Мәселен, жуырда жүргізілген сауалдама нәтижесінде қазіргі таңда жастардың 75,9%-ы жұмыссыз екені анықталған. Жүзге жуық респонденттердің 31,3%-ы жұмыспен қамту орталығына, 27,7%-ы интернет ресурстарына жұмысқа тұру мақсатында өтініш қалдырған. Сауалдамаға қатысқан жастардың үштен бір бөлігі жоғары оқу орны мен кәсіптік оқу орнында алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасудың қиын екенін айтқан.
Яғни жастардың 42,2%-ы білім алған мамандығы бойынша жұмыс істемейді, 25,3%-ы таңдаған мамандығы бойынша жұмыс табу қиын деп санайды. Ал 71,1%-ы жұмысқа орналасуда кездесетін ең басты қиындық ретінде жұмыс тәжірибесінің жоқтығын алға тартқан.
Орталық жүргізген зерттеу нәтижесінде жастардың өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайтыны анықталған. Оның себептерінің бірі ретінде мектеп түлектерінің өз ата-анасы таңдап берген мамандыққа түсетіні және университет пен колледждердің басым көпшілігінде «жұмысқа орналастыру кеңсесі» жұмыс істемейтіні айтылуда. Бұл орайда орталық қызметкерлері замандастарының жұмыспен қамтылып, еліміздің дамуына үлес қосуына септігін тигізу мақсатында «Дипломмен – ауылға!», «Жастар кадрлық резерві», «Жастар тəжірибесі», «Жұмыспен қамту – 2020» сынды бағдарламаларды кеңінен насихаттап, әлеуметтік желілерге ақпарат жариялап отыруды жүйеге қойыпты. Қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ерлан Айтбаев жұмыссыздық – ең өзекті мәселе екенін айтып отыр.
«Орталықтың негізгі міндетінің бірі – жастардың арасындағы жұмыссыздықты азайту. Қазіргі таңда орталықта оқу бітіруші түлектерге арналған «Болашаққа қадам» жобасы қолға алынды. Ол жоба бойынша біздің қызметкерлер жастардың дұрыс мамандық таңдау жасауына септігін тигізеді. Өндіріс орындарына апарып, жұмыс процесімен таныстырады. Бір сөзбен айтқанда, бағыт-бағдар береді. Ал таңдау – әр түлектің өз еркінде», дейді Ерлан Айтбаев.
Сондай-ақ жүргізілген сауалнама арқылы 500 респонденттің 1%-ы ғана музейге, театрға, көрмеге баратыны анықталған. Бұл өте төмен көрсеткішті өзгерту бағытында орталық қызметкерлері жастар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттап, олардың кітапханаларға, театрларға, музейлерге баруына, жаңадан жарық көрген кітаптардың кеңінен таралуына ықпал етуде.
Мегаполис жастары арасында ІТ технология саласына қызығушылар көп екен. Бұл орайда орталық жанынан «Роботтехника және конструкциялау» курсы ашылған. Сондай-ақ мемлекеттік жастар бағдарламаларын насихаттау бағытында «Жастарға қызмет» бөлімі жұмыс істейді.
«Кәсіпкерлік, қайтарымсыз субсидиялар, тұрғын үй, «Нұрлы жер» бағдарламасының ішінде қаншама бағыттар бар. Көп жастар оның бірін білсе, бірін білмейді. Сосын пробацияда жүрген, сотталған жастар жұмысқа кіре алмайды. Сол жастармен де жұмыс жүргізуді қолға алдық.
Тағы бір айта кетерлігі, қала жастары мен жасөспірімдердің 46,9%-ы ақылы үйірмелерге қатысатыны мәлім болды. Қаламызда тіл үйрететін үйірмелердің көпшілігі ақылы. Олар жастар үшін қымбат, студенттердің, оқушылардың қалтасы көтермейді. Осы орайда оқушылар және студенттердің сабақтан тыс уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында арнайы тіл үйрететін ақысыз үйірмелер ашуды қолға алудамыз», дейді қалалық жастар ресурстық орталығының директоры.
Жастардың тұрғын үймен қамтылуы да күн тәртібінен түспеген мәселе. Бүгінде тұрғын үй кезегінде тіркелген жас адамдар саны – 9023. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің ірі қалаларындағы жұмыс істейтін жастарды пәтермен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы бойынша бүгінге дейін мыңнан аса пәтер берілген. Жастарға берілген баспаналардың сапасы да басты назарда. Мысалы, биыл Шымкентте жастарға сатып алу құқығынсыз бір бөлмелі – 195, екі бөлмелі 105 пәтер табысталған. Алайда баспанаға қол жеткізгендердің қуанышы көпке созылмаған. Жастар «Тұран» шағын ауданында орналасқан тұрғын үйдің құрылыс сапасы сын көтермейтінін айтып шағымданған. Жаңадан берілген үйлерді аралап шыққан депутаттардан құралған жастар қоғамдық кеңесінің мүшелері мұндай олқылықтар бір емес, бірнеше үйде бар екенін анықтаған. Бұл орайда Шымкент қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Үсенұлы тұрғын үйде орын алған кемшіліктерді мердігер мекеме 5 жылдық кепілдік мерзім ішінде қалыпқа келтіріп беретінін айтады. Жыл басынан бері қалада жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 300 пәтер берілген болса, оның 145-і осы «Тұран» шағын ауданында орналасқан. Жалпы, биыл Шымкентте «Жастар» бағдарламасы аясында 900 жасқа сатып алу құқығынсыз пәтер беру жоспарланған.
Әлеуметтік жағдай, тұрмыстық қиындықтар жас отау құрғандардың ынтымақты отбасы болып қалыптасуына әсер ететіні анық.
«Жастардың арасында «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөздің байыбына бара бермейтіндері де аз емес сияқты. Үй болудың қандай болатынын санасына сіңіру мақсатында біз қаладағы «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығымен бірге көптеген іс-шара жоспарын түзгенбіз. Бірнеше кездесу өткізіп, отбасын құрған соң туындауы мүмкін кедергілер, ықтимал қиындықтар жайлы, отбасылық құндылықтар туралы түсіндірдік. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің де салдарымен күресіп келеміз. Өкінішке қарай, ерте жүктілікпен 92 жас тіркелген. Жастар арасындағы мұндай өзекті мәселені шешудің жан-жақты жолдары қарастырылуда. Қазір кәсіби психологтермен келісімшарт жасасып, жұмысты бастап кеттік. Мектеп жасындағы өтпелі кезеңде жүрген жастармен мектеп психологтері жұмыс істеуде. Жалпы, психологиялық көмек беретін жоба «Бақытты мекен» деп аталады», дейді қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері. Деректерге жүгінсек, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Шымкентте 650 жас отбасы құрған. Яғни шаңырақ көтерген жас азаматтардың үлесі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 188-ге артқан. Ал ажырасқандар саны – 16 (2020 жылы – 20).
Жас ұрпақтың уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау, Шымкент қаласында адам капиталын дамыту мақсатында кітапханаларды жаңғырту бағдарламасы іске асырылуда. Күні кеше жаңғырған үш кітапхана есігін айқара ашты. Мұнда аға буын өкілдерінің әңгімелесіп отырып шахмат ойнауына, ата-аналар балаларына ертіп әкеліп кітап оқуына, жастардың түрлі кештер өткізуіне барлық жағдай жасалған. Отбасылық кітапхана форматында жаңғырып жатқан кітапханалар осылайша қоғамдық орталықтарға айналуда. Әр кітапхана таңнан кешке дейін барлық топтағы азаматтарды қызықтыратын жеке бағдарлама жасап, жыл соңына дейін келушілер санын 4 есе өсірмек.
ШЫМКЕНТ