Әдебиет • 26 Шілде, 2021

Сәулелі қаһармандар

777 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Философ даңқына қызықсаңыз,

роман жанрына қалам тартыңыз

 

Альбер Камю

Сәулелі қаһармандар

Сіз, көзі қарақты оқырман, көңіл қойып, тыңдарманға айналсаңыз, біз роман мақсатын айқындайық, жанрдың несі артық, кітапқұмар қауымды қызықтыратын қандай тақырып? Роман құдыреті – қайдан біткен қасиет? 

Әрине, бірінші алаңдататыны, стиль. Қаламгердің жазу мәнеріне қарай оқырманы да –не шағын, не көп болады. Сосын, екінші кезекте –баяндап-бейнелеген сюжеті – оқуға шақырып тұрады. Қалған айырым-белгілері аталған қос ұғымнан өрбиді. 

Роман – қиямет жанр. Асу. Екінің бірі полифонияға дайын емес, үлкен хронотоп кеңістігінен қаймығады. Михаил Бахтин енгізген түсініктер. Әдетте, көш орнықты жерінен қозғалмайды – ықтап отырған ауыл тәрізді. Әрі қысқа әңгіменің көркемдік күші (обояние), мөлдірлігі ықшам жанрға тастай берік, бір байланса жібермейді. 

Сонымен, роман дегеніміз не? Оны жазатын кім? 

Қаламы жүйрік, кең тынысты, сұңғыла жазушы ғана жанрға жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып шыға алады. 

Көбіне, роман жазуға таланты өлшеніп тартылған кәсіби қаламгер қауым құмар. Талпынысы қатты, дайындығы көп. Төселген қалам қалың уақиғаны игеруге даяр. 

Қазіргі уақыт шығарма көлемі ықшам, кейіпкер саны аз. Оқырман сюжетті дүниелерді ұнатады. Біздің автор шытырман желі мен әлеуметтік жауапкершілікті шебер байланыстыра алған. Романға қайтып оралайық. 

Біз, бір-бірімен сюжеттік желі, құрылым, композициялық реті, форма және мазмұн көлемі талаптары тұрғысынан бейнелес, тарихи ұзақ мерзім ішінде қабат қалыптасқан әрі белгілі бір ерешеліктері бойынша бірге топтасқан көркем шығармалар жиынтығын жанр деп атаймыз. Ертеден келе жатқан дәстүр. 

Бәрі қатарынан қалам тартатын тақырып емес. Ілуде бір кездесетін талпыныс. Сирек табылатын дарын. Эпостық жыр үлгілері есебіндегі құбылыс. 

Роман жанрын ардақтаған әдебиетіміздің аяулы суреткерлерінің бірі – Сәуле Досжан. Дәлірек айтсақ, көркем-деректі шығармалардың авторы, жазатыны, негізінен, романдар.   

Ол жазу барысында, кейде, екі дүние арасындағы бөгеттерді жойып, кітаби ғұмыр мен реалды дүниені қосып жібереді. Екі әлемдегі кейіпкерлер бір-бірінің кеңістігіне еніп, араласып жүре береді, кезінде, Фолкнер, Маркес, Тәкен Әлімқұлов қолданған метод.

Сосын, қазақтың көрнекті тарихи тұлғалары көркем романда – сол күйінше, ешқандай өзгеріске ұшырамай, көркем образға айналмай – қаз-қалпында көшіріліп, шын өмірде жүргендей дәріптеле түседі. 

Сәуле Досжан шығармаларының әлеуметтік жүгі бар. Әр туындысы – белгілі бір қоғамдық миссия-міндетті атқарады. Тілі жатық. Шұрайлы. Ойы түсінікті. Оқырмандары сырластары секілді. Ештеңені күрделендірмейді, қиындатпайды. Оқырманның өзі тәрізді жазушы. Бірақ, осы бір оңай көрінген амалда, шешімде күрелі дүниелер жатыр. 

Достоевский қоғамдық қылмысты, әлеуметтік шиеленісті көрсету мақсатында кейбір кейіпкерлерін құрбан етіп отырады, қатыгездігі аяныш туғызады. Біздің автор, Сәуле Досжан, керісінше, – әр кейіпкеріне жанашыр. Қаһармандары иманды қаламнан жазушы нұрына бөленеді, кейін – оқыған адамға сәулесін түсіріп тұрады.   

 

 

  1. «Үзілмеген үміт»

(роман, «Қазақ университеті» Баспа Үйі, Алматы, 2019 жыл, таралымы: бес жүз дана) 

Әдебиет-өнер кеңістігіне кешігіп жеткен беймаза, бейнетқор автор аз уақыт ішінде көп нәрсе жазып үлгерді. 

Үнемі кейіпкерлерін қайғы-қуаныш үстінде тексереді, бақ пен сорда сынайды, экзистенциалистік жағдайда көрсетеді, тіпті, кейде азап-мехнатты бір басына қабат-қабат үйіп-төгеді. 

Сынға кезек, сынаққа бірге түседі. Мехнаты көп ғұмыр, шаруа бағып күн көрген қоңыр төбел тіршілік, тартыс, күрес – бәрі тараудан тарауға, парақтан параққа озып, көшіп, тасымалданып – дамып, кемелденіп, ауысып отырады, ат басындай қайғы – тарқамайтын қуанышқа ұласады, жарымағаны жақсылыққ кез болады, ылғи жарқылдаған динамикалық геройлар. Тілі оқуға жеңіл, уақиғасы түсінуге оңай: дәстүрлі прозаның үздік те үлгілі сипаттары бар. Сюжеттері – аса белсенді. Әрі екпінді. Іш пыстырмайды. 

Жалықтырмайды. Өзгеріп, өніп, өрістеп отырады. Кейіпкерлері – жарқын тұлғалар. Есте қалатын, бір сәт ұмытылмайтын персонаждар. Түгел қаракет жасап, қайрат көрсетіп жатады. Тегіс – ширақ, сергек, шалт. Біз қарастырып отырған Сәуле Досжан шығармашылығы айтқан сөзімізге куә. Романдары – нығыз, іс-әрекеті көп, уақиғасы қалың. Бас қаһармандары – жалынды, жігерлі, еңбекқор... Күллі шығармасы дерлік – қазақтың ұлы мұңы – Семей полигоны құрбандары туралы екен. Тақырыбы да сол. Өзі автор Семей, Қайнар, Қарқаралы өңірін түгел аралаған екен, жолын үйреніп алыпты, ауыл, жыра, сай-сала, тау-тас аттарын, жол сілемін жатқа біледі. Еркін сілтейді. Шұрайлы тіл пейзаждарға жақсы – бай кейіптейді. Кестелегені – нәзік өрнекті. Жазуға енді жеткендей, асығып, сағынып жазады. Көркем мәтінге құштар.

 

 

2 . «Үлкен үйдегі үрей»

(роман, «Жазушы баспасы», Алматы, 2013 жыл, таралымы: екі мың дана)

 

Бұл роман – үш ғасырдың жиынтығы, қазақ тарихының үлкен уақиғаларын қамтиды. Тілі жатық, құнарлы, жақсы шығарма. Тез оқисыз. Сюжеттік желі Қарқаралы-Семей өңірінде қалың дәулет, қазына-байлығымен аты шыққан татар көпесінің Қарқаралы қаласында салған «Акметовтің үйі» тұрғындарының өмірі төңірегінде өріледі. Бүкіл романды бір қаһарман өзіне байлап тұр: ол Арслан, әуелі, аталған туындының бастапқы жартысында тірі кезін, адам бейнесін көреміз, кейін әкесінен мұра үйді күзетіп жүрген елес күйінде танимыз. Тірі кейпінен ажырап, терезеден жібек шілтер жамылып түнгі бөлмеге түскен аруақ ұйықтап жатқан жұрттың мазасын алады. Себебі, жаназасы шығарылмаған, зиратқа қойылмаған, қабірін таппаған бейбақ... ағайын-жұрты арулап көмбеген, артынан ұрпағы Құран да оқымаған шарасыз – іргесіндегі отын қорада ораулы жатқан мүрде мәңгілік орнын тілейді. Ақ қашып, қызыл қуған заманда әке мұрасына ие бола алмаған Арсланды тоқалы Хадишаның екінші революционер күйеуі балтамен шауып өлтіреді де, кезінде әкелі-балалы Акметовтер алтын-күмісін, інжумаржан тастарын сақтаған құпия отын қоймаға апарып тастайды. Бергі жағынан отын қалап, іргені жауып, бекітіп қояды. Хадиша, негізі, азғана уақыт дәурені жүріп, шалқып өмір сүрген персонаж. Татар күйеуіне атбайлар баласын тауып беріп, ықпалы енді күшейген кезде, төңірегін билеп-төстей бастағанда, заман өзгереді. Ол ерінің татар бәйбішесі Нүрияны қазан-ошақтан, үй шаруасынан, әңгіме-кеңестен шеттетіп те қойған еді, төменгі үйге қуып, бүкіл ырзықтан аластағаны да, қашырғаны да рас болатын. Бірақ, Таупық дүниеге келгелі – дүние тарылады. Ел бұзылады, совет белсенділері ойран салады, қазына-мүлікті тәркілейді. Кітаптың соңында елестің құпиясы ашылып, жұмбағы шешіледі. Бірақ, елес қаншама адамды қазаға ұшыратады. Өлі риза болмай, тірі байымайды деген осы.

Шығармада қаламгердің шынайылығын көрсететін, тіл сұлулығын аңғартатын детальдары көп-ақ: 1) «Оның алп-алп басқан әр қадамы әйелдің жүрегін жаншып кетіп бара жатты», 2) «Кәмшат бөрігінің үкісі бұлғаңдап, қыжым бешпентінің белін қынай буып... 3) «Басында кимешек, кең-мол пішілген бәтес көйлектің сыртынан жеңсіз пұлыш киеді», 4) «Баяғы Акметовтан қалған үлкен үйдің екі жағынан екі есік шығарған Шапанбаевтар мен Шалқарбаевтардың отбасылары өсіп-өнім жатты»...

 

 

  1. Екі «күйеулі келіншек»

 

(«Жазушы баспасы», Алматы, 2013, таралымы екі мың дана) 

Хикаят Көркем туынды Бас кейіпкер Гүлжанның өз басынан өткен жайттарды жорналшы құрбысына айтудан басталады. Гүлжан қолында бір күйеуі – мүгедек Ерік – бар. Өзі – Игорьдің әйелі. Балалардың әкесі Ерік ішіп кетіп, өмірінің соңында Гүлжанды жағалап қайта оралады. Ұрпақ үшін кешіреді. Артынан ерген нәсілі әкесін өздері күтеді. Игорь – қарсы емес, тек арағын қойсын дейді. Бас жағында, орта тұсында қалаға келгендегі өмірі әңгімеленеді. Асхана бастығы Марат екеуі арасындағы қарым-қатынас нанымды бейнеленеді. Шығармада атауы көрсетіп тұрғандай қазақ қоғамына да азаматтық неке дендеп еніп келе жатқаны, күн тәртібіне көтерілгені сөз болады, тіпті, көп еркекпен қатар жүре беретін бай келіншектер туралы да әңгіме қозғалады.

 

 

  1. «Жатқа туған бала»

(хикаят, «Жазушы баспасы», Алматы, 2013 жыл, таралымы екі мың дана)  

Бұл шығарма ерлі-зайыпты Жария мен Мақсұттың тағдырын бейнелейді. Перзентсіз отбасы Жақсыбек пен Айғаным жалған-ана» (суррогат-ана) көмегімен бала сүюді армандайды. Құрбысы Шара Жарияны Түркияға оқуға кеткен жолдасы жоқта Айғаныммен таныстырады, екі жақ «жалған ана» қызметінің құнын екі бөлмелі пәтер деп белгілеп, ортақ келісімге келеді. Бірақ, кейін, бәрібір, күйеуі Мақсұт құлақтандырылады. Ұрық кезінен өсіріп-жетілдірген баланы дәл туар алдында жақсы көріп қалған ана қимай, қатты қиналады. Шығарма үлкен философиялық-этикалық мәселелерді көтереді. 

 

 

  1. «Қасірет пен тағдыр» 

(роман, «Қазақ университеті» Баспа Үйі», Алматы, 2019 жыл, таралымы 500 дана) 

Роман – төрт жүз бет. Басты қаһармандары: Аяулым, Мэлс, Әмір, Гүлім-ай... Бүгінгі заманда кең тынысты шығармалар жазылатынына күмән білдіруші едік. Бар екен. Тегі, автор үлкен шығармалар жазуға төселіп алған тәрізді. Роман Аяулым мен Мэлс арасындағы жас махаббат, мөлдір сезім туралы эпизодтардан басталады. Кейін Мэлс үйленбей қалады, Аяулым Әмірмен қосылады. Мэлс – мүгедек. Тіпті, Аяулым да Шынар есімді қыз тауып, нәресте құрсағынан Даун кеселіне ұшырайды. Ақыры, шетінеп кетеді. Әмір ерте дүние салады. Бұл жайт Аяулымды қатты қинайды. Жұмыс іздеп, бала-шағасын асырайын деп, әбден сергелдеңге түседі. Қорлап та кетеді, бірақ, Ауялым отбасын сүйреп жүріп ақыры жақсы күніне де жетеді. Ол әлі үйлене қоймаған Мэлске тұрмысқа шығып, бақытын табады. Сәуірдің ызғары бар екен, деп жазады автор кітабының соңына қарай (382-бет), сюжет те финалына жетіп қалған кез... 

Ол (Аяулым) сәуірдің бір кешінде Мэлсті күтіп тұрады, екеуі сөз байласуы тиіс, аса маңызды күн. Бірақ, ызғарды шегіндірген екі нәрсе болады, бірі екеуінің жұптасуы, бірі, бұл қуанышты хабарды естіген Мэлстің жүріп кеткені... аз-аздап, қаз-қаз басып. Әдетте, көктемнің ызғарын сындырып сәуірден соң жылы маусым келеді. Әрі қарай – жаз. Өмірдің белсенді уақыты. Сәуірде табысқан қос тағдыр енді күллі кедергіні бұзып өтуге әзір. Қаламгер әлеуметтік мәселені, жеке адамның қайғы-шерін бүкіл халықтық драма деңгейіне көтере білген. Зұлымдық ақырына дейін айтылса ғана кетеді. Қайратты қаламға атқаратын жұмыс көп.

 

  1. «Қажымұқанның қасқа жолы: Жақсылық Үшкемпіров»

(Сәуле Досжанның «Біртуар» атты деректі романы жөнінде) 

Үстіміздегі ғасырды көп жұрт киіз туырлықты қазақ халқы ғасыры деп атап жүргені жайлы анда-санда баспасөз жүзінен оқып қаламыз. Бір-бірінен асып туған ел жоқ, бірақ, белгілі бір дәуірде, қандай да бір заманда, белгілі бір жағдайларға байланысты, аты озып, бағы жанған тұстары болады: бүгінде сол топжарған ұлт-ұлыстар қатарына алаш жұрты да жататыны сөзсіз.

Әлемде, дүниежүзілік сахнада елінің әнін де, атын да оздыратын өнерпаз тұлғалар өз ұлтының есім-сойын адамзат тарихы тақтасына алтын қаріптермен жазып қояры анық, оны өркениеттердің іргесіне құлаған тас қабырғалары да, жермен-жексен боп жатқан қыш дүниелері, тұрмыс заттары, қала бұйымдары да, қираған сарайлар орнында қалған жота-жота, тау-тау үйінділері де, тіпті, ғарыштан жеткен шаң-тозаң да, ғаламның көшкен құм-топырағы да, ештеңе өшіре алмайды. 

Берлинді бөлген солшыл идеялар күйреп, мемлекеттер алыбы – Совет Одағы ыдырағанда, кеше құрмет-қошемет әперген, кішілігін күшейтіп, азды көптің қатарына қостырған Үшкемпіровтер, керісінше, ұлт байрағына, Тұран ұранына – азаттық символдарына айналды. 

Кезінде, қиын уақытта елін ардақтаған, Отанына қалтқысыз қызмет еткен жанкешті жеңімпаздар – бүгін жаңа буын, жас ұрпаққа үлгі-өнеге, насихат.

Өнеге көрген толқын – қазіргі таңда өркениетті елдердің жұлдызы: Димаш, Иманбек, көптеген өнер мен спорт өкілдері, ғалымдар, ойшылдар, іскер адамдар, бәрі тегіс Қазақстанды әлемге танытты. 

Қазақтың атын шығарған, атақ-даңққа бөлеген әрбір жақсы жас – Жақсылық Үшкемпіровтің де ағайындас (аталас) бауыры, ет жақын туысы. Кеше елін сүю ерлігіне пара-пар еді, енді бүгін сүйіспеншілік идеясы өркен жайып, тұтас ұлттың философиясына айналды. 

Төрткіл дүниені түгел қамтып қазақ құбылысы елдерді таңғалдырып келе жатыр. 

Кітап тез оқылады... Әу деген сәттен бастап-ақ сексенінші жылғы Олимпиадаға асықтық. Жеңімпаздың Талас өзені бойында өткен бала кезі, Мойынқұмға сапары, жастықтың Ертісті кесіп жүзген бақытты шақтары, емтихан, оқу, спорт, алғашқы жеңістер, табыстар, кедергілер, әулет аңыздары, шежіресі, Қажымұқан-Поддубный хикаясы, Шәміл Серіков тағдыры (әкесі – Керім, анасы – Сара), әр белдесудің жадта жатталып қалатыны, жоғалған күнделік, Торғай халқының құрметі, жас арудың қуанышы, беу, шіркін, қазақы құйылып түскен сөздер, сөйлемдер, қырдың жұпары, ауыл иісі аңқыған, елдің, жердің ажар-көркі көрсетілген көркем туынды көңіліңізді жаулап алады, сюжеті оқып біткенше байлап ұстайды, жан-жағыңыз – қарсы алдыңыз да, ту сыртыңыз да – тым-тырыс, дүние жым-жырт, әредік кітап беттері ғана сытырлап, парақтап жатқаныңыз құлаққа әлсін-әлсін келеді, үй ішіндегілерге, көрші бөлмелерге әлсіреп жетеді, басқа дыбыс жоқ, болуы да мүмкін емес, бейқамдық, немқұрайдылық салтанаты, қызықтың бәрі кітап ішінде, таңғажайып атмосфера, туынды өзі жетелеп отырады, соңыңа қарай, әрине, асығасыз, финалында жүлде күтіп тұрғандай толқисыз, құдды біреу оңаша оқуға қалдырып кеткендей... кітаптың ішінде де, сыртында да – тыныштық. 

Тыныштық – сабырлы қалам белгісі. Байсалдылық. байыптылық иесі. Тыныштықтың үні дүние тыныштала қалғанда болмашы дыбыстардан естіледі. 

Шығармада дерек көп, мысал – жеткілікті. Бейнетқор қаламның еңбегі көрініп-ақ тұр. Қызықты жайттар Бодрийяр философиясы ашқан жарнама түзілістеріндей мені көр, мені біл, мені таны дегендей оқуға шақырып, еліктіріп, қызықтырып тұрады.

Қорыта келгенде, Сәуле Досжан қалам тартқан «Біртуар» – жанрлық тұрғыдан – деректі роман. Менің бағалауымша, үйренетіні көп әулет кітабы. Ұрпақ өсіріп, бала тәрбиелейтін туынды. Мемлекетшіл тұлға қалыптастыратын, өнеге іздеген отбасы қадірлеп ұстайтын мұра. Әкеден балаға қалатын байлық. Дәулет.   

Бұл кітап – ұлттық қазына жаршысы. Ол – ұлттық қазына. Қазақтың әлемге жасаған Жақсылығы.

 

  1. Қорытынды

Қазіргі таңда оқырманы іздеп отыратын жазушыға айналған Сәуле Досжан – бірнеше үлкенді-кішілі кітаптың авторы. Десек те, қаламгердің жоспары көп, шығармашылығын өрістетіп, жаңа туындылар жазуға ынталы, тоқтамаған қалам ешқашан тоқырамайды.

 

 

Дидар АМАНТАЙ

 

25.07.2021