Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
«Ішкі істер министрлігі үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, өткен жылдың қазан айынан бері азаматтығы белгісіз адамдарды анықтау және құжаттандыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Осындай акция барысында 4636 құжатсыз адам анықталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері 3 408 адамның құжаттарын қалпына келтіріп, 1 278 адамға қатысты азаматтық растау рәсімін аяқтап жатыр. Айта кетерлік жайт, жыл басынан бері адам саудасымен байланысты 103 қылмыс тіркелді», деді ведомствоның баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Оның ұсынған мәліметі бойынша, аталған 103 қылмыстың 61-і өндіріспен аяқталып, сотқа жолданған.
«Қазіргі уақытта сот 9 адамға қатысты айыптау үкімін шығарды. Тағы 42 іс тергеу сатысында болса, 9 адам түрлі мерзімге сотталды. Еңбек және жыныстық құлдықтан 19 адам құтқарылды. Бұдан басқа «Мигрант» және «Заңсыз иммигрант-2» жедел іс-шарасы барысында 14,5 мыңнан астам көші-қон заңнамасын бұзу жағдайы анықталды», деп түсіндірді Шұғыла Тұрлыбек.
Министрліктің дерегі бойынша күзден бері шетелдіктердің еңбегін заңсыз пайдаланудың 3 666 фактісі тіркелген.
«Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзған 987 шетелдік елден шығарылды. Шетелдіктер туралы полицияға хабарламаған 823 жұмыс беруші мен 5 966 азамат жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде, полиция іздеуде жүрген 112 қылмыскерді ұстап, заңсыз көші-қон ұйымдастырудың 33 фактісін анықтады», деп қорытындылады ІММ баспасөз өкілі.