Әдебиет • 21 Шілде, 2021

Жаяу Мұса

1132 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Жаяу Мұса

«Толғау»

Жаяу Мұса өмірінің қым-қиғаш тар­­тысты кезеңінің бір куәсі осы ән. Ата қонысынан айырылып, Мұса, Мұс­тафа Шормановтардың қысастығы істі қы­лып, қуғын көріп, түрмеге түсіп, айдау­да жүріп шығар күн, атар таңы тұ­тыл­ғандай болып, сергелдең тағдыр әб­ден титықтатқанда шер-шемеңге толы на­лалы жүрегінен сыздап шыққан күрсі­ністі ән:

Қиналды шыбын жаным,

ой дүние-ай,

Жалғызбын, әрі кедей,

Шорманов бай.

Арам мал саған, сірә опа бермес,

Артыңа бір қарашы үңіліп-ай.

Залымдар маған мықтап

салды құрық,

Қорлыққа қалай төзем тірі жүріп?

Шығар күн, атар таңдар

бар шығар-ау,

Тұрады жақсылыққа ішім жылып.

Бұл әннің дақпыртын Баянаула жа­ғынын білікті, зейінді кісілерінен анда-санда бір естіп қалып жүрдім. Алматыда атақты әнші Кәукен Кенжетаев осы ән жөнінде білетінін талай рет айтса да, бірақ сөзін ұмытқан. Радионың музы­ка редакциясында бас редактор ке­зім, қарамағымызда істейтін әнші Суат Әбусейітовпен ескілікті әндерді жаң­ғыртып, ұмытылғандарын қайта жаздыртып эфирде насихаттауды ақылға салып, кеңесіп отырғанда әңгімеміздің үстіне Рашид Мұсабаев келді. Рашидті көрген сәтте Суат: – Айтылмай жатқан бір ғажап ән бар, – деп ойлана тоқтады.

– Ол қандай ән? – дедім елең етіп.

– Ол тек қана Рашидтің дауысына келетін ән, – деді Суат.

– Конкретно айтшы, Суат! – деп Рашид дүңк ете түсті.

– Жаяу Мұсаның әні... «Толғау» деп аталады. Сөзін білемін, мен сияқты тенор дауысқа келе бермейді. Күрсіністі, ауыр ән... Жаяу Мұсаның айдауда қина­лып жүрген кезі, – деп Суат ақырын ғана әндетті.

Рашид ойлана түйіліп: – Да, это моя песня, – деді тебірене қозғалақтап. Ән табиғатын бірден түсінгені. Суат оған күлімсіреп қарады да отырды. Сөздері бір-біріне жарасымды елге белгілі екі тамаша дуэттің әңгімелері кейде осылай болып үйлесіп жатады. Рашид орыс­­қолдылау азамат. Бірақ мейілінше адал, аңғал жан. Сәл мақтап қойса болды, соған мәз.

Арада біраз күн өтті. Бұл екі әншімен тағы бір кеңесіп отырған сәтте Суат Ра­шидке ым қақты. Рашид мырс ет­ті де: – Кабинетіңіз тап-тар. Мына пиа­ни­­ноңыздың үні де әлсіздік етеді, уақы­тыңыз болса астына... иә концерттік сту­дияға түсейік. Залы кең, рояль бар, мен тапқан Жаяу Мұсаның әнін сол жерде тыңдасақ, – деді өмірі «сіз» деп сызылмайтын тік мінезді жан.

Суат жымың-жымың етеді, мен аң-таң болып: – Ол қандай ән, – дедім елең­деген күйі.

– Ана жолы сөз еткен ән «Толғау», – деді Суат жайбарақат қана.

Жүрегім лүп ете түсті. Әпсәтте сту­дия­­ға келдік. Рояль жанында пианис­тка На­талья Атаева отыр екен. Сәлемдестік. Өте ізетті жан Наталья Борисовна Ра­­шид­ке жымия қарап, тұңғиық үн­­мен күңі­ренген ауыр аккордтарды тұн­жы­рата бас­қанда Рашидтің кең тынысты, зілді дауысы:

Қиналды шыбын жаным,

ой дүние-ай,

Жалғызбын, әрі кедей,

Шорманов бай.

Арам мал саған, сірә опа бермес,

Артыңа бір қарашы үңіліп-ай, –

деп ә дегеннен тұла бойымды қалты­ратып жіберді. Денем құсеттеніп, түр­шігіп кетті. Суат көзін жұмып, ойға бат­қан. Рашидтің алпамсадай мол денесі күр­кіреген әннің әуенімен зорайып, кеу­­десі кең ашылып, екі көзі алысқа... тым алысқа қадалып, көкіректі қарс айыр­­ған налалы сөз жүрек сыздатты. Өзі­­нің «Ақсисасы», «Хаулаумен» қын­нан шыққан алмас қылыштай жарқыл­даған Жаяу Мұса емес, әбден қажыған шерлі мұңлық. Жо-жоқ, әннің қасіретті зары езілген еңсені қайта түзеп, айбат шегетіндей сұрапыл күштің лебін сез­діргендей бола ма, о, тәңір?!

«Толғау» орындалып біткенде көкі­рек кере дем алған Рашид: – Бұл әнді мен Борис Григорьевич Ерзаковичтен алдым, – деді жай ғана.

«Толғау» сол күннен бастап Жаяу Мұса әндерінің қатарында эфирден орын­­дала бастады. Сөйтіп, тағдыр тәл­ке­гіне көнбеген, мойыса да майыс­пай, қайта осындай қуатты әнмен еш нәр­сеге дес бермеген Жаяу Мұса тағы да табындырды бізді.

 «Шормановқа»

Жаяу Мұсаның Шорманов әулетімен бітіспес күресінің бір куәсі – осы ән. Бұл да оның жан айқайы.

Баянаула жағының қилы-қилы әнде­рінің шежіресі дерлік Қаныш Сәтбаев қат-қабат жұмыстарының ара-арасында опера театрына келіп, «Қыз-Жібек», «Абай», «Біржан-Сара», «Ер Тарғын», «Жалбыр» спектакльдерін көріп жүреді екен. Сондай сәттерде жаратылысы­­нан ізет­ті, ілтипатты, қарапайым көпшіл жан театрда талай кісілермен жүздесіп, өзін­е қоғадай жапырылып келіп, сәлем берген жандарға жылы сезіммен иіліп ықы­лас білдіреді екен. Осы жайдың бә­рін көріп-біліп жүрген әнші Кәукен Кен­жетаев былай деп еске алады: «Біз Қаныш аға бәріміз баянауылдық­пыз. Осы жақындықтың әсері ме, ол кісі Шә­кен екеуімізді ерекше жақсы көріп, мысалы, спектакль көруге келгенде осы театрда жүздесе қалса, бізді ішке тартып, емін-еркін сөз қозғап, ел жағын көп сұрай беретін-ді. Кейде бір жақсы отырыстарда бас қоса қалсақ, маған ән салдыратын. Біз сол пейіліне кәдімгідей марқайып, еркінсіп, Қаныш ағаның өзі­­нен қиылып отырып «Ақылбайдың әнін», «Бүркітбайды», Жаяу Мұсаның әб­ден ұмытылды деген «Башқұлбай» дей­тін әндерін айтқызып, мәз болушы едік. Сөйтіп жүргенде Қаныш аға бір күні театрға келген сәтінде ма­ған ойла­на қарап: «Кәукен, Мұрат То­лыбаев орын­дайтын әндерді радиодан тың­дап жүр­мін. Ол шырқайтын «Хор­лан», «Шаманың әні», «Жиыр­ма бес», «Қа­раңғы түнде тау қал­ғып», Жаяу Мұса­ның «Гауһар қыз», «Са­пар» әндері өзгеше дүние екен. Оны еш­бір ән­шімен салыстыруға болмайды. Өзінің сәуір бұлтындай күркіреген сұ­ра­пыл дауысымен туа салған бір бі­тім. Әріптестері Мұратты қазақтың «Ша­ляпині» дейді екен, ал біздің жақ­та­ғы Жетіру Шаманың дауысын сол Ша­­ля­­пиннен кем санаймыз ба, тегі? Бір жолы мен осы театрдың ғана еркесі емес, әлемдік операның еркебұланы Ермек Серкебаевтан Мұраттың зор үнді дауы­сын сұрап ем, нағыз хас та­лант­қа тән қасиет қой, сол Ермек Мұ­рат­тың әнші­лігіне таң-тамаша қал­дыр­ды. Мұрат «Айман-Шолпанда» Ма­ман, «Қыз Жі­бекте» Базарбай, «Ер Тарғында» Қожақ, «Ромео мен Джу­льеттада» Лорен әкей, «Руслан мен Люд­милада» Святозар... мен де ерік­сіз таң­ғалдым, сонау Егіндібұлақ, Қар­қа­ралы даласында малшы, Семей, Қос­та­най, Петропавл ет комбинаттарына мал айдаушы, Қарағанды шахтері... Өмір­дің осындай жолдарынан өтіп кеп, Жұ­мат Шаниндей режисер, Евгений Гри­горьевич Брусиловскийдей жақсы жан­­дар оның әншілік болмысын та­нып-бі­ліп, әуелі хорға қатыстырып, бір­те-бір­те жеке рөлдерді ойнатып, міне, осы театр­дың белді әншісіне айналды. Мұ­ратпен кездестірші мені», деді. Қа­ныш ағаның мына сөзі мені ойланды­рып тастады. Құдды бір осы Мұрат Толы­баевты зерт­теп жүрген жан сияқты сөй­леді. Еп­теп білетінмін, Қаныш аға Жү­сіпбек Еле­беков пен Манарбек Ержа­нов­ты ерекше қадір тұтып, араласып, дәм­дес болып жүрген. Мұрат жөнінде, бәл­кім, сол кісі­­лер айтқан шығар көп жай­ды.

Көп ұзаған жоқ, бір күні сәті түсті, уағ­да бойынша Қаныш аға қасында кө­­мекшісі бар, театрға келді. Менің репе­тиция жасайтын бөлмемде Мұрат Толы­баевпен жүздесті. Қаныш ағаның өзіне деген жылы ілтипат-ықыласына тебірене қалған Мұрат «Әндерімді тыңдайды екенсіз, Қанеке, мен үшін ол үлкен құрмет» деді де аққұба жүзі сұрланып, үні дірілдеп, көңілі босады ма, іштей булығып, «ән салып берейін» деді, жай ғана. Қаныш аға күлімсіреп, бас изеді. Мұрат бірденнен:

Кигенім үстімдегі бәрі қызыл.

Шорманов айтар сөзге тілім ұзын.

Жылансың екі басты ел жалмаған,

Қоймаймын өлтірсең де

айтар сөзім!

Болдыңдар ел менен бай,

жер қожасы,

Төгілер тасығанның мейманасы.

Түсімде талқан болып қара кидің,

Жібермес зәбір көрген

көздің жасы! –

деп бос бұралған домбыраның қуаты зор толқын-толқын иірімінен ширығып шық­қан ызалы, налалы ән жүрек сыздатып, Мұраттың кілкілдеген жас толы кө­зінен ыстық тамшылар бырт-бырт үзі­­­ліп жатты. Мен денем құсеттеніп, «мұ­­­нысы несі? Осындай осал ма еді, бұл кісі? Неге бірденнен осындай ауыр ән­ді айтып қалды?» деп мазасыздана тол­қып дегбірім кетті. Қаныш аға селт ет­пей тыңдады. Оның осы отырысы ертеде ан­тика дәуірінде грек мүсіншіле­рі жа­са­ған құдіретті ескерткіштерге ұқ­сап, мені сұ­сымен басып отырғандай болды. Алып тұлға екен, Қаныш аға! Іш­­тей буырқанған ән айтылып бітті. Мұ­рат үн-түнсіз тұнжырап, орнынан тұр­ды. «Ғафу етіңіз.... мен қазір» деп шы­­ға жөнелді. Біраз бөгелді. Мұрат қай­­­тып келгенше мен Қаныш ағаға: Беке­­­жанның рөлін ойнап жүрмін. Бұл кейіп­­­кер – дала рыцары! Жібекті ол да сү­йе­ді. Операда оның найзағайдай жар­қыл­­даған бір әні бар. Патша заманында да, осы заманда да бағы ашылмаған Иманжүсіптің:

Жапалақ жалпылдайды жар

басында,

Немене жоқтың күні бар қасында.

Дос болып қас болғаннан

сақта құдай,

Қасқыр да қас қылмайды

жолдасына, –

дейтін әні Бекежанның әні болып «Қыз-Жібек» операсын дүбірлетіп жібе­ре­­ді. Кезекті бір айдаудан босанған Иман­­жүсіпті «Қияметтік доспын» деп өз аулына шақырып, сый-сияпат көр­сет­кен болып жүрген сол кездегі Шә­ріп де­ген бо­лыс, өзі елге жайсыз, ман­сап­қор, реңі де сап-сары сүйкімсіз жан бол­ғандықтан жұрт оны «Сармойын» деп атап кетіпті. Сармойын басқарып отыр­ған ел Иман­жүсіп пен Сармойын қо­наққа келе қал­са әншіні көкке көтеріп, әлпештеп, ар­дақтап, құрмет көрсетіп, өздерінің болысын елең қылмайды, ескермейді. Сармойын Иманжүсіптің ел алдындағы олсы беделін көріп, өресіз пендешілікпен қызғанып, опасыздық жасап, жер-көк­ке сыймай тағдыр тәлке­гін­де жүрген Иман­жүсіпті ақыры ұста­тып жібереді. Иман­жүсіптің осы бір жой­қын әні сол оқиғаға байланысты шы­ғыпты, дейді, ел сөзі, Қа­ныш аға, деп көкейімдегі сөзді осылай­ша тез-тез айтып жібердім.

Қаныш аға көзіне тұнжыраған ой тұ­нып, іштей тынып, үн-түнсіз басын изей берді. Сөйтті де: – Бір көзімізді бір көзімізге жау ғып қойған заманға не дейміз... Шорманов әулеті мен Жаяу Мұсаның әулеті өзді-өзі ағайын еді, күн­дердің күнінде сол таласып жүрген же­ріне басқа біреулердің ие болатынын біл­ді ме екен, шіркіндер? Әрине, кім бі­ліп жатыр, оны. Болжаусыз бір өмір ғой, әншейін. Сол талас-тартыстың әле­гі мен әуресі Жаяу Мұсаны өмірбақи жаңа­ғы өзің айтқан Иманжүсіп сияқты сер­гел­деңге салып қойыпты. Мына бір әнін бала кезімізден білеміз. Келе-келе ұмы­тылды. Оны жаңғыртып айтатын ән­ші­лердің көзі кетті. Бұл әннің дақпыртын ел кісілерінен, Жүсекеңнен естуші едім. Өлмепті есіл ән! Жүрекке ауыр тиеді екен... – деп демін ішіне тарта күрсінді.

Кәукен Кенжетаевтың әңгімесі осылай шертілді. Мұрат келді де: – Қаныш аға, Кәукенге мың да бір рахмет! Сіздей ұлы адамның жан жылытар ықылас-пейілі біздей қарапайым пендеге үл­кен демеу, құрмет қой. Мен өзіңіз туған Баян­ауланың соноу Шама секілді ерен әншілерінен бастап, бәр-бәрінің әндерін айтумен келемін, соның бірі жаңа өзіңіз тыңдаған Жаяу Мұсаның дүйім жұртқа белгісіз әні «Шормановқа» деп аталады екен. Мұны мен Қали Байжановтан алдым. Осы ән сегіз жылға сотталған ауыр күндерде жаныма қуат болып еді. Жаяу Мұса құсап көтердім бар азапты, Қа­ныш аға. Ал, енді, өзіңіз Затаевичке жаз­ды­рған біраз әндеріңіздің ішінен «Хор­ланды» айтып берейін, – деді.

Қаныш ағаның аққұба жүзінде оймақ­­тай ғана қызыл рең білініп, қоңыр кө­­зі­­нен шуақ тарап, мейірлене бас изеді.

Мұрат Толыбаев Естайдың «Хор­ла­нын» махаббаттың орындалмаған мәңгі арманы етіп, өкінішті жүректерді сыздатып жатты.

* * *

Кәукен Кенжетаевтың осы әңгімесі есімнен шықпай қойды. Осы жайды бір жолы сұрағанымда Кәукен былай деді:

– 1942 жылы Мұратқа «Қазақстанға еңбек сіңірген артист» атағы беріледі екен, «кешегі тобанаяқ малшының жет­кен жерін қара» дейтін сөз гулеп ала жө­­нелді. Соғыс сұрапылының ал­ғаш­қы жылы. Радиодан: «немістер кей­бір қа­ланы басып алды» деген сөзді есті­ген­де Мұрат: «ойбай-ау, мына Совет өкі­ме­тінен не қалады?» деп айтып жүр деген жаламен көрсетінді боп, КГБ-ның тергеуіне түсіп, ақыры сотталып тынды. Сол ауыр күндерде жазықсыз жапа шеккен Мұрат тайгада ағаш кесіп, Кузбасста шахта азабын көріп, сегіз жылдай тағдыр тәлкегін бастан кешті. 1950 жылы Мұ­рат түрмеден босады. Елге оралды. Бі­рақ өз үйіне паспортын тіркемеді. Мұ­рат тағы да сергелдеңге түсіп, соноу Ұзын­ағашта біреудің үйі­не тіркелді. Осы қия­натты естіген Мә­дениет министрі Ильяс Омаров Мұрат­ты өз үйіне тіркетті, театрға қайта орналас­тырды. Бір күндері Мұрат айықпас дертке шалдықты. Бір жыл тоғыз ай төсек тартып жатты. Сол күндері оған «Қазақ ССР-нің ең­бек сіңірген әртісі» атағын берді. Әріп­тестер: «Баяғы ұста­лар кезде алатын ата­ғы ғой» деп күң­кілдеді. 1967 жылы та­мыз­дың екісі күні Мұрат Толыбаевтың үлкен жүрегі тоқ­тады. Мұратты Күләш пен Манар­бек жат­қан жерге жерледі. Бір ғұ­мыр өтті осы­лай. Бәріміз әншіміз, бірақ Мұ­рат толғайтын әндерді біз айта алдық па, тегі? Айта алсақ, Жаяу Мұса­ның жа­ңа­ғы бір «Шормановқа» деп ата­латын жойқын әніне неге бара алма­дық? Ал ол әнді Қаныш Сәтбаевтай ғұла­ма жан Мұрат Толыбаевтан тауып, із­деген жо­ғы табылғандай пешенесі жар­қырады...

Кәукен Кенжетаевтың осы әңгімесі түрт­кі болып, кейін Мұрат Толыбаевтың тағ­­­дырын зерттеп, «Сегіз жылдай сер­гел­­дең» деп аталатын деректі әңгіме жа­зып, ол радиодан берілді, кітаптарыма шық­ты...

Киргизский жәрмеңке

Бұл ән – «Киргизский красивай» деп те айтылады. Ұмытылған. Кейде бағ­зы бір әншілер білетінін байқатып жү­реді. Тыңдай қалсаң, еріксіз елең етіп, еш­бір әнге ұқсамайтын жаратылы­сына таң­ғаласың. Жаяу Мұсаның ілкімді жү­регі, сергек сезімі орыс тіліне де же­­тік екендігін сездіріп, қызықтыра бас шай­­қатып, күлкіге булықтырып, мәз қы­лады. Ән сөзінің тілі де өткір. Жігіт­шіліктің де қызулы лебін бұрқ еткізеді.Оны тың­даған жан енжар көңілмен селқос қана бұйығы сезімде отыра алмайды, жастық шағы есіне түсіп, бо­йына ыстық қан тарағандай қозғалақтай қалады. Салқын тартқан көңіл шуақты сезіммен жайраң қағады. Өмірден қанша тауқымет, тәл­кек, қағажу көрсе де иіле қоймайтын, иә, өз барқын өзі көтере сөйлейтін өр мі­нез­ді Жаяу Мұса:

Алашқа атым шыққан

мен бір тұлпар,

Қыздарын орыс,

қазақ қылдым іңкәр.

Үйректі қарапайым суға жығып,

Қаз ілген айдын көлден мен

бір сұңқар.

Киргизский красивай.

Қыздарының сұлуы-ай!

Я прошу поцелуй,

Не женатый холостой! –

деп жер-көкке симай бұлғақтап, кәусар әуеніне ие бола алмай, құйқылжыта төгі­ліп, шалқиды кеп.

Осы еркелік қай серіде бар еді, Бір­жан салда ма, Ақан серіде ме, әлде гәк­ку­­леткен Үкілі Ыбырайда ма, жоқ... Бұл шір­кіндердің ешқайсысында жоқ еркелік! Осылайша төгілтіп:

Қыздардың қызыл ала жасылы бар,

Төсінде алақандай асылы бар.

Жігітті нар көтермес қыз көтерген,

Шіркіннің қай жерінде

тәсілі бар!? –

деуі кезінде сол Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтардың есін шығарып, таң-тамаша қалдырған дейтін сөздер ел ішінде осы күнге дейін аңыз болып айтылады да жатады.

Жаяу Мұса 1929 жылы дүниеден қайтты. Содан кейін бұл әнді кезінде ағыл-тегіл сезіммен орындаған ескі ән­ші­­лердің де бірте-бірте көзі кетіп, ұмы­­­тыла бастаған-ды. Осы жолдардың ав­торы 1980 шы жылдан бастап, сал-се­рі­лерді, әлбетте, оның бәрі халық ком­­позиторы ғой, осы кереметтердің өмі­­рін, әндерін ыждағаты түрде зерттеп, жи­нас­тырып, ретке келтіріп, радионың қо­рына жаздырып, кеңінен насихаттап, теле­дидардан көрсете бастады. Дәл осы кез­де әнші Қайрат Байбосынов Жаяу Мұса­ның белгілі, белгісіз әндерінің ішін­­де «Киргизский красивай» әнін орын­­дап, дүйім жұртты елең еткізді. Жаяу Мұса осы әнмен өзінің беймәлім қы­рын ашқандай болды. Қанша естен шық­ты, елеусіз қалды, ұмытылды десек те клас­сикалық әндер қын түбінде жат­қан алтын қылыштың сынығындай болып Қайрат Байбосыновтай шалқар шабыт­ты әншінің құдіретті үнімен қай­та оянып, өзінің екінші өмірін бастайды екен. Сал-серілердің ұлы ұстазы Бір­жанмен кезеңі бір Жаяу Мұсаның өзгеше жаратылған әндерінің көркем галереясында «Киргизский красивай» өрнегі мол үн бояуы жақұттай жар­қыраған күйінде әнші біткеннің көз жауын алып, оны жеріне жеткізіп айта алмағандарды ішқұста қылып, мысын құртып, әдемі қал­пында сынын бұзбай, ажарын бермей қызықтырады.

Илья ЖАҚАНОВ