Коронавирус • 16 Шілде, 2021

Коронавирус қайта күшейді

241 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Облыстық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, үш күнде қауіпті вирусты жұқтырушылар саны күрт көбейіп, 46,8 пайызға өскен. Мәселен, 8 шілдеде 154 жағ­­дай тіркелсе, 11 шілдеде 290, ал 12 шіл­­де­дегі мәліметке сүйенсек, тағы да 334 адам коронавирус инфекциясына шал­дыққан.

Коронавирус қайта күшейді

Науқастар саны, әсіресе, Атырау қаласында көбейіп тұр. Бір күнде шаһарда 280 науқастың тіркелуі алаңдатпай қоймайды. Бұған қоса Теңіз кенішінде 10 науқас тіркелді. Сондай-ақ өңірдегі жеті ауданның бәрінде қауіпті вирустың «қақпанына» түскендер табылып отыр. Нақтылай айтқанда, Құрманғазы ауданында – 17, Жылыойда – 11, Индерде – 6, Мақатта – 4, Исатайда – 2, Махамбетте – 2, Қызылқоға ауданында 2 адамнан коронавирус инфекциясының белгісі анықталды.

Осыған байланысты инфек­циялық стационар­ларға жат­қызылған науқастар саны да арта бас­тады. Қазір 806 адам емделіп жатыр. Оның ішін­де модульдік ауруханада – 188, аудандардағы ста­цио­нарларда – 188, №2 облыстық ауруханада – 150, кардиологиялық орталықта – 108, фтизио­пульманологиялық орталықта – 103 науқас ем алуда. Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда 69 адам емделіп жатыр. Ал үй жағдайында 1 080 пациент ем-дом алуды жалғастыруда.

– Атырауда науқастардың дені ПТР-тест жүр­гізілетін зертханаларда жасалған қорытындының нәтижесімен анықталып отыр. Қазір өңірде коронавирус инфекциясына қарсы зерттеу жүр­гізілетін 14 ПТР-тест зертханасы жұмыс істейді. Бұл зертханаларда тәулігіне 14 мыңнан аса зерттеу жүргізіледі. Еліміз­де коронавирус инфекциясы тіркелген был­­тырғы наурыздан бері өңірде жүргізілген ПТР-тест саны 1 млн 292 мыңды құрады, – дейді А.Байдуәлиев.

Оның мәліметіне қарағанда, қауіпті вирустың таралу көрсет­кішінің өсуіне байланысты 520 резервтік төсектік орын дайындалыпты. Оның ішінде 20 төсектік орын жансақтау бөліміне бөлініп отыр. Каран­тиндік стационар үшін 408 төсектік орын ашылған.

– Коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастар саны күрт өсетін болса, тағы бірнеше ауру­ханадан инфекциялық стационар ашуды көздеп отырмыз. Нақтылай айтқанда, облыстық ауруханада – 50, темір жол ауруханасында – 120, Махамбет ауданындағы фтизиопульмонологиялық орта­лықта – 150, сондай-ақ жатақ­хананың бірінде 200 орын­дық инфекциялық стационар ашылады. Қазір 2 428 орындық ин­фекциялық стационарларда 806 науқас емделу үшін оқшауланды. Стационарлардағы жүктеме – 33,2 пайыз. Жансақтау бөлімінде 108 орын бар. Қазір бұл бөлімде жағдайы ауыр 53 науқас жатыр. Науқастардың жетеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Мұндағы жүктеме 49 пайызды құрап отыр, – дейді А.Байдуәлиев.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарының ай­туынша, мемлекеттік атаулы әлеу­меттік көмек алатын отбасы­ларға медициналық алғашқы көмек жиынтығы таратылып жатыр. Мақсат – коронавирус инфек­циясының таралуының алдын алу.

– Медициналық алғашқы көмек жиынтығының құрамын Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен. Соған сәйкес, 952 медициналық қорғау құралдары қобдишасын Атырау қаласы мен аудандарда тұратын отбасыларға таратуды көздедік. Медици­налық қорғау құралдары жиынтығына цифрлы термометр, 100 дана медициналық маска, 2 дана қолға арналған антисептик, ибопрофен (400 мг, 20 таблетка), парацетамол (500 мг, 20 таблетка) салынған, – деп хабарлады басқарма мамандары.

Дәрігерлер қауіпті вирустың таралуын тежеу үшін вакцина алудың қажеттігін әлі де айтып жатыр. Тіпті вакцина алушыларды ынталандырудың түрлі шарасы қолға алынып жатыр. Мәселен, облыстық «Азаматтық Альянс» ЗТБ ұйымдастырған ақшалай ұтыс ойыны әр он күн сайын 30 қыркүйекке дейін вак­цина алғандар арасында ойнатыла бас­тады. Ақ­шалай ұтыстың алғашқы ойыны 11 шілдеде тіке­лей эфирде өтті. Тәуелсіз бақылаушылардың қаты­суымен кездейсоқ сандарды таңдау арқылы 10 сертификаттың иесі анықталды. Олардың әрқай­сы­сына 200 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

Енді осындай ұтыс ойынын «Байзар» сауда-ойын сауық орта­лығы да қолға алды. Бас жүлде –
1 млн теңге. Ұтыс ойынына 1 шілде – 1 қыркүйек аралығында вакцина алған тұрғындар қатысады.

Мұндай ынталандыру шараларынан соң өңір­де күн сайын вакцина алушылар қатары арта бастағаны байқалады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сүйенсек, 12 шілдеде 3 183 адам вакцина салдырған. Осылайша, 1 ақпаннан бері 118 201 атыраулық Спутник V, QazVac, Hayat-Vax вакциналарының бірінші ком­понентін ектірді. Вакцина­лар­дың екінші компонентін алған­дар саны 62 535 адамға жетіп отыр.

 

Атырау облысы