Аймақтар • 13 Шілде, 2021

Талғарлық тұрғын өз ауылдасын пышақтап тастады

461 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының Талғар ауданында 53 жастағы жергілікті тұрғын өз ауылдасын пышақтап өлтірді. Көмекке келген кішкентай баланы да ол пышақпен ұрған. Ауыр жарақат алған баланың өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Талғарлық тұрғын өз ауылдасын пышақтап тастады

Бұл оқиға туралы алдымен Талғар ауданына қарасты Космос ауылының тұрғыны әлеуметтік желіде жазған. Бүгін облыстық Полиция департаменті ақпаратты растады.

Оқиға 11 шілдеде болған. Күдікті – 53 жастағы ер адам (бұрын анасын өлтіргені үшін сотталып, ұзақ жыл түрмеде жазасын өтеп шыққан) көрші әйелдің үйіне келіп ақша сұраған. «Жоқ» деген жауап алғаннан кейін оны пышақтап өлтіреді. Көмекке ұмтылған 9 жасар немересін де ол аяусыз пышақтай салған. Бала далаға жүгіріп шығып, көмек шақырып үлгерген.

«Аталған дерек бойынша Алматы облысының Полиция департаменті аса қауіпті қылмыс жасады деген күдікпен Талғар ауданының 53 жастағы тұрғынының ұсталғанын хабарлайды. Ер адам бұрын әр түрлі қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотты болған. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды. Кісі өлтіру және адам өлтіруге оқталу дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 24-бабы арқылы және 99-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды, яғни адам өлтіру және кәмілет жасқа толмаған адамды өлтіруге оқталу. Қажетті сараптамалар тағайындалды», делінген облыстық Полиция департаменті таратқан хабарламада.

Зардап шеккен 9 жасар бала Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасына жатқызылды.