Өскеменде Қазақстан спортшыларының Олимпия ойындарына дайындығы жөнінде мәселе қозғалды. Отырыс барысында Қазақстан құрамасын психолог, массажист және жаттықтырушылармен толықтыру қажет деп ұйғарылды.
Өскеменде Қазақстан спортшыларының Олимпия ойындарына дайындығы жөнінде мәселе қозғалды. Отырыс барысында Қазақстан құрамасын психолог, массажист және жаттықтырушылармен толықтыру қажет деп ұйғарылды.
Спортшылардың жарыс алдындағы психикалық жай-күйі олардың қашықтықты бағындырулары мен жеңіске деген құлшыныстарына ықпал етеді. Мәселен, еліміздің балуандары белдесуге шыққанда қобалжу сынды психикалық қысымдармен өздері күресулеріне тура келеді. Сондай-ақ, спорттық құрал-жабдықтарды спортшылардың өздері мен жаттықтырушылар тексереді. Ал шетелдік спортшылардың жарыс алдындағы психикалық, техникалық әрі физикалық дайындығын жоғары деңгейде қамтамасыз етіп отыратын кәсіпқой мамандар тобы бар.
Еліміздің спорт басқармасы Қазақстан құрамасының техникалық дайындығын қадағалайтын мамандар саны Олимпия ойындарына баратын спортшылар санына тікелей қатысты екенін мәлімдеді. Өкінішке қарай, хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Сочидегі Ойындарға жолдама ала алмады. Осыған байланысты ұлттық құрама жаттықтырушыларының бір бөлігі айтулы жарысқа қатыспайтын болды.
Сочидегі қысқы Олимпиаданың басталуына 29 күн қалды. Еліміздегі біраз спортшы өз лицензияларын дәлелдеп қойды. Енді Қазақстанның спорт шенеуніктері ұлттық құраманы әзірлеу барысында психологтар, массажистер мен қосымша жаттықтырушыларға орын қарастырады.
«Делегациямыз шағын. Егер Сочидегі Олимпия ойындарына елімізден 40-50 адам баратын болса, онда оның 20-сын жаттықтырушылар мен массажистер құрайтын болады. Демек, бізге тағы адам жинау керек», – деді Шығыс Қазақстан облысы спорт басқармасының басшысы Әбіл Доңбаев.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».