Аймақтар • 23 Шілде, 2021

Шымкент өндірістік инвестицияға басымдық береді

538 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің жетекшілігімен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Онлайн форматта өткен жиынға салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдері, іскерлік орта өкілдері қатысты, деп жазады Egemen.kz қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкент өндірістік инвестицияға басымдық береді

Жиын барысында агроиндустриялық аймақты құру жөніндегі жұмыстың барысы, инвестициялық жобалардың таныстырылымы мен оларды іске асыру барысындағы ұйымдастырушылық мәселелер, штаб отырыстарында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы талқыланды.   

1

Қала әкімі М.Әйтенов агроиндустриялық аймақ орналасатын аумақтың инфрақұрылымдық әлеуетін толық зерделеуді тапсырды. Берілетін электр энергиясы қуатын, су көзі қорын есептеу бойынша нақты жұмыстар атқарылуы керектігіне көңіл бөлді. 

Штаб отырысында қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасы ұсынған инвестициялық жобалар қаралды. Оның ішінде жылына 50 млн дана жұмыртқа шығаруды көздеп отырған «Аймар құс» ЖШС-ның құс фабрикасын ашуға қажетті инфрақұрылым тарту мәселесі сөз болды. Жобамен мұқият танысқан қала әкімі М.Әйтенов салалық басқарма басшыларына тиісті ұсыныстар енгізу жөнінде тапсырма берді.

2

Құс фабрикасын салуға «Шағыр Агро» компаниясы да мүдделі. Мұнда жылына 20 мың тонна бройлерлік құс еті өндірілмек. Жобаны іске асыру үшін аумақ жоспарына өзгеріс енгізу қажет. Қала әкімі М.Әйтенов бұл мәселе бойынша да салалық басқармаға мәселені толық зерделеп, тиісті шешім қабылдауды жүктеді.

Басқарма ұсынып отырған тағы бір жоба – 600 бас ірі қараға арналған ет-сүт фермасы. Бұл жоба бойынша қаланың Бас жоспарына сәйкес нақты шешім қабылданатын болады.

Жиын барысында бірқатар инвестициялық құрылыс жобаларының да таныстырылымы өтті. Оның ішінде «Шымкент ақпараттық технологиялар университеті» ғылыми және білім беру инновациялық кешенін салу жобасы ұсынылды. Кешен ақпараттық технологиялар бойынша ғылыми база ретінде жасақталып, лабороториялық зертханалар ашылмақ. Мұнда 6 мың студент білім алып, жатақханамен қамтылады. Кешенде 600 адам еңбек ететін болса, оның 400-ден астамы – отандық және шетелдік ғалымдар болады деп жоспарланған.

3

Кешен жобасымен жіті танысқан қала әкімі М.Әйтенов бұл жобаны құрылысы қарқын алған Тұран шағын ауданында орналастыру мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Медицина қызметкерлеріне арналған 12 қабатты тұрғын үй құрылысын жүргізу мәселесі де штаб отырысында қаралып, қолдау тапты. Тұрғын үй келесі жылы алғашқы тұрғындарын қабылдайтын болады.

«Шымкент сити» шағынауданында салынатын 2 заманауи жекеменшік мектеп жобасы да қолдау тауып, құрылыс жұмыстары жақын күндері басталатын болды. Оқу ордаларының жалпы сыйымдылығы 2200 оқушыға арналған.

Штаб барысында бизнес санатындағы 8 көпқабатты тұрғын үй жобасы таныстырылып, мақұлданды. Құрылыс жұмыстарын отандық және шетелдік құрылыс компаниялары жүргізетін болады. 

Жиында, сондай-ақ, «Таскен» шағынауданында салынатын 300 оқушыға арналған жекеменшік мектеп пен 500 орынға арналған жатақхана жобасы таныстырылды. Ұсынылған нысандар қолдау тауып, құрылысы да жақын күндері басталады.

Қала басшысы М.Әйтенов Шымкенттің өркендеуіне инвесторлар қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді. Бұл, әсіресе, құрылыс саласының қарқын алуына негіз болып отыр. Әкім осы орайда сала жетекшілеріне жер учаскесін бөлу кезінде құрылыс жүргізу қарқынын есепке алуды тапсырды. Бөлінген жер учаскелері белгілі мерзім ішінде игерілмесе, қайтарып алу жөнінде механизмдер қалыптастыруды жүктеді.

4

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша штабтың алдыңға отырыстарында берілген хаттамалық тапсырмалардың ішінде 5 мәселе мерзімінде орындалмағаны айтылды. Қала әкімі мемлекеттік құрылым жетекшілеріне берілген тапсырмалардың барлығы мерзімінде әрі сапалы орындалуы керектігіне назар аударып, экономикаға инвестиция тарту мәселесі жайбарақаттылықты көтермейтінін мәлімдеді. Алдағы аптада инвестиция бойынша жұмыс жиыны өтетінін хабарлап, саладағы өзекті мәселелерді тағы бір мәрте пысықтау керектігін ескертті.       

Штаб отырысын қорытындылаған қала басшысы М.Әйтенов Шымкенттің заманауи мегаполис ретінде қалыптасуы инвестиция арқылы жүзеге асатынын жеткізді. Инвесторлар тарту арқылы қала экономикасы серпін алады. Инвестиция тартуға жауапты құрылымдар құрылыс нарығымен шектеліп қалмай, өндірістік жобаларды іздестіруде белсенділік танытуы керек екенін еске салды. Өндіріс орындарын ашу арқылы тұрақты жұмыс орындары ашылып, экономика үлесінде жергілікті тауар үлесі артатынын, қала тұрғындарының тұрмыстық ахуалы жақсаратынын мәлімдеді. Барлық сала жетекшілерін осы бағытта нәтижелі жұмыс жүргізуге шақырды.