09 Қаңтар, 2014

Батыл әрекет орынды бағаланды

1523 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тірі кезінде-ақ жасаған ерліктері халқына аңыз болып тараған Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Ерді ел үшін, жігітті жұрт үшін мақта», деген екен. Құйған ауылының азаматы Мырзалы Батырханның іс-әрекетін бүкіл Балқаш ауданының жұртшылығы ерлік деп, оған үлкен құрмет көрсетіп отыр. Аудан әкімі Бейсеғали Жүнісов те: «Мұндай батыл әрекет бағалануы керек», – деп жақында оған Балқаш ауданының құрметті азаматы атағын беріп, кеудесіне төсбелгі тақты.

Балықшыларды ер халық десе де болады. Олар күннің ыстық-суығына қарамай, Балқаш көліне моторлы қайықтарымен жиі шығып, ау салады. Кейде табан астынан жел тұрып кетіп, асау толқындарға тап болатын кездері де кездеседі. Көлден су маржандарын терген кәсіпқой балықшыларды ондай қиыншылықтар жасыта алмайды. Қайта шарболат тәрізді шыңдала түседі. Қайықтары ауып кетіп, суға батып кететін кездері де сирек болса да кездеседі. Ондай оқыс оқиғалар да олардың өз кәсіптеріне деген ынтызарлығын бір сәтке де бәсеңсіте алмайды.

Бүкіл аудан халқы ерлікке балап отырған іс-әрекетті жасайтын күні Батырхан балық аулауға шыққанда жел баяу еді. Балқаш көлі әдетінше тербеліп қана жатқан-ды. Түс ауа жел күшейіп, толқындар ақ көбігін шашып, мінез көрсете бастады.

Теңіздің сыры өзіне белгілі. Жуық арада басыла қоймайды. Осындай оймен қайтуға жинала бастағанда алыстан суға бір батып, бір шығып бара жатқан адамдарды көзі шалады. Ойланбастан қайығын солай қарай бұрып барса, қайықтары аударылып, өмір үшін арпалысып жатқан төрт адамды көреді. Біртіндеп, төртеуін де қайыққа шығарып алыпты. Олардың екеуі Алматы қаласынан келгендер екен. Біреуінде мүлде жан жоқ тәрізді. Жолдасы суға батырмай, жандалбасалап жүріпті. Барлығы да қатты жаурап қалыпты.

Мырзалы Батырхан өзінің осы әрекетін ешқандай ерлікке баламайды. «Менің орнымда кім де болса осылай әрекет етер еді, мен тек оларды кездейсоқ байқап қалдым», – дейді ол. Ал ажал тырнағынан аман қалған төртеуі: «Суға ағып, асау толқындармен арпалысып жүргенде, екі қайық қасымыздан өтіп кетті. Олар бізді байқамады ма, қайырылған жоқ. Біз Батырханға шексіз ризамыз», дейді.

Мырзалы Батырханның осындай биік адами қасиеті, жасаған батыл іс-әрекеті кімге болса да үлгі болуға тұрарлық.

Марат ҚАШҚЫНБАЕВ.

Алматы облысы,

Балқаш ауданы,

Бақанас ауылы.

Соңғы жаңалықтар

Түтінге тұншыққан Өскемен

Аймақтар • Бүгін, 08:50