Бақуатты, табысы мол, көбірек вакцинамен қамтылған елдерде жағдай оңалғанымен, вирустың жаңа нұсқаларымен күресуге қаражаты жетіспейтін, табысы төмен елдерді үмітсіздік бұлты торлады. Жеті апта бойы вирус жұқтырғандар санының азайғанын хабарлаған ДДҰ қазіргі таңда шартараптың түкпір-түкпірінде науқастардың қайта өскенін айтып отыр. Мысалы, 6 шілдедегі апталық эпидемиялық мәліметте Еуропада вирус жұқтырғандар саны 30 пайызға артқаны анықталды. Еуропалық одақ бүкіл ересектердің 70 пайызын қамтуға жеткілікті вакцина дозаларын жеткізді.
Жаһандық ахуалдың нашарлауының себебі белгілі. Қазір 111 елде анықталған Delta нұсқасы бұрынғы SARS-CoV-2 штамдарына қарағанда әлдеқайда жұқпалы және өте тез таралады. Жаңа нұсқалардың пайда болуы бізге мына мәселені еске ұстауды талап етеді. Қолданған шараларымызға қарсы тұра алатын, уақыт өте эволюциялық жолмен өзгеретін тірі ағзамен күресіп жатырмыз.
Альфа және Бета нұсқаларынан төнген қауіп аз, бірақ Дельта нұсқасы ешкімді аяр емес. Келешекте жаңа мутациялардың қандай болатынын ешкім болжай алмайды. Анық бір нәрсе бар. Вирус әлемде алшаң басып жүргенде жаңа нұсқалардың шыға беретіні сөзсіз.
Еуропада және Солтүстік Америкада вакцина алған халықтың үлесі өсіп келе жатқанда шектеу талаптары, маска кию және басқа да карантиндік шаралар жеңілдетілді. Бұл қадам сәтсіздікке ұшырап, болжанған теріс нәтижеге әкелді. Таяуда Нидерланд премьер-министрі Марк Рютте елде тіркелген науқастар санының күрт өскені үшін кешірім сұрауға мәжбүр болды. Оның осындай қадамға барған соңғы көшбасшы болуы да екіталай.
Сорақысы, бай елдер басқаларға көмектесуге құлықсыз. Бірнеше мәрте G7 және G20 кездесулерінен кейін халықаралық қоғамдастық вакциналарды тең бөлісудің халықаралық үйлестіруші механизмі – Covid-19 Tools Accelerator (ACT-A) бастамасын қаржыландыруға қажетті 16 миллиард қаражатты әлі бөлген жоқ. Бұл сома ұлттық экономиканы қолдауға жұмсалған триллиондаған доллармен салыстырғанда өте аз.
Бақуатты елдердегі ахуал қалыпқа түсе бастаса, вакциналар, респираторлар, оттегі баллондары, тестілеу мен тізбектеу құралдары жетпей жатқан басқа көптеген мемлекетті үмітсіздік жайлап барады. Delta нұсқасының күрт тарауына байланысты олардың қолдан келетін қайыры шамалы. ДДҰ-ның Covid-19 бойынша техникалық жетекшісі 6 шілдеде әлемнің бүкіл бөлігінде науқастар саны тез көбеюі мүмкін. 20-дан астам ел бар екенін ескертті. Аталған мемлекеттердің көпшілігінде вакцина салу деңгейі төмен болғандықтан, өлім-жітім көбейетіні сөзсіз.
Жалпы алғанда, жер шарындағы халықтың төрттен бір бөлігі ғана вакцина салдыртты. Бұл қалыптасқан ахуалға қатты әсер ететіндей көрінуі мүмкін. Бірақ екпенің жеткізілуі, негізінен, табысы жоғары елдерде басым. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияны тоқтату үшін әлемнің 70 пайызы вакцина салдыруы керек деп есептейді. Бұған қол жеткізу үшін әлі атқаратын шаруа көп.
Иә, вакцина өндірісі тез артып келеді. Фармацевтика саласындағы көшбасшы компаниялар биыл 11 миллиард доза (әлем халқының 70 пайызын қамтуға қажетті мөлшер) шығаруға уәде беріп отыр. Бірақ бұл өндіріс әлемдегі басқа аурулармен күресуге керек. 3-4 миллиард вакцинаны шығаруға кедергі келтіреді. Covid-19 вакциналарын шығару – күрделі процесс. Pfizer / BioNTech вакцинасына әлемнің 19 елінен келетін 280 қоспа қажет. Өндірісті ұлғайту бұрын-соңды кездеспеген 200-ге жуық жаңа технология трансферті келісімдерін талап етеді.
ДДҰ мен Дүниежүзілік сауда ұйымы осындай келісімдерді жеңілдету мақсатында әрекет етіп жатыр. Әйтсе де, саудадағы шектеулер мен вакциналарды бөлісудегі кедергілер өзектілігін жойған жоқ. Жақында ДДҰ вакциналарға әсер ететін саудадағы шектеулер саны пандемия басталған кездегі 109 көрсеткіштен азайғанымен, өндірістің өсуін бәсеңдететін 53 ереже бар екенін атап көрсетті.
Осы орайда, Үндістандағы қайғылы жағдай қайталанбас үшін көбірек оттегі қажет. Көпжақты институттар мен үкіметтік емес ұйымдар негізгі жаһандық жеткізушілермен маңызды келісімдер жасасты. Бірақ Африка мен Азияның кейбір бөліктеріндегі ахуалға байланысты қажетті оттегімен қамтамасыз ету үшін көп нәрсе істеу керек.
Сонымен қатар жабдықтарды сынау және ретке келтіру індет ошақтарын басқару үшін де, жаңа нұсқаларды тауып, тез қимылдау үшін де өте маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төрт қауіпті нұсқадан басқа тағы төрт «күдікті нұсқаны» бақылап отыр. Олардың бірі – Лямбда нұсқасы қазір 29 елде табылған.
Нұсқа проблемасы осы дағдарыстың ғаламдық сипатын көрсетеді. Вирус алғаш рет Қытайда анықталғанымен, қауіпті төрт нұсқа алыстан – Африкадан, Бразилиядан, Ұлыбритания мен Үндістаннан анықталды. Лямбда алғаш рет Перуде тіркелді. Келесі нұсқа кез келген жерден шығуы мүмкін. Сондықтан қол қусырып қарап отыруға болмайды. Егер жаңа нұсқалардың тіркелуінен сақтанғымыз келсе, вакциналауға қатысты жаһандық күш-жігерді екі есе көбейтуіміз керек.
Қазіргі уақыт – саяси көшбасшылық сынағы. Бүкіл мемлекет вирус ешкімге қауіп төндірмейтіндей болғанша, ахуал жақсармайды деген қағиданы байыпты қабылдауы керек. Басқа елдердегі сәтсіздік пандемиямен күрестегі жетістіктің күл-талқанын шығаруы мүмкін. Сондықтан бұған мұқият болу қажет.
Карл БИЛДТ,
Швецияның бұрынғы премьер-министрі және бұрынғы сыртқы істер министрі
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org