09 Қаңтар, 2014

Дәтке қуат

510 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ортопрот» серіктестігіне қарасты протездеу-ортопедиялық орталығында болғанда мүгедек­­тердің құқықтарын қорғау және олардың өмір сүру деңгейін жақ­сарту бағытында нақты қадамдар жасалып жатқанына көз жеткіздік. Бұрындары мүгедектерге мүгедек деп оларды қоғамнан тыс өмір сүретін адамдар деп қараған да уақыт болғанын несіне жасырамыз.

«Ортопрот» серіктестігіне қарасты протездеу-ортопедиялық орталығында болғанда мүгедек­­тердің құқықтарын қорғау және олардың өмір сүру деңгейін жақ­сарту бағытында нақты қадамдар жасалып жатқанына көз жеткіздік. Бұрындары мүгедектерге мүгедек деп оларды қоғамнан тыс өмір сүретін адамдар деп қараған да уақыт болғанын несіне жасырамыз. Жерімізде орналасқан әскери полигондардың зардаптарын тартып, осы күнге дейін ауылдарда тұрып жатқан қаншама мүгедектің тағдыры арбаға, төсекке байланды. Заман өзгерісіне сай келген өркениет талаптары мүгедектерге деген осындай көзқарасқа нүкте қойдырды. Біз мүмкіндігі шек­теулі адамдардың өмір сүру жағдайын дені сау адамдармен теңестіру жөніндегі жалпыға ортақ мақсатты қолға алдық. Өйткені, мүгедек жандарға орталықтың қаншалықты керектігін түсіндік, дейді протездік-ортопедиялық орталық директоры Айгүл Хамиева.

Айгүл мамандығы бойынша медбике екен. 80-жылдардың соңында Польшада әскери борышын атқарып жүрген кеңес әскерлерінің қатарында сол жердегі госпитальдарда меди­ци­налық-дәрігерлік көмек көрсеткен екен. Өндірісті өңірге оралған соң, Ақсудағы ферро­қорытпа зауытының емханасына орналасады. Осы жерде медбике бола жүріп, жұмыс барысында кенеттен өндірістік жарақат алып қалатын немесе жұмысқа жарамсыз деген мүгедектік санатқа қосылатын кейбір жұмысшыларды көріп жүрді. Айгүлге қазіргідей орто­­­­пе­диялық протездік орталық ашу идеясы, яғни жұмыстан шет­теп қалған адамдарға жасанды аяқ-қол жасау арқылы көмек­тесу, өмірге қайта оралту мақсаты осы кездерде ойына келсе керек. Сөйтіп, 2003 жылы Ақсу қаласында «Ортопрот» деп ата­латын орталық ашады. Сол кезде 7 протез жасаушы дәрігер қыз­мет жасап, екі-ақ түрлі бұйым жасайды.

Шағын ғана Ақсу қала­сын айт­па­ғанның өзінде респуб­лика­лық көлемде ол кезеңдерде жасанды аяқ-қол жасайтын про­тезші маман­дар сирек еді. Ол үшін Ресей­ге аттандырып, оқытып да­йын­дайтын.

– Біздің орталық мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Жылына 1 мыңнан астам протез жасаймыз деп жос­парлап отырмыз. Бір протезді аяқты немесе бір жасанды қолды жасауға бір аптадай уақыт кетеді, – деді Айгүл бізбен әңгімесінде.

Айгүл басқаратын орталықтың жасанды қол-аяқтарын тұтынатын мүгедек жандар өмірдің әр саласында қызмет істеп жүрген көрінеді.

– Дәтке қуат деген осы. Жасан­ды аяқ-қолы бар адамдарды біз ешкімге жариялап айтпаймыз. Құпия сақталады. Біз жасаған аяқ-қолдарды «киіп» жүріп те өмірге бала әкелген аналар бар. Жол апатына түсіп қиындық көрген жандар да біздер жасаған аяқ-қолдарды «киіп», әрі қарай өмір сүріп, тіршілік етуде. Бұған да шүкіршілік, – деді Айгүл бізге жасанды аяқ-қолдарды көрсетіп.

Орталықта дәрігері бар, техник протез жасаушылары бар 30 адам жұмыс істейді. Олар мемлекеттік тапсырыс бойынша мүгедек жандарға протез, яғни жасанды аяқ-қол жасаумен және арнайы ортопедиялық аяқ киімдер тігумен айналысады. Сонымен бірге, «Ортопрот» серіктестігі протезді-ортопедиялық бұйымдар шығарады, медициналық қыз­­меттер көрсетеді. Негізгі өндіріс 8 цех пен медициналық стационардан тұрады. Ортопедиялық аяқ киім, жамбас протезін және 40-тан астам бұйым түрін шығарады. Ауылдардан келетін мүгедек жандарға арналған стационарлық бөлмелерінде барлық жағдай жасалған.

– Біз әр мүгедектің жеке меди­циналық көрсеткіштеріне қарап отырып, протездің, яғни жасанды аяқ-қолдың дәлдігін сақтауға, шын аяқ-қол секілді дәл орнығып түсуіне баса мән береміз. Жасанды аяқ-қол нағыз шынайы түрдегі аяқ-қол сияқты мүгедек жан оны пайдалана алатындай жоғары сапалы болуы қажет, – дейді протезші яғни жасанды қол-аяқ жасаушы Владимир Копынов.

Орталықта Владимирмен бірге жасанды аяқ-қол жасаушылар Гүлжан Мұс­­тафина, Виктор Курганек, Гүлжан Құсайынова, Әмина Елониналар және Айгүлдің жолдасы, осы жұмыстағы көмекшісі Сергей Нестерев те бірге еңбек етуде. Олар­дың бас­ты мақсаттары – мү­ге­­дектерді оңалтып, қатарға қосу.    

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ПАВЛОДАР.

Соңғы жаңалықтар