Сондай-ақ, қазір Петропавл қаласының тағы да төрт тұрғыны іздестірілуде. Олардың арасында есте сақтау қабілеті нашар 73 жастағы кейуана бар. 3 маусым күні полицияға оның ұлы жүгініп, бірнеше күн бұрын анасының үйден шығып кетіп, қайтып келмегенін хабарлайды.
Іздестірудегі адамдардың жүрген жерлері туралы ақпараттарыңыз болса, полицейлер Петропавл қаласындағы 39-41-16 немесе «102» арнасына хабарласуларыңызды сұрайды.
«Жақын адамдарының жоғалып кетуі туыстары үшін үлкен қайғы. Көп жағдайда жоғалғандардың өмір сүру жағдайы оларды қай жерлерден іздеу қажет екенін анық көрсетеді. Ал есте сақтау қабілетінен айырылған адамды іздеу қиынға соғады. Оның тұратын мекенжайы, сапаржай, қаланың бірқатар аудандары, медициналық мекемелер, бейімдеу орталығы, қабылдап-тарату орны тексерілді. Іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Оған еріктілер де тартылған. Олар жоғалғандар туралы бағдарларды, қала көшелерінде таратып, әлеуметтік желілерде жариялайды. Желі қолданушылары хабарлайтын ақпараттарды жеткізеді», дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Марат Жұмалиев.
Облыста жыл басынан бері жоғалғандар туралы 223 арыз түсіп, олардың 219-ы іздеп табылған.