Аймақтар • 16 Шілде, 2021

Батыл студент

1677 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 3-курс студенті Мұхтар Түлкібаев өз өмірін қатерге тіге отырып, Қарғалы өзеніне батып бара жатқан 28 жастағы ер адамды құтқарып қалды.

Батыл студент

Шілденің шіліңгір ыстығында кешкілік достарымен бірге Қар­ғалы өзенінің жағасында серуендеп жүрген 20 жастағы Мұхтар оқиғаға тап болды. Өзен жағасында бір топ адамның спирт­тік ішімдіктер ішіп отыр­ғанын көреді. Сол жерде топтанып масаң күйде отырған ер адамдардың бірі суға шомылмақ болады. Бейтаныс суға түсуге бара жатып, Мұхтар мен дос­тарынан жағада отырғандарды сырттай бақылап қоюды өтінген екен. Алайда олардан таяқтастам жерде отырған Мұхтар көзінің қиығымен ішімдік ішкендерді емес, суға сүңгіген жігітті ба­ғып отырған. Бейтаныстың су бетіне қайтып шықпай қалғанын байқаған ол ойланбастан к­ө­мекке ұмтылады. Бірер минут ішінде Қарғалы өзенінің 4 метр тереңдігінен батып бара жатқан жігітті алып шықты. Сөйтіп қас-қағым уақыт ішінде 20 жастағы Мұхтар өзінен 8 жас ересек жігіттің өмірін құтқарып қалды. Қарғалы өзенінің бойындағы шомылуға тыйым салынған жерде ішімдік ішкендердің «саяхаты» осылайша қайғылы аяқтала жаздады.

 Мұхтар сол жерде достарымен бірге ессіз жатқан адамға жедел жәрдем келгенше алғашқы медициналық көмек көрсетіп үлгерді. Студенттер науқасты жасанды дем алдырып, жүрек тұсын уқалады. Көп кешікпей келіп жеткен дәрігерлерге құт­қарылған, бірақ ауыр күйде жат­қан науқасты тапсырғаннан кейін олардың иықтарынан ауыр жүк түскендей болды. Шомылуға рұқ­сат етілмеген жерде мас күйін­де суға түскен ер адам же­­дел жәрдем ауруханасының жан­­сақтау бөліміне ауыр халде жет­кізіліп, біраз күннен кейін ғана есін жиды.

Батыл студент шілденің басында болған осы жағдайды ұмытып кетсе де, Төтенше жағ­дайлар департаментінің бас­шылығы ұмытпай, Мұхтар Түл­кібаевты ведомстволық награ­да­мен марапаттау туралы министр­­лікке өтініш жолдады.

 

Ақтөбе облысы