресей тарихшысы, академик Тарле «Дипломатия тарихы» деген кітапта орысша былай деп жазады: «Чтобы окончательно рассорить Павла с англичанами, Наполеон предложил царю стать великим магистром Ордена Маль­тийских рыцарей и «подарил» ему остров Мальту... Павел относился сочувственно к такому союзу, так как лелеял план нашествия франко-русской соединенной армий на Индию. Он уже распорядился о выступлений казачьих частей численностью в 24 тыс. человек в Среднию Азию для разведки путей в Индию...».

Осындай жағдайда Англияның Пе­тер­бургтегі елшісі Ч.Уитворт британдық дип­­ломаттардың көмегімен орыс пат­шасының көзін жою жоспарын жасап, Ольга Александровна Жеребцова деген әйелдің көмегімен, оның ағасы граф Платон Зубовпен, Никита Панинмен және басқалармен құпия байланыс орнатады. «Дүниежүзі тарихы» деп аталатын көптомдықтың авторлары да академик Тарленің пікірін қолдайды. Олар былай деп жазады: «Поэтому внешнеполити­ческие мероприятия усилили нарасстав­шее среди дворян недовольство и послужили толчком к организаций дворцового заговора. В нем участвовали вид­ные сановники и столичное офицерство: о заговоре знал и наследник престола Александр Павлович. Имел связи с заговорщиками и высланный Павлом І из России анг­лийский посол в Петербурге Ч.Уитворт. Павел был убит в Михайловском дворце в ночь на 12-е марта 1801 г. Преемником его стал Александр І (1801-1825)». Зерт­теу­ші ғалымдардың пікірінше І Павел­дің өлтірілуі мен оның Үндістанға әскери жо­­рық жариялауының арасында бай­ланыс бар.

1990 жылы Мәскеу қаласынан «Царе­убийство 11 марта 1801 года. Репринтное воспроизведение издания 1907 года» деп аталатын жинақ басылып шыққан. Жинаққа І Павелге қастандық жасалған кезеңде өмір сүрген адамдардың естелік­тері енгізілген. Жинақтан Ресей империя­сы мен Англия арасындағы дүниежүзін отарлау мақсатындағы өзара бақталастық туралы және 1801 жылғы 11 наурыздан 12 наурызға қараған түндегі император І Павелдің өлтірілуі туралы біраз адам­дардың естеліктерін оқуға болады. Солардың ішінде А.Саблуковтың естеліктері көңіл аударарлықтай. Онда мы­надай деректер айтылады: «1801 жыл­дың 12 қаңтарында Дон әскерлерінің атаманы Орловқа Дон казак әскерлерін бас­тап Үндістанға жорыққа аттануға бұйрық беріледі. Олар 1801 жылдың 18 наурызында Еділ өзенінен өтеді, бірақ осы жерде император І Павелдің қаза тапқаны туралы хабар келіп жетеді».

І Павелдің өлімі мен оның Үндістан­­­ғ­а жо­рыққа ұмтылуы туралы мәселені та­­­­рих­шы-өлкетанушы, халықаралық «Шың­­­ғыс хан» Академиясының академигі ­А.Оло­вин­цевтің де еңбектерінен көруге болады. Ол өз мақаласында «Император І Павел Үндістанға жорық жасауды қолға алды. Ол үшін казак әскеріне басшы керек болады. Императордың кеңесшілері оған Дон казагі Платовтың кандидатурасын ұсынады. Көп кешікпей Платов
І Павелдің алдына келтіріледі», деп жа­зады. 1801 жылдың қаңтар айында Пла­тов бастаған Дон казактары Үндістан­ға жо­рыққа аттанады. Алайда 23 наурыз­да оларға Петербургтен қуғыншы келіп ­же­тіп, І Павелдің өлтірілгендігін және оның орнына баласы І Александрдың импе­ратор болғандығын, оның казак­тардың Үндістанға жоры­ғын тоқтату туралы бұй­­рық бергенін жариялайды.

Тағы да бір деректерде Дон казактары­нан құралған 40 полк және қалмақ полкі 1801 жылдың наурыз айында Үлкен Ырғыз өзеніне жетеді. Бұл әскер одан әрі Хиуа, Бұқара арқылы Индияға жол тартуы тиіс болатын. Алайда 1801 жылғы 11 наурызда І Павелдің өлтірілуі бұл жос­пардың орындалуын тоқтатады. Олар елге қайтып оралады.

Келесі әңгіме Бөкей Ордасының құ­рылуы және оған Наполеон Бонопарттың қатысы туралы. Жоғарыда көрсетілген кітаптардағы естелік авторлары Бөкей Ордасының құрылуында Наполеон Боно­парттың рөлі болғандығы туралы сөз қозғайды. Тіпті, бұл шындықты Әулие Еле­на аралында (остров Святой Елены) ай­дауда болған кезінде Наполеон Бо­нопарт­тың өзі де мойындаған деп те айты­лады. Олардың пікірінше, Бө­кей Орда­сын құру – Наполеон Боно­парт­тың 1801 жылғы Үндістанға жорық жос­­парының бір тармағы. Дәлірек айт­қан­­да, Бөкей Ордасы император І Па­вел мен Францияның Бірінші Консулы Н.Бонопарттың 1801 жылдың қаңтар айын­да жасаған біріккен континентаралық стратегиялық жос­па­ры негізінде пайда болған. Екі ел бас­шы­ларының пікірінше Бөкей Ордасы – Үндістанға жорық жолында Ресей әскер­ле­рін азық-түлікпен қамтамасыз ететін алғашқы стратегиялық база болуы тиіс. Екін­ші, үшінші базалар Арал теңізі ма­ңайында, Хиуа хандығы жерінде орналасуы керек болатын.

Алайда Үндістанға жорықтың тоқ­та­ты­луына байланысты 2-3 базалар құ­рыл­май қалды. Ал І база, яғни Бөкей Орда­сы құрылып қана қоймай, 1809-1810 жылдардағы Ресей мен Франция ара­сындағы Орта Азияға бірлескен экспе­дициялар ұйымдастыру туралы құпия қол қойылған келісімге орай, І-Александр пат­шаның жарлығымен 1812 жылы Ресей құрамындағы хандық мемлекет болып қалыптасты.

Бұл жердегі тағы бір қызық жағдайды атап кетсек, Наполеон Бонопарт Бөкей хандығын құруға себеп туғызса, кейін Бөкей Ордасынан шыққан қазақ сарбаздары Ресей әскерлерінің қатарында Париж үшін шайқасқа белсене қатысып, ерліктерін көрсеткені тарихи парадокс.

Ресей империясы үшін Бөкей Ордасы құрылуының экономикалық және саяси тұрғыдан қажеттілігі соңғы 200 жылдан астам уақыт ішінде тарихта жан-жақ­ты жазылып та, айтылып та келеді. Дейтұрғанмен Франция императоры Напо­леонның 1801-1810 жылдардағы Орта Азия мен Үндістанға жорық жасау ба­рысында стратегиялық база ретінде Бөкей Ордасын құру туралы идеясы – әлі күн­ге дейін тиісті дәрежеде зерттеле қойған жоқ.

Бөкей Ордасы құрылуындағы сыртқы факторлар туралы сөз қозғаған кезде тарихшы Б.Аспандияров туралы айтпай кетуге болмайды. Ол 1947 жылы «Бөкей ордасының құрылуы мен жойылуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Өкінішке қарай, ғалымның бұл диссертациясы бекітілмей қалған. Оның себептерінің бірі 1950 жылғы «Правда» га­зетінде жарияланған «За марксистско-ленинское освещение вопросов истории Казахстана» деген мақаланың әсері еді десек, артық айтқандық болмайды. Осы мақала негізінде Қазақстандағы біраз тарихшылар, әдебиетшілер және басқалар қуғынға ұшырады, сотталып, жер аударылды. Ал Б.Аспандияров ҚазКСР Ғылым Академиясына қарасты Тарих, этнография және археология институтынан жұмыстан шығарылды.

2007 жылы Б.Аспандияровтың «Обра­зование Букеевской Орды и ее ликвидация» атты кітабы Алматы қаласында ба­сылып шықты. Біздің пікірімізше, бұл ең­бекпен танысқан тарихшының Бөкей Ордасының құрылу себептері туралы мә­селенің әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететіндігіне көзі жеткендей болады.

Қорыта келе, Үндістанға бірлескен әске­ри жорық жасау туралы орыс-француз келісіміне сәйкес Наполеон Бонопарт­тың идеясымен Еділ-Жайық өзендері­нің аралығында әскерлердің жолында стра­те­гиялық база ретінде Бөкей Ордасы құрылды. Бұдан шығатын қорытынды: 1801 жылы қаңтар айында «Үндістанға жо­рық» атты екі жақты келісімге қол қо­йыл­маса, онда әскерлердің тынығуы мен оларды азық-түлікпен қамтамасыз ету ба­ғытында құрылуға тиісті Бөкей Орда­сының дүниеге келуі де неғайбіл болатын.

Тағы бір қызығы – Наполеон мен Павел патшаның жоспары жүзеге ас­ты:1815 жылға дейін Бөкей Орда қазақ­тары 47,2 мың жылқыны майданға өткізді. Үндістанға жорық жасауға көмектеспесе де, Парижді алуға бұйыртты!!!

Мінеки, Еділ-Жайық өзендерінің аралығында Ресей империясы мен отар ел Қа­зақстан арасындағы буферлік мемлекет – Бөкей Ордасы құрылуындағы бас­­ты сыртқы фактор осындай. Бөкей Ор­дасы құрылуының 220 жылдығына орай біз өз пікірімізді жариялай отырып, осы мемлекеттің құрылуындағы сырт­қы факторды кеңінен ашып көрсету мақ­сатында Ресей, Франция және басқа да мемлекеттердегі архивтік деректер­мен толығырақ танысу қажеттігі туралы айтқымыз келеді. Тіпті Үндіс­тан­ға бірлескен жорық барысында стра­тегиялық база ретінде құруды ұсын­ған Наполеон Бонопартқа, сол базаны құ­рушы Бөкей ханға кезінде Бөкей Орда­сы­ның орталығы болған Бөкейорда аулын­да мемориалдық тақта қойса да артық болмайды деген пікірдеміз.

Бұл мәселені тереңірек зерттеп, бо­лашақта шығатын «Қазақстан тарихы» атты 7 томдық еңбекке қосу абзал. Сон­дықтан ғалымдардың назарын осы секілді тақырыптарға аударған жөн...

 

 *  *  *

...Ал көшiп барған қазақтардың қо­ныстанған аумағы 70 мың шаршы ша­қырым шамасында болды, Iшкi Орда батысында Астрахань, солтүстiгi мен шы­ғысында Саратов және Орынбор губернияларымен шектестi, оңтүстiгi мен оңтүстiк-шығысында Каспий теңiзi мен Жа­йық шекара шебiне барып тiрелдi. Әкiм­шiлiк тұрғысынан алғанда Iшкi Орда Орынбор шекара комиссия­сына бағынышты болды. 1801 жылы Жайық­тың оң жағасына 5 мыңға жуық отбасы көшiп барды. Олардың басым көп­шiлiгi таяуда ғана болып өткен көтерi­лiске қатысқандар едi. Сырым Датұлы қазақтардың Жайықтың оң жағалауына қоныс аударуына қатты қолдау көрсеттi. Ол тiптi халық арасында атақонысқа көшу жөнiнде ықпалды үгiт жүргiздi.

Кейін Жәңгір хан өзiнiң қол астын­дағы халықтың сауатын ашу, Еуропа мә­дениетi мен бiлiмiн енгiзу, өлкеде ислам дiнiн дамыту саласында қыруар жұмыс атқарды. 1835 жылы Жәңгiр хан­ның тiкелей нұсқауы бойынша ме­шiт ашылды, қазақ ауылдарындағы мол­далардың санын арттырды. Олар хат­шылық және рухани ұстаз мiндеттерiн қоса атқарды. Осы жөнінде Ресейдiң бегілі зерттеушi ғалымы А.Алекторовтың айтуына қарағанда, «хан бiрде-бiр рет на­мазын қаза қылмаған, жұма сайын­ сұлтандармен бiрге мешiтке барып тұр­ған, рамазан айындағы ораза кезiнде онда таң атқанша болып жүрген». Тіпті ол өз қаражатына дiни кiтаптар басып шығартты. Ал 1841 жылы ханның өз бас­тамасымен алғашқы зайырлы мектеп ашылды, онда орыс, араб, парсы тiл­дерi, сонымен қатар математика, гео­графия,тарих, дiнтану пәндерi де оқы­тылды. Ол мектептiң бүкiл шығынын өз қаржысының есебiнен өтеген, қазақ балаларының Ресейдiң мықты оқу орындарында оқуын жақтап қана қойған жоқ, сонымен қатар балаларды Санкт-Петербургте, Мәскеуде, Астраханда, Саратовта, Қазанда және Орынборда оқытуға жеке өзi көп күш-жiгер жұм­сағаны тарихтан белгілі. Мәселен, өзiнiң қол астындағы халықтың дарынды балаларын оқыту үшiн Орынбордағы Неп­люев кадет корпусынан 10 орын бе­рi­луiне қол жеткiзген, Бөкей Ордасына ба­рып оқығандардың бiрқатары кейiнiрек көр­нектi инженерлер, орманшылар, әскери қызметшiлер, ғалымдар ретiнде даңқ­қа бөлендi... Жәңгiр хан барлық жерде iс қағаздарын жүргiзу тәртiбiн енгiздi, жеке өзiнiң архив қызметiн құрды, ден­саулық сақтау саласында хан жұқпалы ауруларға қарсы егу практикасын енгiздi. Ханның күш-жiгер жұмсауы арқасында Iшкi Ордада аурухана және дәрiхана ашылды,  ол бiрiншi болып Iшкi Орда­ның топонимикалық және география­­лық картасын жасап, қару-жарақ палата­сын ашу жөнiнде де бастама көтердi. Онда сирек кездесетiн қару-жарақ түрлерi, соның iшiнде орыс патшаларының қа­зақ хандары мен сұлтандарына сыйға тар­т­қан мылтықтары мен қылыштары да болды, қымбат бағалы, әшекейлi ер-тұрмандар, ат әбзелдерi, жүгендер, са­уыттар, дулығалар, қалқандар сақталды. Қару-жарақ палатасында Жәңгiр хан өзi бас болып, экскурсиялар өткiзiп тұрды, тiптi Хан ордасы жанындағы мектептiң оқушыларынан өзi емтихан қабылдап та жүрдi. Белгiлi зерттеушi М.С. Бабажанов хан­ның енгiзген жаңалықтары туралы былай деп жазды: «Петербург, Орын­бор, Мәскеу, Астрахань және Саратов қала­ларына барған сапарларында хан өзiмен бiрге бiраз адамды жанына ертiп жүрдi. Ондағы мақсаты – өзге елдiң же­тiстiктерiн қазақтарға өз көздерiмен көр­сету. Хан Ордаға ағаш шеберлерiн, ал­тын-күмiс зергерлерiн, темiр ұсталарын шақыртып, қазақ балаларын шәкiрттiкке бердi». Хан мерекелерде Ордада отшашулар ұйымдастырды, хайуанаттар бағын шақырды. Ол үйiне бильярд орнатты. Ордада iшiмдiк iшуге үзiлдi-кесiлдi ты­йым салды. Бөкей Ордасының билеушiсi көшпелi қазақтардың отырықшылық өмiр салтына көшуiн қолдап, көтерме­леп отырды, шөп шабуды үйреттi. Мал тұ­қымын асылдандыру iсiне де белсене араласты: осы мақсатпен Кавказдан және орыс зауыттарынан асыл тұқым­ды жылқылар алдырды. Олардың бiрқа­тарын төңiрегiндегiлерге сыйға тартты. Ресейдiң еуропалық бөлiгiнен ауыл шаруашылық құрал-саймандарын көп­теп жеткiзуге нұсқау бердi. Жәңгiр ағаш отырғызу iсiне көп көңiл бөлдi: оның тiкелей нұс­қауы бойынша 50 мың гектар жерге ағаш отырғызылып, кө­галдандырылды. Сөйтiп, бiр кездегi құм басқан шөл дала гүлденген алқапқа айналды... Аталған шаралардың арқа­сында Ордада қылмыс жасау деген атымен болған жоқ. Мәселен, 1889 жылы Бөкей Ордасында бiрде-бiр iрi қылмыс оқиғасы тiркелмеген. Бәрінен де қымбаты – осы өңірде ресми түрде Қазақ хандығы 1845 жылға дейін өмір сүрді...

 

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,

ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор,

Аманкелді Шамғонов,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қауымдастырылған профессоры