09 Қаңтар, 2014

Балапандай баулыған асыл әке

507 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығына арналған салтанатты жиында мұғалімдердің еңбегі туралы ерекше айтып, жастар тәрбиесіндегі үлесіне тоқталған еді.  Сол алқалы жиыннан кейін мен бүкіл өмірін ұстаздық қызметке арнаған әкем туралы ой-толғамымды жазуға ниет еттім. Иә, ұстаздық – ұлы ұғым. Қазақтың ұлы ақыны, ұлтының ұлы тұлғасы Мағжан Жұмабаев өзінің «Педагогика» атты еңбегінің беташарын: «Қазақтың қаны бар, жаны бір жолбасшысы – мұғалім... алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдікі» деп бастаған екен.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығына арналған салтанатты жиында мұғалімдердің еңбегі туралы ерекше айтып, жастар тәрбиесіндегі үлесіне тоқталған еді.  Сол алқалы жиыннан кейін мен бүкіл өмірін ұстаздық қызметке арнаған әкем туралы ой-толғамымды жазуға ниет еттім. Иә, ұстаздық – ұлы ұғым. Қазақтың ұлы ақыны, ұлтының ұлы тұлғасы Мағжан Жұмабаев өзінің «Педагогика» атты еңбегінің беташарын: «Қазақтың қаны бар, жаны бір жолбасшысы – мұғалім... алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдікі» деп бастаған екен.

Шынында, бүкіл саналы ғұмы­рын ұрпақ тәрбиесіне арнаған мұға­лімдік мамандықтың қашанда жөні бөлек. Ұстаздан білім алып, тәрбие үйренбеген бір пендені осы күні жер бетінен кездестіре алмасың анық. Менің де әкем Қабдыраш Кенебайұлы да сондай қадірлі мамандықтың иесі болған. Алдынан мыңдаған шәкірт тәлім  алып, тағылым үйренген. Иманға ұйып, құдайдан күдерін үзбе­­ген, Алла алдында күнәлі болмасам деп ақ жүріп, адал басқан азамат еді. Оған ол кісінің артында қалған жазбаларын оқығанда көз жеткізуге болады. Мысалы, өткен ғасырдың 30-жылдарындағы алапат аштыққа байланысты қалдырған естелігін «Бісміллаһір-Рахманір-Рахим» деп бастап, «1932 жылғы Ақмола облысы Балқашын ауданы, Қызыл Октябрь колхозында дүниеге келдім. Ол кездегі ел басына төнген сұрапыл нағыз қиямет-қайым екенін кейін естіп білдім. Сұрапыл дейтін себебім, сол жылдары ел азып-тозып, ашаршылыққа душар болып қатты қиналыпты. Әкем Кенебай Тоқтарұлы ауылдың айтулы ел сыйлаған ақса­қалы, ертеде Түркістаннан 25 шақы­рым жерде орналасқан Қарнақ деген қалада діни оқу оқыған адам еді. Оқу­ын аяқтап елге келген соң халық оны Терісаққан ауылына имам етіп сайлаған. Терісаққанда мешіт болыпты. Сол мешітте әкем сабақ берген», деп ұстаздық шеберлігінің тамыры әріде әкесінен бастау алатынын алға тар­тып, анасы Әтіш елге танымал Қаң­­­тарбай қажының қызы екенін атап айтқан.

1953 жылы басталған мұғалімдік қызметіне дейін әкем біраз жолдан өтіп­­­­ті. Ауылдағы бастауыш мектеп­тен соң аудандағы жеті жылдық бі­лім ұя­сын бітірген. Сол кезеңді еске түсір­генде: «Күн көріс қиын болды. Ша­руаға ерте араластық. Сол жылдары бала-шаға жас-кәрі – бәріміз де егін басына шы­ғатынбыз. Мен де бір үзім нан, бір құ­ты айранымды алып, әкем­нен қалмай, қа­быр­ғам қайысса да күнұзақ жұмысқа ара­ласатынмын», дейтін.

Мектепті аяқтаған соң Қарағанды қаласындағы мұғалімдер дайындайтын институтқа түсіпті. Ол тұстағы қиын кезеңдер де әке естелігінде жан-жақты баяндалған. Оқуды қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген соң, жолдамамен Ешім жеті жылдық мектебіне келіп, мұғалімдік қызметін бастапты. Оның алғашқы қадамынан-ақ алғырлығы мен алымдығы мықты болғанын замандастары былайша баяндайды. «Қабдыраш өз қызметіне берілген, адамдығы мен адамгершілік қасиет­тері мол, мәдениеттілігі ерекше жан болатын. Ол осындай инабат­тылығымен үлкен құрметке ие бола білді»,  дейді әріптесі Қ.Айтжанов ағай. Білім білігімен көзге түскен ол мұғалімдіктен оқу ісінің меңгеру­шілігіне көтеріледі. Баланың жақсы болуы ұстаздың үлгісінен десек, әкем Қабдыраш Кенебайұлының ұл мен қызды тәрбиелеудегі үлгісі, әдіскерлігі, әдіснамасы білім сапасын арттыруға ерекше септігін тигізеді. Ол туралы мерзімдік басылымдарда ілтипатты мақалалар шыға бастайды. Сондай бір жылы дүние «Торғай таңы» газетінде «Шәкірт бағбаны» деген атпен жарияланады. Сол мақаладан үзінді оқып көрелік. «Қабдыраштың оқушыларды еңбек­ке тәрбиелеу өнегесі бір төбе. Жаз­ғы демалыс кезінде оқу-тәрбие жұмысын еңбекпен ұштастырып, балаларды басқарып, совхоз шаруа­шылығына араласады. ...1958 жылы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясын дайындау барысында, басты кейіпкерлердің бірі – атақты би Қараменде рөлін ойнап, қойылымға өз үлесін қосады. Осы жылдары шығармашылық сапармен Есіл, Тор­ғай өңіріне келген атақты жазушы Сәбит Мұқановпен және ақын Хамит Ерғалиевпен мектепте кездесу кешін өткізген. Абзал ағалар ұстаздардың еңбегіне дән риза болыпты», деп оқу ісінің меңгерушісі ретінде әкемнің жас мұғалімдерге жасаған қамқорлығын тарата айтып, талапкерлердің ойлау белсенділігін арттыру жолындағы іс тәжірибесіне кеңінен тоқталыпты. Әсіресе, қызметтес әріптестерімен, шәкірттерімен, ата-аналармен жұ­мыс істеу тәсілі жан-жақты баян­далған. Мен әкемнің осындай ерекше қасиеттеріне тек тәнті болып қана қоймай, мақтанышпен өзгелерге, кейінгі жастарға үлгі етіп айтып жүремін.

Ардақты әкеміз алпысқа келген тұста қырық жылға таяу еткен еңбегі, төккен тері ақталып, шәкірттері ерекше ілтипат көрсеткен. 1967 жылы мектеп бітірген түлектер ол кісіге алты шумақ өлең жолдарын арнапты. Соның бір шумағын мысалға келтірер болсам: «Уа, аға, біздер үшін азаматсыз орны бөлек, Өмірде өнегеден өрген өрнек. Сіз бүгін дүбірлетіп шығып тұрсыз, Алпыстың асуына құ­­­­­лаш сермеп!», – деп түйіндепті шәкірттері.

«Ақырын жүріп, анық бас. Ең­бегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден бала­ға», деп Абай айтқандай, қырық жылға таяу еткен еңбегі ең бірінші шәкірттерінің, жалпы жұрттың ілтипатына бөленді. «Оқу ісінің үздігі» атанды. Сол тұстағы Оқу министрлігінің, кәсіподақ ұйым­дарының әлденеше рет құрмет гра­моталарымен марапатталды. «Аға мұғалім» атағын алып, сол кездегі одақтық маңызы бар зейнетке шықты.

Ұстаздан шәкірт озбаса, қоғам дамымайтыны белгілі. Менің ардақты әкемнен білім алған әр жылдардағы ұрпақтар бүгінде тәуелсіз елдің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр. Олар әркез «Қабдыраш Кене­байұлынан алған білім мен тәрбие бізді әрқашан биіктерге бастаумен келеді. Ұстазға деген ізгі ниетімізді адал еңбегімізбен ақтаудамыз. Ондай жаны жайсаң, көңілі көктем шуағындай мейірімді жанды әсте ұмыту мүмкін емес. Біз сондай асыл ағадан оқығанымызды ұл-қызымызға мақтанышпен айтып жүреміз», дейді ұстаздарына ілтипат танытып. Ал ардақты әкем бір естелігінде шәкірт­тері туралы: «Өзінен озған шәкірті бар ұстаз – армансыз!» деген екен бір ғұлама. Мен де өзімнен озған шәкірттерімді көргенде, не жақсы істеріммен танылған тұста аттарын еске түсіріп ерекше сүйсініп, тәубе, деп тамаша сезімге бөленіп отырамын», деген еді. Осындай ардақты әкенің ұрпағы болу біз үшін мақтаныш. Мен – бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, қатарға қосқан, өзінің ұл-қыздарына бізге ғана емес, шәкірттеріне ардақты болған әкеміз Қабдырашқа шынайы балалық сезімімізді бір шумақ өлеңмен жет­кізіп, мақалаға түйін қойсам деймін.

Тек шарапат көрген дәйім алдынан,

Сенің бейнең ататұғын – таң қылаң.

Ұрпақтарың сені мақтан етеді,

Асыл әкем балапандай баулыған.

Сәлиман ҚАБДЫРАШҚЫЗЫ.

Соңғы жаңалықтар

Түтінге тұншыққан Өскемен

Аймақтар • Бүгін, 08:50