Коронавирус • 12 Шілде, 2021

«Қызыл аймақтағы» өңірлерде карантиндік шектеулер күшейтілді

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қызыл аймақтағы» өңірлерде карантиндік шектеулер күшейтілді

Отырыс барысында негізге алынған мәселелер Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде коронавирус инфекциясына қарсы күрес бойынша шешімдер қабылдау үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қойған тапсырмаларына қатысты болды.

Вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде келесі міндеттерді жүзеге асыруды жүктеді: коронавирусқа қарсы іс-қимыл шараларын түбегейлі қайта қарау стратегиясын әзірлеу, ағымдағы жылдың 19 шілдесіне дейін шағын және орта бизнес қызметкерлеріне вакциналау жүргізудің нақты мерзімдерін қайта қарау және белгілеу, «Pfizer» компаниясымен келісімге қол қою жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және вакцинаны жеткізу туралы келісімшарт жасасуды қамтамасыз ету, ағымдағы жылдың 19 шілдесіне дейін міндетті вакциналауға жататын қоғамның тіршілік ету салаларын анықтау, ПТР-тестілеудің бірыңғай базасына ұқсас вакциналаудың цифрлық картасын іске қосу мәселесін пысықтау, ағымдағы жылдың 19 шілдесіне дейін «Ashyq» сияқты цифрлық шешімдерді белсенді пайдалану басымдығымен мобильді мониторингтік топтардың жұмысын қайта форматтау бойынша ұсыныстар енгізу, эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, медицина қызметкерлерін қолдау және ынталандырудың қолданыста болатын қағидаларын әзірлеу және бекіту, жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттерді оқытудың дәстүрлі нысанын қайта бастау кезінде педагогтер мен оқушылардың денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты ведомствоаралық комиссия «қызыл аймақтағы» өңірлерде карантиндік шектеулерді күшейту бойынша бірқатар шаралар тізбегін қабылдады.

«Ashyq» жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда, қалааралық, облысішілік, қалалық тұрақты және тұрақты емес (туристік) автобус және шағын автобус тасымалдары, жабық жағажайлар мен аквапарктардың қызметі тоқтатылатын болады. Демалыс және мереке күндері қоғамдық көліктің, «Ashyq» жобасына қатысушыларын қоспағанда, қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысына тыйым салынады.

Сонымен қатар, «Ashyq» жобасына қатысатындарын қоспағанда, фитнес орталықтардың, фитнес клубтардың, йога орталықтарының, спорттық-сауықтыру объектілерінің, сауналардың, СПА-орталықтардың, бассейндердің, инотеатрлардың, театрлардың, концерт залдарының, филармониялардың, компьютерлік клубтардың, боулингтердің, бильярдтардың, караокелердің, көрмелердің де қызметі тоқтатылады.

«Ashyq» жобасына қатысатын ашық базарларды, жәрмеңкелерді қоспағанда, ауданы 2000 м2 дейінгі азық-түлік емес тауарларды өткізу объектілерінің саудасына шектеу қойылып, спорт объектілері (спорт кешендері, спорт мектептері, спорт клубтары, жаттығу залдары), білім беру орталықтары, балалар мен ересектерге арналған үйірмелер, балаларды дамыту орталықтары да жұмыстарын тоқтату керек.

«Ashyq» жобасына қатысатын фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, йога-орталықтардың, спорттық-сауықтыру объектілерінің, сауналардың, СПА-орталықтардың, спорт объектілерінің, бассейндердің жұмыс күндердегі жұмысы сағат - 20.00-ге дейін, фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, йога-орталықтардың, спорттық-сауықтыру объектілерінің, сауналардың, СПА-орталықтардың, спорт объектілерінің, бассейндердің жұмысы сағат - 18.00-ге дейін, «Ashyq» жобасына қатысуына қарамастан, ОСО, сауда үйлерінің, сауда желілерінің, сонымен қатар «Ashyq» жүйесіне қатысатын қоғамдық тамақтану нысандарының, фудкорттардың жұмысы сағат - 20.00-ге дейін, ал «Ashyq» жүйесіне қатыспайтындардың жұмысы - сағат 18.00-ге дейін қысқартылады.

Отырыс соңында вице-премьер мемлекеттік органдар мен өңір әкімдеріне түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ халықты коронавирусқа қарсы вакциналаумен қамтуды арттыруды тапсырды.