Қоғам • 22 Шілде, 2021

Алмаз Шарман: Адамдар өлім мен дерттен емес, вакцинадан қорқады

712 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Медицина докторы Алмаз Шарман дәл қазір пандемияға қатысты ахуалдың адам өмірі мен экономикаға залалын ешкім болжай алмайтын жағдайда тұрғанына алаңдайтынын айтты, деп жазады Egemen.kz.

Алмаз Шарман: Адамдар өлім мен дерттен емес, вакцинадан қорқады

Доктор нақтылап өткендей, қоғамда кәсіби емес, тіпті медицина заңдылығын білмейтін мамандардың айтқанына сеніп қалу басым болып тұр. Бұл фактордың соңы сол дезинформацияны таратып отырған адамға ғана емес, оның айналасына да қауіпті екенін, тіпті адам өліміне әкеліп соғатынын күн сайын көріп отырмыз. 

«Ковид бақылаудан шығып бара жатыр. Дәл қазір Delta нұсқасының ғаламшарды жайлап алғанын көріп отырмыз. Күні ертең қандай нұсқалардың таралатынын және оның тырнағында кімдердің кететінін біз білмейміз», дейді Алмаз Шарман.

Алмаз Шарманның сөзінше, өздерін ресми түрде антиваксерлер деп атайтын топ жер бетіндегі халықтың 5 пайызын құрап отыр. Олар шамадан тыс белсенділігінің нәтижесінде өздеріне назар аудартып үлгірді. Адамның өміріне жаны ашитын кейіп таныта отырып, бір-бірімен теке-тіресіп жатқан ақпараттың ауылында адастырып жіберді. Олардың көздеген мақсаты да осы. 

«Антиваксерлер таратқан ақпараттар «инфодемия» деп аталады. Олардың болжамдарының ауқымы өте кең: парадоксальды. Әлемдік үкіметтің және Гейтстің чиптерінің қастандығы сияқты параноидты, бір қарағанда ақылға қонымды болып көрінеді, бірақ ғылыми негіздемеден жұрдай. Тіпті адамның өмірге бала әкелу мүмкіндігін шектейді дегендерді де естіп жүрмін. Вакциналардың кең ауқымды клиникалық сынақтарының нәтижелері олардың репродуктивті қауіпсіздігін көрсетті. Керісінше ковидпен ауыратындар бедеулік, түсік және эректильді дисфункция қаупін едәуір арттыратыны күн сайын айқындалып жатыр.  Бүгінгі күні әлемде коронавирусқа қарсы 4 миллиард дозаға жуық түрлі вакциналар егілді, бұл әлемдегі әрбір 100 адамға орта есеппен 50 дозадан келеді. Яғни жинақталған тәжірибе шынымен де орасан зор», дейді Алмаз Шарман. 

Осы тұста, Алмаз Шарман нақтылап өткендей, ғалымдар коронавирустық вакциналар жасауға барлық мүмкіндігін жұмылдырып жатыр. Бұл еңбекті ондаған жылдардың нәтижесі деп бағалауға болады.

«Бұл техннологиялар Эбола эпидемиясымен күресуде және қатерлі ісік ауруларын емдеуде қолданылған. Жетекші елдердің орасан зор инвестициялары арқасында жүз мыңдаған еріктілердің қатысуымен вакциналардың сапалы клиникалық сынақтарын жүргізуге мүмкіндік туды, нәтижесінде олардың қауіпсіздігі мен тиімділігіне бұлтартпас дәлелдер алынды. Бұл материалдар ашық ғылыми баспасөзде жарияланған», дейді Алмаз Шарман.

Осы тұста Алмаз Шарман адамзаттың денсаулығын тек Сенім ғана сақтай алатынын айтып өтті. Сонымен қатар вакцинация өте маңызды ұжымдық күш пен азаматтардың медициналық қызметкерлермен тығыз ынтымақтастығын талап етеді. Алайда, қазіргі әлемде көптеген адамдар мемлекет өз денсаулығына қатысты мәселелерді шешкен кезде, ДДҰ немесе Билл Гейтс сияқты халықаралық ұйымдар қызығушылық танытқанынан күдіктенетіні ақиқат. Осы тұста адам құқы мен конспирологиялық теорияның ара жігін айқындап алу маңызды.

«Өткен жылы 32 елден келген 13 427 азамат арасында вакцинацияға деген көзқарас және үкіметтер пандемиямен қаншалықты тиімді күресіп жатқандығы туралы сауалнама жүргізілді. Басым дауыс халықтың вакцинаға сенетінін байқатты. Вакцинация бағдарламасының сәтті жүруі адамзаттың өмірін сақтап қалатынын адамдар түсініп келе жатыр. Демек,  вакциналарды жасайтын ғалымдарға, оларды жасайтын компанияларға,  вакцинация жасайтын денсаулық сақтау қызметкерлеріне,  бүкіл процесті бақылайтын үкіметке сенім бәрінен де маңызды. Осы сенім тізбегінің тұтастығы вакцинация науқанына азаматтардың саналы қатысуын қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Осы тізбектің кез келген буынына сенімсіздік оның тұтастығының бұзылуына және халықты вакцинациялау жөніндегі жұмыстардың нәтижесіз болуына әкеледі», дейді Алмаз Шарман. 

Алмаз Шарман айтып өткендей, вакцинаға сенбейтін адамдар дифтерия, коклюш,  полиомиелит,  тәрізді адамның денсаулығына қауіп төндіретін дерттерді білмейтін шығар деген ойда болыпты. Медицина дамыған сайын дерт түрлері көбейіп келеді. Вакцинаның нәтижесінде адамзатқа аты-заты белгілі дерт түрлерінің залалы әлсіреп жетеді. Пандемияның басталуы вакцинаға деген көзқарасты түбегейлі өзгертті. Вакциналар өте қауіпсіз және тиімділігі жоғары екендігі дәлелденді.

«Аурухана төсегінде ауа жетпей жанталасып жатып көз жұмған жақын адамдарымыздың тағдыры  еске түскен сайын бұған жол бермеу жолдарын іздеу адамзаттың № 1 міндетіне айналуы тиіс еді. Бірақ адам бойындағы қорқыныш, дезинформацияның әсері көзді байлап қойды, өліп бара жатқан адамдарды естен шығарып, сенімсіздік синдромының салмағын тереңдетіп жатыр. 

Адамдар өліммен дерттен емес, вакцинадан қорқа бастады. Бұл мен үшін парадокс», деп сөзін түйіндеді Алмаз Шарман.