Тарих • 11 Шілде, 2021

Атырау өңірінде байлардың мал-мүлкін тәркілеу қалай жүргізілген?

2707 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ халқының көрмеген құқайы жоқ. Небір зұлматты бастан кешті. Соның ішінде ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы ашаршылық қазақ даласының әр қиырын шарпыды. Алайда оның зардабы әлі толық зерттеліп болған жоқ. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахметпен әңгімеде бұрынғы Гурьев округіндегі байлардың мал-мүлкін тәркілеу мәселесі қамтылып отыр.

Атырау өңірінде байлардың мал-мүлкін тәркілеу қалай жүргізілген?

– Аққали Қабижанұлы, қазақ хал­қын ауыр азапқа ұшыратқан ашар­шы­лық қалай басталған?

– Қазақ өлкесін басқарған Ф.Голоще­киннің 1925-1933 жылдардағы саясатын Л.Троцкий: «Голощекин орыс деревняларында әлеуметтік келісімді уағыздап, ал қазақ ауылдарында азаматтық соғыс­ты қоздыруда» деп сипаттады. 1932 жылы жазушы М.Шолоховтың «хуторларда әйдік соғыс жүріп өтті» деп жазғанында шындық бар. Ф.Голо­щекиннің Орталық Комитетке жазған мәлімдемесінде «қазақтардың ұжымдық шаруашылыққа өтудің ерекше қиын және күрделі жағдайында тіршілік етуге қабілетсіздігінде... Бұл қожалықтар өздерінің мал басын жойып, бір бөлігін мемлекеттік дайындауға өткізіп, бір бөлігін жыртқыштықпен жоюда» деп жазды. Ол ұжымдастыру кезіндегі асыра сілтеуді, шолақ белсенділердің солақай саясатын, мал дайындау мүмкіндігі ескерілмегенін мүлдем қаперіне алмады.

Кеңес өкіметінің жүргізген саясаты­ның салдарынан ата-баба тарихында мыңдаған жыл бойы көшіп-қонып жүрген, жеке мал шаруашылығымен айналысқан халқымыздың тұрмысына күрделі бетбұрыс жасалды.

Жалпы, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында қолға алған саясатының бірі – көшпелі халықтарды отырықшылыққа көшіру, бұл үшін әлділерді тәркілеу. Әлді шаруашылықтарды тәркелеу халықты жаппай ашаршылыққа алып келген жағдайдың алғы шарттарының бірі деп қарастыруға болады. 1928 жылдың 27 тамызында Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің «Ірі бай­лар шаруашылығы мен жартылай фео­далдардың шаруашылығын тәркілеу мен жер аудару туралы» декреті қабылданды. Бұл декретке сәйкес байлар мен жартылай феодалдардың мал-мүлкі, байлығы тәркіленіп, өздері отбасымен бірге жер аударылды. Тәркілеу туралы заң бойынша малы, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байлар мен жартылай феодалдардың қатарына көшпелі аудандарда малы 400-ден асатын (ірі қараға шаққанда), жартылай көшпелі аудандарда 300-ден асатын, отырықшы жерлерде 150, кейде 100 малы бар сұлтандар мен хандардың ұрпақтары, ел билеген болыстар, атқамінерлер жатқызылды. Осы декрет негізінде сол жылдың күзінде қазақ өлкесінде 696 ірі бай мен жартылай феодалдың мал-мүлкі тәркіленіп, зор­лықпен тартып алынды. Байларды тәркілеу үлкен зұлымдықпен аяусыз жүргізілді. Бір өкініштісі, байлардың қатарында солақай саясаттың салдарынан көптеген орта шаруа қосылып кетіп, тәр­кілеуге ұшырады. Тәркілеу науқаны Атырау өлкесінің барлық ауданын шарпыды.

Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қорында Атырау облысы­мен қатар, басқа да өңірлерде тәркі­леудің қалай жүргізілгені туралы құжат­тар сақталған. Бұрынғы Гурьев округінде байларды тәркелеу 1928 жылдың 6 қыркүйегінде басталыпты. Округ аумағында ірі байлардың мал, дүние-мүлкін тәркілеу мақсатында құрамында 5 мүшесі бар округтік комиссия құрылған. Ж.Мыңбаев – комиссия төрағасы, Орталық атқару комитетінің өкілі, Мартынов – комиссия мүшесі, Мемлекеттік саяси басқарма (ГПУ) бастығы, Жиенбаев – комиссия мүшесі, жерге орналастыру бөлімінен, Сағындықов – комиссия мүшесі, «Қосшы» Одағының төрағасы, Төрешев – комиссия мүшесі, Жер-орман басқармасының төрағасы, Дауылбаев – округ прокуроры (кеңесші дауыс­пен). Құрылған комиссиялар аудандар аумағындағы ірі байларды тәркілеу жұмысына қатысып, ауылдарда түсінік, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Заң бойынша тәркілеу туралы ше­шімді ауылдың кедей-малшыларының жиыны анықтады. Бастапқыда Қазақ өлкелік комитеті Гурьев округі бойынша 40 шаруашылықты, оның 35-ін бірінші топқа, 5-уін екінші топқа жатқызып тәркілеуді жоспарлаған.

– Байлардың малын тәркілеу қалай жүргізілген?

– Байлардың малын тәркілеу «Асыра сіл­теу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұстаныммен жүргізілді. Әр ауданда жиындар өткізіліп, байлардың іс-әрекеті «әшкереленіпті». Мәселен, Новобогат ауылында жергілікті бай Ерғали Жармағанбетовтің мал-мүлкін тәркілеуге байланысты өткен жиында кедей Жақып Жантазиев: «Мені 1916 жылы старшын болып тұрған ке­зінде тылдың қара жұмысына тіркеу тізіміне жазды. Бір өгіз, 5 рубль ақша, бір мая шөп, яғни пара беріп қалдым», деген. Ол байды тап жауы ретінде тәркілеуді ұсынған. Оны орташа шаруа Бекмұхамедов те қолдаған.

Қаңбақты ауылында тағы бір бай – Смадьяр Исмағұловтың дүниесін тәркілеу кезінде Демен Көбусынов 1916 жылы патша үкіметі органдарына қазақ жігіттерін тыл жұмысына алуға көмектескенін, Уақытша үкімет органдарына материалдық көмек көр­сет­кенін айтқан. Бақташы Сүндет Алда­бергеновтің баяндауынша, аяғы үсіп, мүгедек болып қалғанда емделу үшін көмек сұраған. Сол кезде байдың сабағанын, өзінің малын Дауытов дегеннің атына жазып, бөлшектеп таратқанын, салықтан жалтарғанын, тәркілеуден 95 қойын жасырғанын келтірген. Барлық ауданда байлардың мал-мүлкін тәркілеу кезінде жиындар өткізіліп, кедейлер тарапынан қолдау тапқанын архив құжаттары нақтылай түседі.

– Мұндай тәркілеу жергілікті тұр­ғын­дар­ға қалай әсер етті? Тұр­ғындар тәркі­леу­ді қолдады ма, әлде оған қар­сы болды ма?         

– Байларды тәркілеуді тұрғындардың бәрі дерлік қолдады десек, артық айтқан болар едік. Бұған дәлел ретінде мынадай деректерді келтіре аламыз. Мәселен, Теңіз ауданында өткен жұмысшылардың жалпы жиынында №30 мемлекеттік балық тресінің есепшісі Аполихин комиссия өкілдерінің жұмысын тонау­шылық деп бағалап, жұмысшылар мен кедейлерді тәркілеуге қарсы болуға ашық шақырған. Кейін ол жауапқа тартылған. Ал Новобогат ауданының Бегайдар ауы­лында жергілікті тұрғындар бай Жұмағали Жанғожиннің өздерін бандылардан қорғағанын алға тартып, оны қорғап сөйлеген. Сөйтіп, Ж.Жанғожинді тәркілеуге қарсылығын білдірген.

Сондай-ақ Арыстанғали Бисалиевті 67 адам қол қойып, ұйымшылдықпен қорғаған. Осы ауданның Қаңбақты ауыл­дық кеңесінің төрағасы Ықыласов пен аудандық комиссияның өкілі Т.Ал­доңғаров жергілікті байлар С.Исмағұлов пен М.Омаровтың малын әдейі таратқаны үшін істері сотқа беріліп, қызметтерінен шеттетілген. Сөйтіп, өлкемізде байларды тәркілеудің нәтижесінде 24 байдың 20-сы атақонысынан – Петропавлға, үшеуі – Қазақстан территориясынан шет­кері елге, біреуі округ аймағынан тыс тұр­ғы­лықты мекенді таңдау құқығымен жер аударылған. Қазақстан аумағынан тыс жерге Теңіз ауданынан тәркілеуге ұшы­раған Қ.Танашев, Қ.Құрманбаев, Қызыл­қоға ауданынан Ж.Жұлдызов айдалды. Сондай-ақ Новобогат ауданының байлары  М.Омаров пен С.Исмағұлов әкімшілік күштеу арқылы жер аударылып кеткен. 

– Атырау өңіріндегі тәркілеуден жи­налған мал қайда жіберілген?

– Байлардан тәркіленген малдың нақты есебін білу әзірге мүмкін болмай тұр. Бірақ тәркілеуден жиналған малдың есебінен 24 ұжымшар ұйымдастырылды. Алайда байлардың алдымен жерін, одан соң малы мен ауыл шаруашылық құрал-жабдықтарын тартып алу тиіс­ті нәтиже бермеді. Керісінше кедей шаруа­шылықтарын нығайту ісі ұзаққа созылып кетті. Байлардың дүние-мүл­кін тәркілеу кезінде адам құқы мен заңдылық өрескел бұзылды. Қазақ ұлты­на жасалған осынау нәубетке саяси баға берілуі керек.  

 

Әңгімелескен Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Атырау облысы