Ұжым демекші, бүгінде ел ішінде мекеме қызметкерлері бірлесіп екпе егуді үрдіске айналдырған. Әсіресе, Алматы облысында. Бұл орайда облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары күнделікті мониторинг жүргізуде. Аудан, қалалардағы мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің қызметкерлері екпе салдыруға ұжым болып баруда.
Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұстаздары мен студенттері ұйымдасқан түрде екпе алуда. Бүгінгі таңда оқу орнының 674 қызметкерінің 304-і вакцинаның екі компонентін де алды. Ал 4 049 студенттің 1 261-і екпе салдырды.
– Ұжымдық иммунитет қалыптастырмай сырқаттанудың алдын алу мүмкін емес. Сондықтан университеттің оқытушылар құрамы мен студенттері екпе алуда. Жаңа оқу жылына дайындық бүгіннен басталған. Барлық санитарлық талаптарды сақтау назарға алынған. Университет Ashyq жобасына қосылды. Келушілер мекеменің сыртқы қашасынан тексеру тобының тексеруінен өтеді. Университетте вакцина салдырудың тиімділігі барысында брифинг ұйымдастырылуда. Екпе салдырғандарды марапаттау мақсатында студенттер үйінде тұру ақысын азайтамыз. Сондай-ақ шет тілін тегін оқыту курстарын ашамыз. Ағылшын тілінен дәріс жүргізіліп, сертификат беріледі, – дейді университет ректоры Қуат Баймырзаев.
Талдықорғандағы №1 емхананың санитарлық-эпидемиолог дәрігері Айгүл Мұсағұлованың айтуынша, Жетісу университеті сияқты ұжыммен екпе алып жатқандардың қатары өскен.
Аталмыш емдеу мекемесінің вакцина салу бригадасы мекемелерге өздері баруда. Екпені ұжыммен салдырамыз деп хабарласса, дәрігерлер жедел келеді.
Соның нәтижесінде қаладағы білім беру мекемелері, құқық қорғау орындары, әскери бөлімшелер коронавирусқа қарсы екпені кезекпен алуда. Бұл емхана күніне 500-600 адамға қызмет көрсетуде. Ал Талдықорған қаласы бойынша тәулігіне 900-ге тарта адам вакцина алып, жаман аурудан сақтануда.
Айтпақшы, осы ретте айта кеткеніміз жөн шығар. Тотыдай түрленген Талдықорғанда DiVera медициналық орталығы аясында орталықтандырылған медициналық зертхана ашылды. Заманауи ғимараттың лентасын облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев, OLYMP MEDICAL GROUP ЖШС бас директоры Ержан Сүлейменов, Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы, академик Диляра Қайдарова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков қиып, ақжолтай тілегін жолдады.
Денсаулық сақтау секторында халыққа бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамыта отырып, денсаулық сақтау саласының қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мән беріліп келеді. Медицинаның жоғары технологиялық жүйесін дамыту арқылы халықтың денсаулық жағдайын жақсарту қажеттілігі «Қазақстан – 2050» Стратегиясында атап өтілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, «КДЛ ОЛИМП» ЖШС компаниясы мен OLYMP MEDICAL GROUP ЖШС арасында мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізінде зертхана ашу қолға алынған еді. Шартқа сәйкес биоматериалдарды зерттеудің кең спектрі ұсынылып, қалалық емханалардың қажеттіліктерін өтеу үшін жаңа нысан салынып, жарақтандырылды.
DiVera медициналық орталығы – Fujifilm Amulet Innovality ең заманауи аппаратымен жабдықталған және қазіргі уақытта бұл облыс пен Талдықорған қаласындағы сүт безі қатерлі ісігінің кешенді диагностикасын жүргізетін жалғыз орталық.
Жобаның мақсаты – жоғары сапалы зертханалық қызмет көрсету, сырқаттарға нақты диагноз қою арқылы халыққа медициналық қызмет көрсетуді жақсарту, халыққа сүт безі сырқаты диагностикасы бойынша жоғары сапалы қызметтер көрсету, сүт безінің рентген суреттерін өңдеудің сандық әдістерін енгізіп, рентген суреттерін өңдеп, оқу және сақтауды қамтамасыз ету; сондай-ақ халыққа сүт безі скринингі бойынша қызмет көрсетуді жақсарту, сүт безі обырының алдын алу арқылы әйелдер арасындағы өлім-жітімді төмендетуге ықпал ету. Қазақстанда сүт безі обыры әйелдердің онкологиялық аурушаңдығы құрылымында бірінші орында және халықтың онкологиялық ауруларының жалпы құрылымында екінші орында тұр.
Мекемені ашудағы тағы бір мақсат – пациенттерді тексеру, кеңес беру және емдеу процестерін орталықтандыру. Аталмыш зертхана жылына кем дегенде 1 млн 530 мың зерттеу жүргізеді. Мекемеде гинеколог, педиатр, терапевт, тағы басқа мамандар қабылдау өткізеді.
Бірлігі бірізді Жетісу жұрты індеттен құтылудың жолы тұтастықта екенін ұққандай. Ұлттың денсаулығын түзейтін жаңа ғимараттар ел игілігіне жарап, тұрғындар байырғы алаңсыз күндеріне ораларына сенімдіміз.