Коронавирус • 18 Шілде, 2021

Антиваксерлер адастырмасын

407 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстанның қазмойнын «қызыл аймақтың» қамыты қажап барады. Қалай босаймыз, қашан құтыламыз? 13 өңірдің өкпесін «қылбұрау» қысып тұр. Қалған төрт өңірдің де індетті толығымен жеңіп, шекесі шылқып тұрғаны шамалы. Қоғамда вирус пен вакцинаны зерттеу мәселесіне ғұмырын сарп еткен ғалымдар мен дәрігерлердің сөзіне емес, вакцина мен вирусологиядан бейхабар антиваксерлердің «ақылына» сенгіштік те жағдайдың ушығуына едәуір ықпал етіп отыр. Өтіміз жарылып кетсе де осы шындықты мойындауға тура келіп тұр.

Антиваксерлер адастырмасын

Қарашаңырақ Қазақстан ғана емес, төрткүл дүние ты­ғырыққа тірелді. Жағдай – жаға ұстатарлық. Пандемия бас­­талғалы бері «жаман тұ­мауға» шалдыққандардың саны жаһанда 189 млн адамнан асты. Тәулігіне 500 мыңнан аса жағымсыз жағдай тіркеліп жатыр. Соның салдарынан 4 млн-нан аса адам өмірден озды. Тіпті кейінгі аптада науқастардың саны күрт өсіп, 2 млн-нан 4 млн-ға дейін екі есе артқаны бай­қалады. Жығылғанның үсті­не жұдырық болып «Дельта» штамы шыққанын да жақсы білеміз. Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының мәліметі­не сенсек, штамның бұл түрі бүгінде әлемнің 111 елінде анық­талыпты.

Соған қарамастан өзге мемлекет тұр­ғын­дарының өмір сү­руге деген құл­шы­ны­сы таң­дай қақтырады. Түнеу­гүні Ере­­ван­­­нан жеткен хабарға ел бо­лып елең етпесек те, талай о­тан­да­сы­­мыз таң­данысын жасырған жоқ. Ол не ақ­па­рат? Бірнеше апта бойы Ар­мения ас­та­на­сын­дағы жылжымалы вак­ци­­на­лау пункт­­терінде ұзын-сонар кезек пайда бол­ды. Сондағы кезекте тұрған­дардың басым бөлігі Иран азаматтары екен. Өз елінде вакцинаға жарымаған жандар те­гін екпе салдыру үшін шекара асып жат­­қан көрінеді. Иранда вакцина тапшы. Екпе тек осал топ саналатын 60 жас­­тан асқандар мен созылмалы ауруы бар адам­дарға ғана егіледі. Қал­ған қара ха­лық өмірдің кілтін өз бетінше іздеп әуре.

Биыл 1 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиялық ахуал жөніндегі кеңесте «Жалпы алғанда қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген ел бастан өткеруде. Нақты деректерге қарасақ, оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр. Оған қоса азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл әрине, жағдайды одан бетер ушықтыруда», деген болатын.

Президент айтып отырғандай, тұрғындар сақтыққа расымен де сал­ғырт қарай бастады. Ең өкініштісі сол, отандастарымызда қолда бар вак­цинаны салдыруға деген құл­шыныс болмай тұр. Осы кеңесте Прези­денттің «Парламент Мәжілісінің жа­ңа құрамына арнаған үндеуімде 1 ақ­паннан бастап жаппай вакцина салынатынын айттым. Өткен екі айда халықтың 0,1 пайызына жетпейтін бөлігіне ғана екпе егілген», деген сөзі де есімізде. Иә, БАҚ өкілдері 1 ақпанда екпе егу басталғанын жарыса жазып еді. Содан бері 4 айдан аса уақыт өтті. Осы уақыт аралығында 19 млн-ға жуық халқымыздың тек 2 млн 661 мыңнан астамы ғана вакцинаның екінші компонентін салдырған екен. Қалған халық қайда қарап отыр? Бәлкім бізге де Ираннан үлгі алып, екпеге шектеу енгізу керек шығар. Әйтпегенде «қолда барда алтынның қадірі жоқ» секілді. Өзгелер басын бәйгеге тігіп шекара асып, кедей-кепшігі көшеде түнесе де екпе алып жатқанда антиваксерлердің тілін алып, аузымызды ашып қарап отырмыз. Құр қарап отырмай, науқастардың үлесін үдетіп жатырмыз.

Сенбесеңіз, еңсені басып бара жатқан елдегі ахуалға зер салыңыз. 26 маусымнан бері Қазақстан – «қызыл аймақтың» құрсауында. Індет ел іргесіне енгелі бері 15 шілдеде бір тәулікте вирус жұқтырғандардың ең жоғары көрсеткіш тіркеліп, 5 648
отандасымыздан COVID-19 инфекция­сы анықталды. Көш басында елорда (1 549 адам) тұр. Екінші орынға Алматы қаласы (885 адам) жайғасты. Үштікті Шымкент қаласы (421 адам) түйіндеп тұр. Ал 16 шілдедегі жағдай бойынша елімізде COVID-19-дың оң нәтижесімен 477 754 науқас және КВИ-дің 58 335 жағымсыз жағдайы тіркелгенін байқадық. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларымен қатар Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Маң­ғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Сол­түстік Қазақстан, Қызылорда облыстары «қызыл аймақ» қатарында тұр. Әлдекімдердің қауесеті мен даңғаза әңгімелеріне сеніп жүргенде осындай хәлге жеттік. Вакцина денсаулыққа дұшпан болса өзге елдің тұрғындары шекара асып несі бар? Біреудің айт­қанына сеніп, айдағанына көне бергенше осыны ойласақ-етті.

– «Дельта» штамының тарал­уын ескерсек, кейінгі екі аптада бұған дейінгі екі аптамен салыстырғанда елімізде науқастардың саны күрт арт­қаны байқалады. Кеселге шал­дық­қандардың саны 21 780-нен
49 591-ге дейін 2,3 есе өсті. Маусым айымен салыстырғанда шілдеде бір тәулікте ауырғандардың орташа саны 4,4 есе артып, 1 263 жағдайдан 5 600 жағдайға дейін жетті. Соған байланыс­ты жекелеген аймақтардағы және республикадағы эпидемиялық ахуал­ды ескере отырып, ел аумағында шектеу шаралары күшейтіле бастады. Дертке шалдыққандар мен індеттің кесірінен өмірден озғандардың 55%-ға жуығы Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Қарағанды және Атырау облыстарына тиесілі. Осыған байланысты, жуырда Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен ведомствоаралық комиссияның отырысы өтіп, осы төрт аймақта қосымша шек­теу шаралары қабылданды. Яғни сенбі-жексенбі күндері аталған аймақ­тардағы қызмет көрсету нысан­дары­ның жұмысына қатаң шектеу қойылды, – деп дабыл қағып отыр Ден­саулық сақтау министрлігінің сани­тарлық-эпидемиологиялық бақы­лау коми­теті­нің төрағасы Айжан Есмағам­бетова.

Бүгінде еліміздегі қоғамдық орындарға келушілерді тіркейтін Ashyq мобильді қосымшасы бар. Жо­баны іске асыру жұмысы әлі де жалғасып жатыр. Оған түрлі салада қызмет көрсететін 15 мыңнан аса нысан енгізіліп, 4 млн-нан аса қолданушы тіркеліп үлгерді. Қосымшаны пайдаланушы қандай да бір қоғамдық орынға барғанда арнайы QR-кодты сканерлеп, мәртебесін анықтайды. «Қызыл» түс ПТР-тестін тапсырған адамда оң нәтиже шыққан жағдайда көрінеді. Ондай адам қоғамдық орында жүрмей, оқшаулану режімін қатаң ұстану тиіс. «Сары» түс науқаспен қандай да бір байланыста болған адамға беріледі. Бұл адамға азық-түлік дүкеніне немесе үй маңындағы дәріханаға баруына ғана рұқсат етілген. Өзге жерге баруына тыйым салынады. «Көк» түс ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан (мысалы, әуежай) басқа барлық жерге баруға рұқсат етеді. Ең ақырғысы – «Жасыл» түс. Бұл түс – жүріп-тұруға толығымен рұқсат береді.

Алайда тиісті органдар мен медицина мамандарының бірнеше мәрте ескертуіне қарамастан, тұрғындардың тәртібі түзеле қойған жоқ. «Қызыл» немесе «сары» мәртебесі бар отандастарымыз шектеуге атүсті қарап келеді. Үйде отырудың орнына қоғамдық орындарды кезіп, вирустың таралуына үлес қосып жүр. Яғни карантин талаптарын сақтамайтындардың қатары артып барады. Мәселен, өткен аптада ондай опасыздардың саны 4 мың адамға артты. Ал осы Ashyq қосымшасы қол­данысқа енгізілгелі бері «сырдың суы сирағынан келмейтіндердің» саны 16 мыңға жетті. Соның 8 272-сі ПТР-тестілеуі оң нәтиже көрсеткен нау­­қастар болса, 7 272-сі ауырған адам­дар­мен байланыста болғандар екен. Қоғамға қауіп төндіретін де – осын­дай адамдар. Науқас немесе дертке шалд­ыққан адаммен байланыста болған тұлға үй жағдайында карантинде болуға тиіс. Тұрғындар ең алдымен осыны ескеріп, айналаға қауіп төндірмеуі қажет. Адамда ішкі тәртіп, жауапкершілік болмайынша індетті жеңу мүмкін емес.

Бүгінде елімізде мониторинг жүр­гі­зетін 1 860 мобильді топ бар. Соған қарамастан, кәсіпкерлер пандемия жағдайында қызмет көрсетудің талабын орындауға асығар емес. Мәселен, осы жылғы шілдеде аталған мобильді топ 38 598 нысанға тексеру жүргізіп, соның 1 104-інде заң бұзу­шылық барын анықтады. Яғни заңнан аттағандардың саны 2,8%-ды құрап отыр. Бұл көрсеткіш мау­сым айымен салыстырғанда 1,5 есе көп. Мау­сымда 103 499 нысан назарға алынып, соның тек 1 880-інде ғана (1,8%) бұзушылық анықталған еді. Заң бұзған нысандардың басым бөлі­гі Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақ­стан, Қостанай, Ақмола облыстарына тиесілі. Мұнда бұзушылық деңгейі 4%-дан 7%-ға дейін жетіп отыр.

Жыл басынан бері, яғни 1 қаңтар мен 13 шілде аралығында мониторинг жүргізетін топтар ел аумағында 723 902 нысанды қамтыған 123 301 тексеру ұйымдастырып, соның нәтижесінде шектеу шараларын бұзған 19 029 (2,6%) нысан анықталды. Осылайша санитарлық-эпидемиялық заң­нама талаптарын бұзу фактілері бо­йын­ша заңды және жеке тұлғаларға 1,5 млрд теңгеден аса сомаға 18 115 әкім­­ші­лік айыппұл салынды. 85 нысан­ның қыз­­меті тоқтатылып, сотқа 331 мате­риал берілді.

Жасыратын несі бар, әлеуметтік желіде антиваксер «сарапшылардың» коронавирус инфекциясына қарсы вакциналар бедеулікке және басқа да жұқпалы ауруларға әкеліп соқты­ратыны туралы пікірі өте көп. Олар өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін вакцина алған соң кемі екі жыл­ға дейін бала көтермеу керек екенін айтып, қорқытады. Осы пікір қан­ша­лықты рас? Шындыққа жанаса ма? «Жүкті әйелдер үшін КВИ аса қауіпті. Босанған әйелге төнетін өлім қаупі коронавирус жұқтыруы мүмкін қара­пайым адамға қарағанда 22 есе жоғары. Мен ғылыми зерттеулердің нәтижелерін келтіріп отырмын. Со­нымен қатар коронавируспен ауырып жүрген анадан туған балалардың 10%-ы ауырады. Екі адам – ана мен бала үшін жауапкершілік жүктеледі. Қолда бар вакциналар репродуктивті функцияға әсер ет­пейді. Керісінше, коронавирус инфекциясы әйел мен ер адамның репродуктивті функция­сына әсер ететіні ғылыми тұрғыда дәлел­денген. Осы ғылыми зерттеулер бойын­ша, вакциналауды жоспарланған жүк­тілікке дейін бір ай бұрын аяқтау ұсы­нылады. Вакциналауға басқа қарсы көрсетілімдер жоқ», дейді А.Есмағамбетова.

Вакцинаның зиянсыз екені ай­тудай-ақ айтылып жатқанымен, екпе салудың орнына жалған вакциналау паспортын сататындар мен сатып алатындардың қатары азаймай тұр. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі вакциналау паспортын да тексере бастады. Ішкі істер органдары тіпті бірқатар қылмыстық іс қозғап үлгерді. Мұндай паспортты сатып алудың жолы қан­шалықты жеңіл болса, салдары да соншалықты ауыр болады.