Аймақтар • 19 Шілде, 2021

Иісшіл ит инновациядан озып тұр

829 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жүк көлігіне қарғып шыққан иісшіл ит иесіне будканың алдыңғы бөлігін тырналап көрсеткен. Сөйтсе, жабық жәшіктің алдыңғы бөлігіне қосымша тағы бір жасырын жәшік жасалған екен. Оған 380 келіден артық мари­хуана мен гашиш жасырылып, сонау Жамбыл облысынан Шығысқа жөнелтіліпті. Теңгеге шаққанда, тәркіленген есірткі заттардың «қара базардағы» құны 320 миллион теңгеден асады. Сонда есірткінің иісін ит сезбесе, көрген көздің аңғара қоюы екіталай еді.

Иісшіл ит инновациядан озып тұр

«Итке темір не керек?» дей­міз бе, қылмыс ашып жүрген ит­терді көп елей бермейді екен­біз. Тіпті инновациясы дамы­ған елдерде де полицейлер ит­­тің көмегіне жиі сүйенеді. Ал Шығыс Қазақстанда кино­ло­­гия саласы 2003 жылдары қол­ға алына бастапты. Бү­гінде об­лыстық Полиция депар­тамен­тінің кинологиялық қызмет ор­талығында алпыстан астам ма­ман жұмыс істейді. Олардың қа­рамағында неміс, бельгия овчаркалары, лабрадор, ретривер сынды ақылды, иісшіл иттер бар. Оларды үйрету оңай, әрі иісті естерінде ұзақ сақтайды. Алайда үнемі жаттығу жүргізіп отыру керек. Кинологтардың жұ­мысы сырт көзге қызықты болып көрінгенімен, қиындығы да жоқ емес.

– Ит баптауға ебі бар азаматтар таңдап алынады. Аңшының, қорықшының балалары дегендей... Алғаш қызметке тұрған­дар Өскеменде ит үйретудің «әліп­песін» ғана оқып, Алматыдағы кино­логиялық орталықта бі­лім­­дерін жетілдіреді, – дейді По­ли­ция департаментінің киноло­гия­лық қызмет орталығының бастығы полиция майоры Өмір­зақ Қасаинов.

Ит баптаудың қыр-сырын көрейік деп біз де орталыққа бас сұққанбыз. Торда қамаулы тұрған овчаркалар жан-жағы­мыз­дан абалады. Босатып жі­бер­се, тарпа бас салатындай кө­рінгенімен, қожайынның бұй­ры­ғынсыз шалыс қимыл жа­самайды екен. Әбден үйре­тіл­ген. Кинологтар да өздеріне бекітілген иттердің мінез-құл­қын жақынындай біліп алған. Мысалы, бір ит есірткінің жасы­рыл­ғанын аяғымен тырнап көр­сетсе, енді бірі орнында қата қалады. Тағы біреуі үруі мүмкін.

– Жаттығу кезінде кинолог­тың көңіл-күйі жақсы болуға тиіс. Ит пен иесі арасында бай­ланыс үзілсе, нәтиже бо­ла қоюы екі талай. Иттер әр ба­ғыт­та дайындалады. Бірі одро­ло­гия бойынша десек, енді бірі із кесуге бағытталады, – де­ген кинологиялық қызмет орта­лығының бастығы ит үйретудегі жұмыстары мен жетістіктері туралы әңгімелеп берді. – Бір итті әбден дайындау үшін екі-үш жыл уақыт керек. Үш айлық күшік тәртіпке бағына бастайды. Бағыты да кішкентай кезінен белгілі болады. Мәселен, одрология, яғни иісшіл иттің міндеті басқа. Айталық, оқиға орнында қылмыстың құралы қалып қойса, оған адам иісі сіңеді. Криминалист маман иісін алып, консервілеп сақтап қояды. Кейін күдікті қолға түсіп, дәлелдеу базасы жеткіліксіз болса, детектор иттерді іске қосады. Күдіктінің іш жағынан иісі алынады. Ол иіспен қатар, штативтерге бас­қа да адамдардың иістері бекі­тіледі. Арасында оқиға орнынан алынған иіс те болады. Ит соны табады. Бұл іс-шараға хаттама толтырылып, камераға түсіріледі. Ойлап қарасақ, иттей иіс сезетін бірде-бір заманауи технология жоқ, – дейді полиция майоры Өмірзақ Серікбайұлы.

Былтыр Өскеменнің саяжа­йын­дағы үйлерге ұры түсіп, оқи­ға орнына кинологтар да шық­қан. Жетектегі иісшіл иттер тұмсығымен жер сызып, сол маңайдағы тағы бір үйге алып барған. Сол жерде полицейлер жасырынып, күдіктілерді күт­кен. Көп ұзамай, ұрылар заттарды алып кетуге келгенде қол­ға түсіпті. Қарап отырсақ, не­гізгі ұрылардың ізіне түскен же­тектегі ит еді.

Мұндағы мамандар да өз іс­те­рінің нағыз шеберлері. По­ли­ция капитаны, аға кинолог – Алексей Гордеевтей маман Шы­ғыс Қазақстанда екеу-ақ. Неге дегенде, ит үйретуде қолынан тістетіп, азулымен шаппа-шап қарсыласатын ондай мамандарға ерекше дайындық керек.

– Бір сөзбен айтқанда, ит досыңдай болып кетеді. Кейбір жағдайда бұлар жақсы үйреніп келе жатады да тоқтап қалады. Жалығады. Ондайда итке демалыс беру керек. Бекітілген әдіспен ғана жаттықтырмай, әр маман өз бетімен ізденсе дұрыс. Қандай жағдайда да кинолог сабырлы, ұстамды болғаны жөн, – дейді тәжірибелі маман А.Гордеев.

Кинологтардың айтуынша, ит екеш ит те адамның ішкі жан дүниесін түсінеді. Сондықтан жаттығу кезінде кинолог көңілді жүргені жөн. Төрт аяқтының өзі тапсырманы орындаған сайын иесінен мақтау, мадақтау күтеді. Ондайда, дер кезінде тәтті-дәм­дісін немесе ойыншығын бере қою керек. Керісінше, тапсырманы орындамай жатқанда жа­за­лау да қажет. Ал жазалау де­геніміз, ұрып-соғу емес. Қар­ғыбауын қысып жіберуге немесе ойыншығын көрсетіп, қайта тығып қоюға болады.

Орталықта әр иттің жеке іс-құжаты жүргізіледі. Ашқан қылмыстары, жарыстағы жетіс­тіктері тіркеліп отырады. Ал екі-үш жасынан полиция құрамында жұмыс істеген ит 8-10 жылдан соң зейнетке шыққандай, қы­з­меттен босатылады.

 

Шығыс Қазақстан облысы