34 жастағы Джоковичтің осы межеге жеткеніне ешкім таңдана қоймағаны рас. Себебі, ол бүгінгі таңдағы әлемнің бірінші ракеткасы. Оның үстіне, сербиялық саңлақ бұған дейін дәл осы турнирде бес рет бас жүлдені олжалаған. Сондай-ақ, «Үлкен дулыға» санатындағы басқа да жарыстарда сан мәрте теңдессіз деп танылды.
Ал Берреттинидің ондай толағай табыстарымен мақтана алмасы анық. Десек те, соңғы кездері ол да өрелі ойын өрнегінмен көзге түсіп жүр. Әлемдік рейтингте 8-орында тұрған 25 жастағы Аппеннин түбегінің түлегі осы турнирде аргентиналық Гидо Пелья, нидерландтық Ботик ван де Зандсхулл, словениялық Аляж Бедене, беларуссиялық Илья Ивашко, канадалық Феликас Оже-Альясим және польшалық Хуберт Хуркачты қапы қалдырды. Шынын айту керек, олардың ешқайсы да үздіктер санатында емес. Бірақ финалда Маттео Берреттинидің даңқты Новак Джоковичке әлі жетпеді. Ақтық сайыс 6:7, 6:4, 6:4, 6:3 есебімен төрткүл дүниенің теңдессіз теннисшісінің пайдасына шешілді.
Еске сала кетсек, «Уимблдонның» ерлер сайысында Қазақстанның екі ойыншысы ғана өнер көрсетті. Олар – Александр Бублик пен Михаил Кукушкин. Алғашқы айналымда қос жерлесіміз өзара күш сынасып, алғашқысы жеңіске жетті. Одан кейін болгариялық Григор Димитровты ұтқан Бублик үшінші кезеңде польшалық Хуберт Хуркачқа есе жіберді.