Олимпиялық деревня Ойындарға дайын
ХХІІ Қысқы Олимпиаданың басталуына 29 күн қалды
Әлем көз тіккен Сочи Олимпиялық ойындарының басталуына тура бір ай уақыт қалды. Осы орайда біздің оқырмандарды дүбірлі дода өтетін жердің дайындығы да қызықтырары хақ.
Олимпиялық деревня Ойындарға дайын
ХХІІ Қысқы Олимпиаданың басталуына 29 күн қалды
Әлем көз тіккен Сочи Олимпиялық ойындарының басталуына тура бір ай уақыт қалды. Осы орайда біздің оқырмандарды дүбірлі дода өтетін жердің дайындығы да қызықтырары хақ.

Бұл мәселеге байланысты Ресей президенті Владимир Путин жақында арнайы жиын өткізіп, ақтарылған жұмыстарды бір пысықтап шықты. Онда Сочи Олимпиадасы ұйымдастыру комитетінің төрағасы Дмитрий Чернышенко жоспарланған жұмыстардың кезең-кезеңмен іске асырылып жатқанын мәлімдеді. Дәл қазір Сочи әуежайының аумағы 62 мың шаршы метрге кеңейтілген. Шетелден келетін ұшақтардың тізбесі тағы бір мәрте нақтыланып, қосымша бағыттар әзірленді. Осы тұста атап өтер бір жайт, әуежай сағатына 2,5 мың жолаушыға қызмет көрсете алады. Халықаралық Олимпиада комитетінің талабына сай, ол енді 3,8 мың адамға қызмет көрсетудің мүмкіндігін жасағалы отыр.
Жалпы, жарыс өтетін орынның инфрақұрылымын дайындық сапына келтіру жұмысы 2007 жылдан қолға алынды. Қазіргі кезде мұнда әр спортшының жаттығуы мен тынығуы үшін керекті барлық жағдай жасалған. Осы істі жүйелі ұйымдастыруды өз міндетіне алған «Базовый элемент» кәсіпорны бас директорының орынбасары Андрей Елинсон Олимпиада өтетін аумақты қажетті жабдықтармен қамтуға 6 млрд. рубль жұмсалғанын айтады. Оның айналасындағы сауда нүктелері де меймандардың қажетін өтеуге сақадай-сай әзір тұр.
Бізге келіп түскен соңғы дерек көзінде Олимпиадаға арнайы шығарылған билеттің 60 пайызға жуығын Ресей төңірегіндегі тұрғындардың сатып алғаны жазылған. Осыдан-ақ олардың дүбірлі доданы асыға күтіп жүргені аңғарылады. Дегенмен, жергілікті билік өкілдері меймандарға қызмет көрсететін қонақүйлерді ретке келтіру ісін күні бұрын қолға алды. Ондағы әрбір бөлмеде интернет пайдалануға мүмкіндік жасалған.
«Сочи-2014» ұйымдастыру комитеті сырттан келетін көліктерге жарыс өтетін жерге баруына шектеу қойылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Олимпиада алаңына баратын жол арнайы ақ сызықпен белгіленген. «Қазіргі таңда 21 мың көлік арнайы тіркеуден өтті. Оның 17,5 мыңы Олимпиадаға қатысуға келген спортшылар мен меймандарға қызмет жасаса, 3,5 мыңы түрлі заттарды тасымалдайды. Бір сөзбен айтқанда, жол қауіпсіздігі қатаң бақылауда болады», – деді көлік дирекциясының бас директоры Андрей Жуков.
Тағы бір жағымды жаңалық. «Аэрофлот» әуе компаниясының өкілдері жаһандық жарыс күндері «Мәскеу – Сочи – Мәскеу» бағытындағы ұшақтарға билеттер арзандатылған бағамен сатылатынын мәлімдеді. Осыған орай екі аралыққа барып-келу билеті бар-жоғы 5 мың рубль тұрады.
Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ,
«Егемен Қазақстан».