Аймақтар • 15 Шілде, 2021

Алматы үшемдері қатарға қосылды

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тек биылдың өзінде Алма­тыда 60 мыңнан астам адам індет шеңгеліне ілік­кен екен. Бұлардың бәрі дер­лік сауығып, отбасыла­рына қосылғанымен, үйіне қайтпай қалғандар да бар. Деген­мен миллион-мил­лион қалада жақсы жаңа­лықтар да жоқ емес.

Алматы үшемдері қатарға қосылды

Биыл 26 мамыр күні Ал­ма­ты қалалық Перинаталдық ор­талы­ғы­ның дәрігерлері 24 жастағы аяғы ауыр келіншекті қабылдап, түске қарай үшемді босандырып алған еді. Ырымға сенетін елміз, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде дей­тін халдегі елеулі оқиғаны сол кез­де жалаулата қоймағанымыз да рас.

Шараналар мерзімінен бұрын 910 грамм, 930 грамм және 980 грамм аралығында шала туылған. Алай­да әдеттегідей дәрігерлер осы үш қыздың өмірін сақтап қа­лу үшін қолдан келгеннің бә­рін жасады. Дүниеге келген үшем жан­сақтау бөлімшесінде жатқызылды. Реанимациядан кейін қарқынды терапия бөлімшесінде ем алды. Күту кезеңі сәбилердің оңал­ғанынан байқатып, жаңа туған нәрес­те­лер­дің жағдайы тұрақталған соң жалпы бөлімшеге ауыстырылды.

Қазіргі уақытта босанған әйел­дің және 3 қыздың жағдайы жақсы деуге болады. Жас ана мен үшемдер 47 күннен кейін Перинаталдық орталықтан үйіне шығарылды. Алдағы уақытта балаларды от­ба­сының тұрғылықты жері бо­йын­ша емхананың дәрігерлері қада­ғалайтын болады.

Жас босанған Айым Сағат­бек­тің айтуынша, Алғаш үшем екенін білген кезде аздап қорқы­ныш пайда болғандықтан, құрсақ­тағы шақалақтардың жынысы маңызды болмаған. Тек аман-есен дүниеге келсе екен, деген тілеумен бо­сан­ғаннан кейін сәбилерді бір­ден реанимацияға алып кетті, дәрі­герлер өте жақсы қарады. Жан­сақтау бөлімшесінен 10-15 күн ара­лығында бірінші екі қыз бала шықты, содан кейін Сезім шығыпты.

«Жалпы қыздардың денсау­лықтары жақсы, сүтті өз беттерімен еміп, қазіргі таңда бірінші нәресте 930 граммен туылып, 1935 граммен шығып жатыр. Екіншісі 980 граммен туылып, 2009 граммен шығып жатыр. Үшінші нәрестеміз 910 граммен туылып еді, 1730 граммен шығып бара жатыр», дейді Қалалық перинаталдық ор­талығы бас дәрігеріні орынбасары Ботагөз Арынова.

 

АЛМАТЫ