«Реконструкция жобасы жалпы ұзындығы 304 шақырымдық жеті учаскені, сондай-ақ темір жол арқылы 11 көпір мен екі жол өткелін салуды қамтиды. Бұл жұмыс басталғанға дейін Қандыағаштан Мақат ауылына дейінгі жол уақыты кем дегенде 11-12 сағатты, ал Атырау қаласына дейін 14 сағатты құраған еді. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Қандыағаштан Мақатқа дейінгі жүру уақыты шамамен 4 сағатты, ал Атырауға дейін 6 сағатты құрайтын болады», деп мәлім етті баспасөз қызметінен.
Жол құрылысының бас мердігерлері – «Тодини», «Шанхай Констракшн», «Аккорд» БК/«Ақ жол құрылыс» және «Ант Иншаат» компаниялары. Биыл бұл компаниялар 1 353 мың тонна асфальтбетон төсеуі қажет. Бүгінге дейін оның 1 008 мың тоннасы төселді.
«Жобаны іске асыруға шамамен 1000 адам мен 680-нен аса техника жұмылдырылған. Бұдан бөлек жоба аясында Атырау облысы Мақат ауданының Доссор ауылына айналма жол салынуда. Бұл Доссор кентінің тұрғындары үшін қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған жобаны іске асыру жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамытуға, демалыс орындарын ұйымдастыру арқылы жергілікті тұрғындардың кәсіпкерлік қызметке бет бұруына оң ықпал етеді», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ «Ақтөбе-Атырау-
Ресей Федерациясы шекарасы» бағытындағы автомобиль жолының Атырау облысы аумағындағы бөлігін жөндеу жұмысы да атқарылып жатыр. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметінше, биыл жалпы ұзындығы 277 шақырымды құрайтын жолдың 60 шақырымын жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр. Қазір оның 20 шақырымы пайдалануға берілді. Ал қалған 40 шақырымдық жолды жөндеу қарқын алды.
«Қазавтожол» АҚ ұлттық компаниясы тапсырыс берген мердігер мекемелерде 226 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 78 арнайы техника жұмылдырылған. Сондай-ақ 217 шақырымдық учаскеде жолдың негізгі қабатын орналастыру, коммуникация желілерін ауыстырумен қатар, 25 су өткізетін құбыр төсеу жүргізілуде. Белгіленген аумақтағы жұмысты атқаруға 183 арнайы техника мен 367 адам тартылған. Бұған қоса жолдың сапасын анықтайтын зертханалар жұмыс істеуде.
– Мемлекет басшысы автокөлік жолдарын жаңғыртуға, әсіресе, сапасына баса мән беріп отыр. Әкімдік тарапынан маңызды жобаны жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сондықтан жауапты мердігер мекемелерге жол құрылысының заманауи талаптарға сай әрі сапалы болуына, қауіпсіздік мәселесіне назар аударып, жөндеу жұмысын белгіленген мерзімде аяқтауы тиіс, – дейді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Жобаға сәйкес, аталған жол 6 жолақты болады. Жол жөндеу жұмыстары 2022 жылдың соңына дейін аяқталады.
Атырау облысы