Экономика • 19 Шілде, 2021

Қарыз көлемі көп емес

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елдегі бүкіл несие біткеннің барлығын қоса есептер болсақ, қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерге 8,2 трлн теңге қарыз екен. Ипотека да, жай тұтынушылық несие де соның ішінде. 8,2 трлн дегеніңіз бір ай бұрынғы көрсеткіштен – 3,3, бір жыл бұрынғыдан бақандай 23 пайызға көп.

Қарыз көлемі көп емес

Ал енді бөліп жіктейтін болсақ, осы қарыздың 4,8 триллионы тұтыну­шы­лық мақсатта алынған. Бұл да бір ай бұрынғымен салыстырғанда 3,3, бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 16,3 пайызға өсіп отыр. Ипотекалық займ да қалыс қалар емес. Баспаналы болу жолындағы займдар бір жылда 35,5 пайызға бір-ақ секірген. Несие сег­ментінің осыншама қарқынмен дамып, тауарлық несие секторының кеңейіп, жаңа банктік өнімдердің пайда болып, автонесиелеу мен ипотека көлемінің күн санап өскеніне қарамастан, Қазақстанның көрсеткіші Ресейден әлдеқайда төмен. Ranking жобасы осыған назар аударыпты.

«2020 жылдың қорытындысы бо­йын­ша жеке тұлғалар несиесінің ІЖӨ-дегі үлесі 10,7 пайызды құраса, Ре­сей­де бұл көрсеткіш 18,7 пайызға тең. Тұ­тыну­шылық несиелердің ІЖӨ-дегі үлесі 6,2 пайызды құраса, Ресейдегі үлесі 10 пайызға жуықтайды. Арменияның көр­сет­кіші Ресейден де жоғары. Онда жеке тұлға­лардың несиесі ІЖӨ-нің 27 пайызына жеткен. Белоруссияда 10,6 па­йыз деңгейінде. Тек Қырғызстанның ғана көрсеткіші өте тө­мен – 2,9 пайыз. Онда қаржы жүйесі мен несие нарығы өте әлсіз», делінеді хабарламада.

Жоба зерттеуінше, біздегі несиелеу деңгейі Ресеймен ғана емес, өзге елдермен салыстырғанда да төмен.  Халықаралық валюта қорының дерегінше, 2019 жы­лы қарыз құнды қағаздары мен үй шаруа­шылықтарындағы несие көлемінің жал­пы жиынтығы ішкі жалпы өнімнің 9,74 пайызын құрапты. Ресейде бұл көрсеткіш 19,07 пайызға тең болса, өзге елдерде одан бірнеше есе жоғары, мәселен АҚШ-та – 75,34, Канадада – 101,23 пайыз.

«Мемлекеттік ақшаны қоса алғанда банктер мен қаржы институттарынан берілетін бөлшек несиенің өсімі – кез келген елдің экономикасы мен қаржы секторының даму көрсеткіші болып саналады. Әзірге елдегі бөлшек несие дең­гейі төлемді кешіктіру тұрғысынан қауіпті болып саналмайды. Биылғы мамырдың қорытындысы бойынша барлық несие түрі бойынша төлемді кешіктіру небәрі 4,6 пайызды құраған. Былтыр ол көрсеткіш 5,8 пайыз болған еді», деп жазады агенттік.