Сайлау • 20 Шілде, 2021

Сайлаушылар ортасында

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, Шу ауданындағы бірқатар нысанды аралады.

Сайлаушылар ортасында

Депутатты Төле би ауылында салынып жатқан Оқушылар сарайы ғимаратының құры­лысымен аудан әкімі Нұржан Календеров таныстырды. Бү­гін­гі күнге аталған нысандағы құрылыс жұмысының басым бөлігі аяқталған. Қазір ішкі жұмыстары жалғасуда. Бұл нысан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тарту болмақ.

Бұдан кейін Гүлдара Нұ­рымова аудандық аурухана маңынан салынған жаңа емхананың ғимаратымен де танысты. Сондай-ақ депутат дәрігерлердің жұмыс кабинетін аралап көріп, келушілермен тілдесті. Оларға тұрғындарды вакциналаудың маңызды екенін айтты. Осы орайда аудандық аурухананың бас дәрігері Жайдар Айтишев қазіргі кезде коронавирусқа қарсы вакцина салу жоспары 46 пайызға орындалғанын, Шу ауданы бо­йынша күн сайын 250 адам екпе алып жатқанын жеткізді.

Гүлдара Нұрымова Әл-Фараби атындағы мектеп ғимаратының құрылысын да көрді. 300 орындық мектеп келесі жылдың сәуір айында сараптамаға тапсырылуы қажет. Жаңа білім ошағында кең спорт залы, асхана және үш қабатты сыныптар мен зертханалық кабинеттерден құралған оқу корпусы болады. Кездесуде депутат құрылысшылардың жалақысы жөнінде сұрап,  жұмысшылардың 70 пайызы жергілікті тұрғындар болуы керектігін айтты.

Содан кейін мәжілісмен Қорағаты ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткер Әділ Диханбаевтың ауыл тұр­ғындарымен кездесуіне барды. Биыл елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бо­йынша ауыл әкімдерін сайлау өтетіні белгілі. Саяси науқанға Жамбыл облысынан 122 кандидат ұсынылған. Сондай үміткерлердің бірі – Әділ Диханбаев. Кездесуде үміткер сайлаушыларды өз өмірбаянымен және сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Ол алғашқы еңбек жолын Шу ауданындағы «Тасөткел» коммуналдық мемлекеттік су шаруашылығы кәсіпорнында инженер болып бастап, бүгінге дейін бірқатар жауапты қызмет атқарған. 

Жиын соңында Гүлдара Нұрымова сөз сөйлеп, Пар­ламент Мәжілісінің жа­нын­дағы Nur Otan пар­тия­сының депутаттық фракциясының жұмысы жайында баяндады.

 

Жамбыл облысы