Руханият • 18 Шілде, 2021

«Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық жобасы түркітілдес елдер арасында насихатталады

480 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан қаласына Сүлеймания қолжазбалар кітапхана­сын­дағы сирек кездесетін қолжазбалар басқармасының басшысы Хусейн Кутан, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) өкілі, доцент Албина Тузлу және аталған агенттіктің Қазақстандағы өкілі Исмаил Гүрлек арнайы іссапармен келді.

«Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық жобасы түркітілдес елдер арасында насихатталады

Сапар барысында «Әзірет Сұл­тан» мемлекеттік тарихи-м­әде­ни қорық-музейі қызмет­кер­лерінің екі жылдан бері Түркі әле­­мінің тұлға­сы Қожа Ахмет Ясауи ізімен жаса­лып жатқан ғы­лы­­ми-танымдық экс­педиция жұмы­сы­ның нәтижелері­мен танысып, жуыр­да ғана қорық-музей мен Түрік ын­тымақтастық және үйлестіру агент­тігі арасындағы меморандум аясында келісілген ауқымды істерді бастауға ниетті екендіктерін жеткізді.

– Ең алдымен сіздерге Түркия елі атынан алғыс айтамын. Сіздер өте жоғары деңгейде жұмыс атқар­дыңыздар. Қожа Ахмет Ясауи баба­мыздың мұрасын түгендеу мақ­сатында жасаған еңбектеріңіз Түр­кия Республикасының телеарна­лары мен баспасөз беттерінде кеңінен тарады.

Сіздер анықтаған қолжаз­ба­ларды заманауи үлгіде кітап етіп шы­­ғаруды жоспарлап отырмыз. Жаңа бағытты қамтитын кітапты түр­кі елдерінің тілдеріне аударып, ке­ңінен насихаттауға қолдау көр­сетеміз, деді Сүлеймания қол­жаз­балар кітапханасындағы си­рек кез­десетін қолжазбалар басқар­масы­ның басшысы Хусейн Кутан мырза.

Осы орайда, түркиялық делегациясы өкілдері Қожа Ахмет Ясауидің жиені, шәкірті, әрі замандасы Ғашық Жүсіп атаның ұрпағы Сейдәлім Юлдашев ақса­қалдың шаңырағына барып, бір­неше ғасырдың көзін көрген қолжаз­балармен танысты. Қожа Ахмет Ясауи мен Жүсіп атаның тарихына ортақ ортағасырлық шежіре шағатай тілінде жазылған. Ұзындығы – 3,5 метр. Сақталуы орташа деңгейде. Тарихи жәдігерді Жүсіп атаның ұр­пақтары атадан-балаға мирас етіп, көздің қарашығындай сақтап келген. Жуырда ғана «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қо­рық-музейінің қызметкері Күнсұлу Әсетова қолжазбаны қазақ тіліне аударып, бұған дейін есімі белгісіз болып келген Қожа Ахмет Ясауи­дің сүт бауыры, Жүсіп атаның анасы Бибі Хубра жайлы деректерді анықтады.

Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) өкіл­дері «Әзірет Сұлтан» қорық-му­зейімен бірлескен жобасын ең бірінші Жүсіп ата тарихына арналған қолжазбаны кітапқа айналдырудан бастауды көздеп отыр.

– Алдағы уақытта «Ясауи ізі­­мен» жобасы аясында Түркия Рес­публикасына барып, Ясауидің шә­кірттері жөнінде де деректер жи­нақтауды мақсат етіп отырмыз. Сондай-ақ түркиялық делегация өкілдерімен қорық-музей ба­засында сирек кітаптар мен қол­жазбаларды реставрация жасау үшін арнайы орталық ашу мәселесін де бүгінгі кездесу барысында талқыладық. Қорық-му­зейдегі мамандар Түркиядағы ең ірі тарихи-мәдени орталықтарда рес­таврация мамандарымен тәжіри­бе алмасып, тағылымдамадан өтеді. Көне қолжазбаларды күтіп-бап­тап, реставрация жасау бойынша мамандарға жан-жақты дә­ріс өткізуге оң ниеттерін білдіріп отыр, – деді «Әзірет Сұлтан» мем­лекеттік тарихи-мәдени қорық-му­зейі директорының міндетін атқа­рушы Ерсін Ботабайұлы.

Айта кетсек, маусым айында ел­ордада «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық жобасын кең ауқым­да жүзеге асырып, түркі әлеміне кеңінен насихаттау мақсатында меморандумға қол қойылған болатын. Екіжақты келісімдер барысында тарихи-мәдени мұра құндылықтарын сақтау, «Ясауи ізімен» ғылыми жобасы аясында анықталған, табылған тарихи құнды материалдарды насихаттау, қажет жағдайда реставрациялауға ұсыну, түркі дүниесіне кеңінен тарату секілді жұмыстарды атқаруға, Ясауи есімімен байланысты діни және тарихи-ескерткіштерді насихаттау мақсатында бір­лескен ғылыми және мәдени экскурсия­лық бағдарламаларды іске асыруға, туристік имиджді қалыптастыруға, мәдениет саласы мамандарының тәжірибе алмасу және кәсіби білік­тілігін арттырумен қатар, осыған байланысты салаларда үйлестіру іс-шараларын жасау келісілді.

Түркиядан келген ресми қо­нақтар Қожа Ахмет Ясауи кесене­сіне зиярат етіп, қорық-музейдің тыныс-тіршілігімен танысты.