Қоғам • 23 Шілде, 2021

Қазақты сүйген жүрекпен...

5472 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қауылжыр ауылының тұрғыны Елена Жылбаеваның әр ісі халқымыздың байырғы салт-дәстүрін бойына сіңірген, ақ жаулықты аналарымызбен тең түседі деуге болады. Мойнына «Алтын алқа» таққан көпбалалы ананың ел асып келіп, қазақы ауылдың тірлігіне сіңісуінің өзі бір бөлек әңгіме.

Қазақты сүйген жүрекпен...

Солдаттың көзі түскен қыз

Орынбай аға кеңес заманында Ресейдің Чуна қаласында әскери мін­детін өтейді. Техникаға жастайы­нан ептілігі басшылықтың назарына ілігіп, батальон командирі мінетін көлік­тің жүргізушісі болып бекиді. Казар­мадағы жауынгерлерге қарағанда көлік жүргізіп, сыртқа шығатын жауынгерде мүмкіндіктің мол болары белгілі.

– Менің енді бойжетіп келе жатқан кезім. Көшеде жүрсем, ағаң көлігімен бір өзі келе жатса, жаныма тоқтай қалып, «қарындас» деп әңгімеге тартатын. Астында «Зил» маркалы ірі көлік. Сонымен командирін тасиды және батальонға нан жеткізеді. Алғаш­қы т­а­ныс­­­тығымыз осылай басталды. Көше­­де жиі ұшырасуымыздың арты бір-бірі­мізді іздейтіндей сезімге ұласты. Әске­ри борышын өтеген соң ол еліне кетті. Бірақ арамызда «мәңгілік бірге боламыз» деген уәде бар еді. Көп ұзамай, 1985 жылдың мамыр айында Чунаға мені іздеп келіп, сол серті бойынша туған жеріне жар етіп алып кетті. Осы әулетке келін болып түскен кезде үйде марқұм Боранбай деген қайын інімнің Шолпан есімді келіншегі бар еді. Қазақ тілін тез үйренуіме сол келінімнің көмегі көп тиді. Үйренісе келе, осы жердің салт-дәстүрі, ауыл халқының ақжарма пейілін өзім де ұната бастадым.

Шаңырақ көтерген соң ағаң туған жері Қауылжырда теміржол саласында жұмыс істеп, 2017 жылдың ақпа­ны­нан бастап денсаулығына байланыс­ты одан өз еркімен босады. Мен де осы темір жолда 1989-1996 жылдар ара­лы­ғында бағыттама бұрушысы болып еңбек еттім. Бір-бірімізді демеп, Алла берген балаларымызды тәрбиелеп, ел қатарлы бір әулеттің бұтағын жайып отырған жайы­мыз бар, – дейді Елена апай.

«Алтын алқалы» ана қазақтың салт-дәстүрін жоғары бағалайды. Қасиетті Рамазан айында Ораза ұстауды өзіне парыз санайды. Төрт түлік мал өсіріп, сауын сауып, дастарқанын ағарғаннан арылтқан емес. Иркутскідегі сіңлісі өзге елге тұрмысқа шығатын болған соң, анасы Вера Шестакованы да 1997 жылы Қауылжырға көшіріп әкеледі. Қазақ жерінің тірлігіне тез үйреніскен қарт өткен жылдың жазында 81-ге қараған шағында дүние салған.

Ал Ресейде тұратын өзге туыстарымен арадағы қатынас осында келін болып түскеннен бері үзіліп қалған екен. Ол жаққа талай хат жазылса да бір жауап болмапты. Туыстарын та­уып, бір дидарласуды кейде ол кірпік ілмей түнімен ойлайтыны бар. Балғын балалық шағы есіне түсіп, туған жеріне деген перзенттік сағынышы артқанда ой тұңғиығына құлдилап бара жатқандай болады. Сондай сәтінде саңылаудан түскен бір жарық сәуле оған үнемі үміт сыйлап тұратын. Сол үміті оны ешқашан алдамады.

 35 жылдан соң табылған бауырлар

Өткен жылдың 1 мамыры – Қазақ­стан халқының бірлігі күніне орай ауыл кітапханасы санитарлық талаптарды назарға ала отырып, «Тәуелсіздік: бірлік және ынтымақ» тақырыбында өзге этнос өкілдерін қатыстырып, іс-шара өткізеді. Оның басты қонағы ретінде Елена апай шақырылды. Орайлы тұста Елена апаға: «Сіз туыстарыңызбен хабарласып тұрасыз ба?» деген сауал қойылады. Бұл сұрақ оның жүрегін ел­жіретіп, көзіне сағыныштың жасын үйі­реді. Тұрмысқа шыққаннан бері өз тума-туыс­тарымен арадағы қатынас ажырап қалғанын сол жерде ашық айтады. Кейіпкерінің көңіл толқынысын түсінген кітапханашы Алтынгүл Сегізбаева дереу «Евразия-1» телеарнасындағы «Жди меня» бағдарламасына ауылдасының мән-жайын тәптіштеп баяндап, хат жолдайды. Арада көп уақыт өтпей ол жақтан ақжолтай хабардың лебі еседі. «Іздегенге сұраған» дегендей, ондағылар да Қазақ елінде тұратын қыздарын іздеп жүр екен.

Телеарнаның облысымыздағы тілші­лері апаны басты кейіпкер ретінде көр­сету үшін оны қатыстыра отырып, Ақтөбе қаласындағы Пушкин атындағы ор­та­лық саябақта сюжет әзірлейді. Өткен жыл­дың шілде айындағы «Жди меня» бағдарламасының 322-шығарылымы осы кісілерге арналады. Бейнебайла­ныс арқылы апалары Нина Шестакова, Галина Филимоновалармен араға 35 жыл салып тілдесуі бір ғана Елена апайдың емес, оған тілекші ауылдастарының да ортақ қуанышына айналады.

Елена апай қазір Ресейдегі туыстарымен телефон арқылы жиі тілдесіп, құрақ ұшып көріспесе де бейнебайланысқа шығып, сағынышын басады.

– Апаларым маған келгісі келеді, мен де туған жерімде жерленген әкемнің басына бір барып қайтсам деймін. Бәріне мына індет тұсау болып тұр, бұйырса енді ешқашан ажырамай, бәрі ойлағанымыздай болады, – дейді ол.

 Тігіншілікпен тірлігін түзеген

Ауылдастары Еленаны жақсы тігінші ретінде де құрметтейді. Жастайынан ине-жіпке құмар болып өскен оның осы қызығушылығы есейе келе тігіншілік­тің қыр-сырын білуге жетелейді. 2016 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бизнес-кеңесші» жобасын оқып, сертификат алып, кәсібін дамыту үшін 900 мың теңге несие алады.

– Қазір түрлі тігісте тігетін төрт тігін машинам бар. Әу баста қол машинамен тігетінмін. Кейін олардың қатарын көбейтуге тура келді. Өйткені тапсырыс берушілердің талғамы жоғарылады. Қазақтың ою-өрнегін көрпеге түсірудің тәсілін өзім үйреніп алдым. Ине ұстамай ұзақ жүре алмаймын. Тігін тіксем, жаным сабырлылыққа суарылып, содан ләззат аламын. Ауылдастарым да осы өнерімді бағалап, тігінге қатысты шаруалары болса, маған хабарласады. Осы кезге дейін әрісі Ақтөбе, Шалқар, Ембі қалаларына қыз жасауларын жөнелткен екенмін. Ісмерлік қасиет мүмкін арғы ата-тегімде бар шығар, оны нақты біл­меймін. Бірақ қазақ халқына қажетті бұ­йымдарды тігуді осы жерге келіп үй­ренгенім рас, – дейді тігінші апай.

Орынбай аға мен Елена апайдың тұң­­ғыш­­тары Мейрамбек есімді ер бала. Одан ке­йінгі Мейрамгүл, Сәнім­гүл, Ай­­­жан, Сәу­ле атты қыздары тұрмыс құр­­ған. Ан­жела мен Тоқжаны қолда­рын­да. Отағасы биыл Пайғамбар жасы – 63-ке, ал апамыз 53-ке келіп отыр. Ендігі тілектері – ша­ңы­раққа ибалы келін түсіріп, немере-шөбе­ре­нің қызығын көру. Қазақ тілінде еркін көсі­летін Елена Юрьевна, міне, осындай жан.

 

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

 

Ақтөбе облысы,

Шалқар ауданы