Әдебиет • 12 Шілде, 2021

«Артық сыр жоқ жасырар осы менде»

513 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше ғана арамызда ойнап-күліп жүрген, бүгінде ордалы орны ойсырап тұрған асыл дос, айнымас жолдас, арқалы ақын, ойы алымды, қаламы қарымды журналист, шебер аудармашы, әдебиет зерттеушісі, тіл қайраткері, бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» талант Зейнолла Әкімжанов тірі болса, 70 жас мерейтойын тойлап, ортамызда отырар еді-ау! Былтыр қапылыста мәңгілікке көз жазып қалған әріптесіміз жайлы өткен шақпен сөйлеу өте ауыр. Тек «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, артына өшпес із, өлмес мол мұра қалдырғаны– медеу.

«Артық сыр жоқ жасырар осы менде»

«Көңілімнің боздады бозінгені,

 Ешкім бірақ мұңыма көз ілмеді.

Түн баласы түсіме кіріп жүрсің,

Қайран муза, жебеші өзің мені!»

деп, шалқар шығармашылық, қуатты қалам иесі ақтарыла жырлағандай, ол поэзияны өлермендік емес, киелі өнер деп ұқты. Құдай да сүйікті пендесіне несібесін аямай береді деген сөз бар. Табиғи талантымен оқырмандарын тамсандырар, сүттей ұйытар небір кестелі жырлар, шымыр шумақтар бұлақ болып бұлқынып, ақтарыла құйылды. Жастайынан Мағжанның лирикасына шөліркеп өскен Зейнолла бейкүнә бала құсап айға қарай ұмтылып, құлаш ұрды. Биікке самғады. Ғафу Қайырбеков, Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Берді­баев секілді ел ағаларының көрсет­кен сенімдері мен берген баталары шабытына шабыт қосып, өлең өлкесінде жасындай жарқырай көрінді.

Оның қаламынан «Кебек батыр», «Бөгенбай батырдың қызыл аты», «Кенеса­рының соңғы әні», «Сегіз сері», «Анамның арашасы» сияқ­ты кесек туындылар, қара сөзбен жазыл­ған «Шебер» поэмасы туды. Аудар­маларының өзі неге тұрады?! Екінің бірі­нің тісі бата бермейтін Сергей Есенин­ді, Николай Гумилевты, Марина Цветае­ваны тәржімалады. Танымал жерлес қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сафуан Шаймерденов соңынан ерген інісінің шыққан биігіне қуанып, жылы лебізін білдірді. «Сенің бойыңдағы адалдығың, әділдігің, шыншылдығың жырларыңнан жаздай жарқырап, да­рыныңды айғақтап тұратынына ана бір жылы қолыма тиген «Жерұйық» атты жинағыңнан көзім жеткен. Сезім мен шабыт шалқытқан жырларыңа ғұмыр­лық бақыт тілеймін!», деп жазды.

Зекеңнің айшықты қолтаңбасы, өзіндік жазу мәнері «Жерұйық», «Мизам­­шуақ» жыр кітаптарында айқын байқа­лады. Сөздің киесін, қасиетін жүрек лүпілімен сезіне отырып, ойын көркем кестелейді. Төгіле жырлайды, оқырманын бейжай қалдырмайды. Оған «Қызара батқан күн қандай», «Ұқсайды аспан тозған кездемеге», «Мың жылдық жара», «Беу, менің Күншығысым», тағы басқа өлеңдері дәлел.

Айтулы азаматтың айтыстың ақбере­ні, арқалы айтыскер атанып, талай дода­ларда, сондай-ақ мүшайраларда топ жарғанын, ал өткір мәселелерді өзек еткен публицистикалық шығар­маларында ұлттық рух, қазақы намыс, ана тіліміздің тағдыры басты тақы­рып болғанын айта кеткен жөн. «Абылайдың ақ үйі» мақаласында үлкен мәдени орталықтардан шалғай, тысқары жерлерде орналасқан му­зей­­лердің сиқы қашып тұрғанын ай­та келіп, облыс орталығында бір ор­талықтандырылған ұлттық бірлестік құру, бұл салада ғылыми жұмыстармен айналысатын, ғылыми дәреже иеленген тарихшы мамандардың тапшылығы, экспонаттардың жұтаңдығы жайлы байыпты байлам жасайды. Бұл мәселе әлі де өзектілігін жойған жоқ. «Ұлы бабаның бейнесі» публицистикалық туын­дысынан Зекеңнің қайраткерлік тұлғасының бір қырын тануға болады. 2001 жылы дауылпаз жырау Қожа­берген Толыбайсыншыұлының екі жылдан соң атап өтілетін 340 жылдық мерейтойы қарсаңында бабамыздың портретін салу ауқымды іс-шаралардың бірі ретінде қарастырылады. Арнайы топ Жамбыл ауданы Айымжан ауылында болып, Қожаберген әулетінің келіні болып табылатын кейуанамен кездесіп, сұхбаттасқанмен, «Сегіз сері Қожабергенге ұқсайтын көрінеді» деген қысқа қайырымнан әрі аса алмайды.

«Бір күні «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері мен бір топ ақсақалды облыс әкімінің орынбасары, ұлтжанды азамат Қуат Есімханов жинап, жыраудың портретін салу әңгіме арқауына айналды. Ордабасының жүзі қайырымды, сонымен бірге қайсар, рухты болуы керектігі талап етілгенімен, суретшілердің сал­ған портреттері көңілден шықпады. Қыл­қалам шеберлері арасында ең танымал әрі беделді Анатолий Бургаевты Қуат Есім­ханұлы оңаша алып қалып, біраз сөйлесті. Ол сыртқа шыққан соң екеуміз оның К. Сүтішев көшесіндегі шеберханасына келдік. Бет-жүзінен қиналысы, тұйыққа тірелгені айтпай-ақ сезіледі. Менімен бүкпесіз, ашық әңгімелесуіне респуб­ликалық көрмелерге ұсынылған ұлт­тық нақыштағы портреттеріне, кес­кіндемелдеріне бір-бір шумақтан өлең жазып бергенім себеп болған сияқ­ты. Шамам жеткенше Қожаберген жырау­дың барша қазақстандықтардың ұлы тұлғасы, Тәуелсіздіктің ту ұстаушысы екенін зердесіне құйғандай болдым. «Бұл портрет тарихи туынды болып қалатындай салынуы тиіс», деп ескертті қоштасарда ол. Бірде телефон соғып, келуімді өтінді. Бардым. «Уақыт таяп қалды. Ең алдымен өзіңе көрсетейін деп едім. Бірнеше суреттің нобайын салдым. Бірақ көңілімнен шықпайды. Бірдеңе жетіспейтін секілді. Кеше оқыған кітабымда суретшінің тұлғаның суретін кейінгі ұрпақтарына қарап салғанын оқыдым дегенде, менің есіме бабамызбен аталас ағайынды екі жігіттің фотосы бар екені сап ете түсті. Айтып едім, тезірек әкелші, деп қуанып кетті. Арада біраз уақыт өткенде салған портретін Қосыл Әбдірахманұлы екеумізге көрсетті. Қожаберген жыраудың бүгінгі портреті – сол. Портретті облыс әкімі Қажымұрат Нағ­манов құптап, Ұлттық ғылым академиясы мен Суретшілер одағы авторлық құқығын бекітіп берді. Жыраудың мерейтойы тойланған күндері Анатолий Бургаев салған портрет асқақтап тұрды. Оның негізгі нұсқасы облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында сақтаулы. Өкінішке қарай, кейбір оқу орындарында, мекемелерде Қожабергенді өз­дерінше кейіптеген, көркемдік деңгейі сын көтермейтін суреттер де кездесіп жүр», деп түйіндейді автор.

Егемендігіміздің елең-алаң шағында елдің өтінде, шекараның шетінде тұрған Қызылжар өңірінде саяси күрес қызып, ел, жер жайы тайталасқа түскен сын мезетте екі тілге жүйрік әріптесіміздің азаматтық қайраткерлігіне, ұлтжанды іс-әрекеттеріне талайлар куә. «Қазақ тілі» қоғамын құру, ұлттық мектептер мен балабақшалар ашу жолындағы белсенділігі өзгелерге үлгі болды. Шын­­дық үшін шырылдап, ақиқат үшін алысқан жанкешті қимылы талай сепаратистердің тау қопарғандай екпі­нін басты.

Зекеңнің бөле-жара айтатын қа­сиет­терінің бірі – зор энциклопе­дия­лық білімділігі, жадының ерекше мықты­лығы, жан-жақты ізденімпаздығы, маман­­­дығына деген адалдығы. Облыс­тық «Ленин туы» (қазір Soltustik Qazaqstan) газетінде тапжылмастан 43 жыл тынымсыз еңбек етіп, қатардағы әдеби қызметкерден редактордың орынбаса­ры лауазымына дейін көтерілді. Әріп­тестері оны спортшы, кәсіби спорт журналисі ретінде де құрмет тұтты.

«Көрінсе де өзгеше, тосын елге,

Артық сыр жоқ жасырар осы менде.

Ақынмын деп бағамды өсірем бе,

Тарта алмаса биіктеп көшім өрге?!

Боламын деп талпынбай ұлық кенен,

Өмірімді өзімше сүріп келем.

Беу, жан досым, ендеше сыр ұқ менен,

Жақсы екен-ау сырыңды ірікпеген»,

деген кіршіксіз көңіл тазалығы жарқырап тұра берері анық.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

журналист

 

Солтүстік Қазақстан облысы