Фотоларды түсірген Ерлан Омар. Egemen Qazaqstan
Сапар барысында делегация мемлекеттік орман қорын толықтыру мақсатында іске асып жатқан жұмыстармен танысты. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы Қазақстан халқына Жолдауында бес жыл ішінде елімізді ауқымды көгалдандыру міндетін қойған болатын. Тапсырма аясында 2 млрд ағаш егу жоспарланған. Ол үшін 5 жыл ішінде республикалық бюджеттен 22 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 60 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
Жоба аясында шамамен 610 мың дана сексеуіл, 555 мыңнан астам қарағай, 193 мыңнан астам үйеңкі, 132 мыңнан астам шегіршін, 100 мыңнан астам қайың және басқа да ағаш түрлерін отырғызу жоспарда бар. Ол үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК «Солтүстік аймақ» филиалында жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
Ағаш тұқымдары алдымен арнайы түтікте, контейнерде өсіріледі.
Әр контейнерде 20 дана өскін сақталады.
Кейін өркен топырақ салынған ыдыстарға ауыстырылып, ашық аспан астына шығарылады. Бұл оның жергілікті ауа райына бейімделуі үшін қажет.
Тамыр жайып, өсе бастаған ағаш өркендері келісімшарт бойынша қажетті аймақтарға жіберіледі. Орталық мамандарының айтуынша, жіберілген өркеннің 80-85%-ы тамыр алып кетеді.
Лабораторияда тұқымды өсіріп, оны отырғызуға дайын шыбық күйіне дейін жеткізу процессі 8-9 айға созылады.
Бүгінде «Бурабай ұлттық паркінде» 5 гектар жерге 40 мың қарағай отырғызылған. Күтіп-баптау үшін жұмыс жүргізіліп жатыр.
Екі жылдық қарағай ағашының биіктігі небары 5-10 сантиметрді құрайды. Олар өсіп, 2 метрлік ағашқа айналуы үшін 10 жыл уақыт керек. Жалпы жоба басталғалы бері биылғы жылғы көктемде 81,5 млн ағаш отырғызылған. Күзде тағы 48,2 млн ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Аталған жоба толықтай орындалған кезде еліміздегі орман көрсеткіші 4,8%-дан 5%-ға дейін артады.