Аймақтар • 12 Шілде, 2021

Жастарға жайлы баспана

392 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда бірнеше атыраулық баспана бақытына бөленді. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов медицина, білім және мәдениет саласының бір топ жас маманына қызметтік пәтер кілтін табыстады.

Жастарға жайлы баспана

– Пандемия баршаға оңай тимегенін білеміз. Соған қарамастан, мұғалімдердің ерен еңбегінің нәтижесінде оқушылар үздік нәтижелерге қол жеткізіп, білім және ғылыми конкурстарда жүлделі орындар алып жүр. Ал биыл Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы халықаралық бай­қауларда екі мәрте бас жүлдені иеленді, – дейді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Қызметтік пәтерге ие болғандар арасында Атырау қаласындағы №17 мектеп-лицейінде технология пәнінен дәріс беретін Жадыра Наурызбаева, облыстық балалар ауруханасының нейрохирургі Шодиер Арипов, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Мұқанғали Томанов пен актер Бекет Зинуллин бар.

– Мен алыс ауылда дүниеге келген едім. Бала күнімнен өнерге құштар болып, актерлікті таңдадым. Енді мі­не, еңбегім еленіп, баспанаға ие бол­ғаныма қуаныштымын, – дейді Бекет Зинуллин.

Облыс әкімінің айтуына қарағанда, биыл өңірге жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың келуі күтіліп отыр. Оларға қызметтік 15 пәтер бөлініпті.

Өңірдің мұнай-газ өнеркәсібіне ма­ман даярлайтын оқу орнының бірі – С.Мұқашев атындағы жоғары поли­тех­никалық колледжі. Елорда күні қарса­ңында аталған колледждің де жаңа жатақханасы ашылды. Облыс әкімі Ма­хам­бет Досмұхамбетовтің айтуынша, бұл жатақхана Елбасының «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасын іске асыру аясында бой көтерген.

– Елімізде әлемдік стандарттарға сәй­кес білім беруді қалыптастыру үшін студенттерге қолайлы жағдай жасау қолға алынып отыр. Соған байланысты өңірде студенттер үшін жаңа жатақханалар бой көтерді. Бұған дейін үш колледждің жатақханасы пайдалануға берілді. Бұдан былай 150 орындық жаңа жатақханаға орналасқан политехникалық колледждің студенттері де алаңсыз білім алады, – дейді облыс әкімі.

Колледж директоры Бағыт Шеркешбаеваның мәліметінше, бес қабатты жатақхананың жалпы ауданы – 720 шаршы метр. Жатақхананың «А» бло­гында­ғы 125 орынға студенттер орналасады. Ал «В» блогындағы 25 орын оқытушылар­ға арналыпты.

– Жатақхана бөлмелері секцияларға бөліген. Әр қабатта оқу кабинеттері, ас үй, асхана, кір жууға, киім үтіктеуге ар­налған бөлмелер, үстел ойындарының бұрышы орналасқан. Ал бірінші қабатта фитнес, йога залдары, кітапхана, дем­алыс бөлмесі, интернетке қосылған коворкинг-орталығы бар. Мұнда қауіп­сіздік үшін бейнебақылау желісі орнатылды, – дейді Бағыт Шеркешбаева.

Жаңа жатақханаға алғашқылардың қатарында орналасқан студенттің бірі – Сайполла Бектас. Қазір ІІІ курста оқитын студент Исатай ауданынан келіпті.

– Екі жыл бойы пәтер жалдап тұр­дық. Пәтер жалдау үшін ай сайын 70 мың теңге төледік. Енді колледждің жа­тақханасында тұрамыз. Жатақхананың жайлылығы ұнады. Бос уақытымызда спортпен шұғылдануымызға мүмкіндік жасалып отыр, – деп қуанышымен бөлісті С.Бектас.

Студенттердің жайлы мекеніне айналатын жатақхананың құрылысын «АС-құрылыс» ЖШС жүргізіпті. Серіктестік директорының орынбасары Нұрлан Дилхановтың айтуынша, ғимараттың жалпы құны 670 млн теңгені құраған.

 

Атырау облысы