Қазақстан • 26 Шілде, 2021

БҰҰ өкілінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары

612 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бірік­кен Ұлттар Ұйымына мү­ше­лікке қа­былдану әлем картасындағы жаңа мем­ле­­кеттің тәуел­сіз­ді­гін халық­ара­лық қауымдастықтың ең жарқын және сөзсіз мойындағаны болып саналады. Көпшілікке мәлім, Қа­зақстан әлем­­нің іргелі жаһандық ұйымына 1991 жылғы 2 наурызда қабылданды.

 

БҰҰ өкілінің Қазақстанға  алғашқы ресми сапары

Бүгін біз осы жолдағы көп­ші­лікке бейтаныс, бірақ өте ма­ңызды бір тарихи деректі ес­ке салғымыз келеді. Әңгі­ме БҰҰ Хатшылығының жо­ға­ры деңгейдегі өкілінің Қазақ­стан­ға алғашқы сапары туралы өрбімекші. Ол респуб­ли­ка­мыз­дың тәуелсіздігін жариялауынан бір­неше ай бұрын болған еді.

1991 жылдың  25–30 шілде аралығында Қазақстанға менің шақыруымның негізінде БҰҰ Трансұлттық корпорациялар жө­ніндегі орталығының ат­қару­шы директоры Питер Хансен келген болатын. Мен онымен 1990 жылдың күзінде Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 45-ші сессиясына Қазақ КСР-нің сыртқы істер министрі әрі кеңес делегациясының мүшесі ретінде танысқан едім.

Питер Хансен – Дания азаматы және Оденсе университетінің профессоры (айтпақшы, бұл қалада оның әлемге ең әйгілі отандасы, жазушы Ханс-Кристиан Андерсен дүниеге келген). 1978–1988 жылдарда БҰҰ Бас хатшысының бағдарламаларды жос­­­­парлау және үйлестіру жөніндегі кө­мекшісі болып жұмыс істеді. 1985 жылы БҰҰ Трансұлттық корпорациялар (ТҰК) жөніндегі орталықты басқарды, ал 1994 жылы БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

ТҰК жөніндегі орталық 1974 жылы БҰҰ Экономикалық және әлеу­меттік кеңесінің (ECOSOC) 57-ші сессиясындағы қарармен дамушы елдердің бастамасымен құрылған БҰҰ ТҰК жөніндегі комиссиясының көмекші институты ретінде құрылды. Оның бас­­ты міндеті – ТҰК үшін әдеп кодексін әзірлеу болды, ол сайып келгенде, сол күйі қабылданбай қалды. 1993 жылы Орталық ТҰК халықаралық қызметін бақылау және реттеу мәселелерімен айналысатын БҰҰ Сауда және даму конференциясының (ЮНКТАД) құра­мына берілді.

Сапар барысында П.Хансен рес­публиканың әлеуметтік-эко­но­­микалық жағдайымен таныс­ты, бас­шылығымен кездесті және өзі бас­қаратын орталық пен Қазақстан арасында нарықтық экономиканың негізін құру саласында ынтымақтастық орнату, халықаралық экономикалық қызмет туралы заңнаманы әзірлеу мәселелерін талқылады.

1991 жылғы 25 шілдеде П.Хансен Алматыға келген кезде Қазақ КСР Премьер-минис­трінің орынбасары Қ.Т.Тұры­сов­пен кездесті. Олар­дың сұх­батына Қазақ КСР Президенті жа­­нындағы Жоғары эконо­ми­­калық кеңес төрағасының орын­басары Д.Х.Сембаев, Кө­лік министрі Н.Қ.Есенғарин және үкіметтің экономикалық бө­­лімінің басқа да ресми тұл­ғалары қатысты. Күнделігімде жаз­­ғаныма қарағанда, кездесу ба­рысында қазақстандық тарапты қызықтыратын нарық­тық эко­номикаға көшу және рес­пуб­ли­­каның сыртқы эконо­м­ика­лық қыз­ме­тін дамыту мәсе­ле­лері кеңінен талқыланды.

1989 жылы үкімет Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен республиканың сыртқы экономикалық қызме­тінің тұжырымдамасын әзірлеп, соның негізінде Қазақ КСР-нің сыртқы экономикалық қызме­тін дамыту бағдарламасын қабыл­да­ғанын ескерген жөн. Оның негізгі мақсаттарының бірі – Қазақстан аумағында еркін эко­но­микалық аймақтарды құру және шетелдік инвестицияларды тарту болды, соған байланысты тиісті заң­на­ма­лық негізді дайындау қажет еді. Аталған мәселеге қатыс­ты БҰҰ-ның бейінді құры­лы­­мы­­ның сараптамасы өте орынды болды.

26-27 шілдеде П.Хансен атал­ған еркін экономикалық аймақ құру жоспарланған Қарағанды облысына барды. Ол Қарағанды облыстық кеңесінің төрағасы И.Г.Мусалимов, кеншілер ұжымы өкіл­дерімен және сыртқы эконо­микалық байланыстарға қа­тысы бар жергілікті басшылар­мен кез­де­сіп, Қарқаралы кең­шарында бол­­ды.

29 шілдеде Қазақ КСР Сыртқы экономикалық байланыстар ми­нис­тр­лігінің мамандарымен кез­десуі ұйымдастырылды.

Сол күні Қазақ КСР Жо­ғар­­ғы Ке­ңесінің төрағасы Е.М.Асан­баев­пен кездесу өтті. Та­рап­тар Қазақстанның әлемдік эко­но­­микалық қатынастарға қо­сы­луына байланысты дайын­дал­­­ған заң жобаларына халық­ара­лық сараптама жүргізу мәсе­ле­­лерін, атап айтқанда, «Ер­кін эко­номикалық аймақтар тура­лы», «Тікелей шетелдік инвестициялар туралы» заң жобаларын талқылады. Кейінірек біз оларды П.Хансенге жіберіп, ол жобаларға беделді халықаралық сарапшылардың талдауын ұйым­дастыруға белсенді түрде кө­мектесті. Нәтижесінде, парла­ме­нт нарықтық экономиканың не­гіздерін қалыптастыру үшін маңызды осы заңдарды олардан алынған құнды ұсыныстарды есепке ала отырып қабылдады.

30 шілдеде БҰҰ өкілі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Эконо­ми­калық реформалар комитетінің депутаттарымен кездесті. Сол күні оны Премьер-министр Ұ.Қ.Қараманов қабылдады да, сұхбат барысында БҰҰ-ның ТҰК жөніндегі орталығымен ынты­мақ­тастық туралы біз ұсын­ған құжат жетілдіріле түсті.

Содан кейін П.Хансен және Премьер-министрдің орынбасары Қ.Т.Тұрысов «Қазақ КСР Үкіметі мен БҰҰ Трансұлттық корпорациялар жөніндегі орта­­­лығы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге» қол қойды. Онда халықаралық экономикалық және құқықтық қағидаларды орын­дау арқылы республиканың кәсіп­орындары мен ТҰК арасында өзара тиімді негізде қарым-қа­ты­нас орнатуға, Қазақстанның сыртқы экономикалық қызметіне және оның әлемдік экономикалық жүйеге интеграциясына қатысты БҰҰ орталығының заң жобаларына сараптама жүргізуге жан-жақты көмек көрсетуге дайын­ды­ғы атап өтілді.

1 тамызда сапар қорытындысы бойынша ҚазТАГ-қа берген сұх­ба­тында П.Хансен Қазақс­тан­­ның табиғи ресурстарға бай, эко­номикалық әлеуеті мықты ел екеніне көзі жеткенін айтып, рес­­публика басшылығы на­рық­тық қатынастарға көшу жо­лында се­нім­­ді бағыт ұстануда және ха­лық­­қа лайықты өмір сүру дең­ге­йін қамтамасыз ету үшін жағдай жа­­­­сау­­ға ұмтылуда деген баға бер­­ді.

Мен П.Хансеннің осы сапары барысында мәртебелі қона­ғы­мыздың республикамызға, оның мәдениеті мен тарихына деген шынайы қызығушылығы мен құр­­­ме­тіне, нарықтық экономикаға көшу жос­парларымызды жү­зеге асы­руға көмектесуге да­йын екен­дігіне куә болдым. Оның Ал­матыдағы таулардың ға­­жа­йып көрі­нісіне, Қарағанды облы­сын­дағы шексіз қазақ даласына және Қарқаралы өлкесінің керемет табиғатына сүйсінгені есім­де.

Бұл оқиғаның қызықты жал­ға­сы болды. 1991 жылы жел­тоқсан айының соңында Тұң­ғыш Президенттің тапсырмасымен жаңа тәуелсіз мем­леке­тіміздің БҰҰ мүшелігіне қабылдануына дайындық жасау үшін Нью-Йоркке барғанымда, алғашқылардың бірі болып мен Питермен кездестім. Ол маған одақтас республиканың үкіметімен келісімшартқа қол қой­­ғанына байланысты БҰҰ Хат­шы­лығының заң департаменті тара­пынан қатты сынға ұшыра­ғанын айтты. «Сізді сынау емес, керісінше мақтау керек еді»,  дедім мен, – өйткені сіз БҰҰ Хат­шылығынан бірінші болып Қазақ­станның дүниежүзілік ұйым­­ның толыққанды мүшесі бола­­тын­ды­ғын алдын ала көре біл­діңіз».

Мен Қазақстан Респуб­лика­сы­ның БҰҰ жанында­ғы бірінші тұрақты өкілі ретінде Нью-Йоркте жұмыс жасаған 8 жылға жуық уақыт ішінде біз Питермен жақсы дос әрі әріптес болдық.

Осылайша, 1991 жылғы шіл­деде БҰҰ-ның жоғары деңгей­дегі өкілінің Қазақстанға алғашқы сапары іс жүзінде егемен рес­публикамыз бен іргелі халық­ара­лық ұйым арасындағы ынты­мақ­тас­тықтың негізін қалауға септігін тигізді.

30 жыл ішінде мен тәуел­сіз­дігіміздің алғашқы жылда­рында әлеуметтік-экономикалық сала­да­ғы БҰҰ-ның бірегей тәжірибесін пайдалану тиімді нарықтық экономиканы құру, тікелей шетелдік инвестицияларды тарту және жас тәуелсіз мемлекетіміздің әлемдік экономикалық жүйеге ке­шенді кіруі үшін елімізде іргелі рефор­ма­лардың табысты жүзеге асырылуына ықпал еткеніне бірнеше рет көзім жетті.

 

Ақмарал АРЫСТАНБЕКОВА,

 СІМ Ерекше тапсырмалар

 жөніндегі елшісі,
1989–1991 жж. Қазақ КСР және Қазақстан Республикасының

 Сыртқы істер министрі

 

СУРЕТТЕ: А.Арыстанбекова, Питер Хансен, ҚазКСР Жоғарғы Ке­ңесінің төрағасы Е.Асанбаев және ҚазКСР Президенті жа­нын­дағы Жоғары эконо­ми­ка­лық кеңес төра­ғас­ының орынбасары Д.Сембаев. 1991 жылғы
29 шілде, Алматы қаласы.