Себебі өзіміз көріп отырғанымыздай, биылдан бастап ауыл әкімдерін сайлауды бастадық. Бұл, ең алдымен, билік пен халықтың арасын жақындата түседі. Қоғамның, азаматтардың саяси таңдауына деген жауапкершілігін арттырады. Бұрын тағайындалған әкімдерді сырттан келген маман дейтін еді. Ал енді бұл әкімдерді халықтың өзі сайлап отыр, яғни бұл – олардың талғамы мен мұң-мұқтажынан туындаған таңдау.
Ендігі басты мәселе – ауыл жұртшылығы өздері сайлаған әкімге болысып, алдағы уақытта ауылдың өкілетті органы – кеңестер құрып, сол арқылы ауылдың тыныс-тіршілігін айқындап, ортасын дамытудың мүмкіндіктерін бірлесе қарастыруы. Барлығымыз білетіндей, қазір заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Салықтың бірнеше түрі ауылдың өзіне қалатын болады. Алдағы жылдары ауыл тұрғындары өздері жиналып, кеңес арқылы болсын кейбір салықтың мөлшерлемелерін өздері бекітетін болады. Мысалы, ауылдың ішіндегі жер осынша тұруы керек деген секілді пікір білдіре алады. Бұл халықтың биліктің шешім шығару процесіне қатысуына мүмкіндік береді.
Ал өткен сайлау нені көрсетті? Саяси партиялардың, негізінен, қалаларда ғана шоғырланғанын байқаймыз. Алдағы уақытта еліне шын жаны ашыған, жалпыұлттық дәрежеге жеткен партия кем дегенде аудан, ауылға жетіп, сонда тіршілік жасауға ұмтылады. 2 345 ауыл әкімі бар. Оның ішінде 200-ге жуық аудан әкімі бар. Олардың барлығы алдағы 2-3 жылда сайланатын қызметке айналатын болады. Бұл дегеніміз – әкімдердің 90 пайыздан астамын халықтың өзі тікелей сайлайтын дәрежеге жетеді деген сөз. Қазақстан бұл тұрғыдан үлкен демократиялық қоғамға қадам жасап отыр. Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып осыған келдік.
Ал ауыл әкімдерін сайлау нені білдіреді дегенге келсек, біріншіден, алдағы уақытта, 2 жылдан кейін аудан әкімдерін сайлай бастаймыз. Аудан – 30-40 мың тұрғыны бар аймақ. Барлығы бірін-бірі біледі, таныс. Ол жерге сырттан біреуді тағайындау мүмкін болмайды. Айналып келгенде, осы жолы сайланған әкімдер – болашақ аудан әкімдігіне әлеуетті үміткерлер. Халықтың өзі рейтинг жасап, әкімдердің бағасын беріп отырады. Қай әкімнің қолынан іс келетінін біліп отырған жұртта біздің ауданға осындай әкім керек деген сияқты таңдау пен пікір пайда болады. Бұл талғам мен сұраныс өз кезегінде саяси партиялардың белсенді жұмыс істеуіне, іскер азаматтарды алдыңғы қатарға шығаруға итермелейді.
Ал енді аудан әкімдерін сайладық делік. Облыста он аудан бар деп алсақ, болашақта орталық республикалық дәрежеде облыс әкімдерін тағайындаған кезде сол азаматтар ескерілетін болады. Себебі қоғамда, облыс аумағында белгілі бір талап қалыптасады. Сайлаушылар арасында мына ауданның әкімі белсенді, жұмыс орындарын ашып, жаңа кәсіпорын тұрғызып жатыр екен, жұрттың ықыласына бөленіп, үдесінен шығып жатыр деген пікір қалыптасады. Мінекей, облысқа әкім ретінде осындай азаматтарды қою керек, осылар лайықты деген белгілі бір сұраныс туындайды. Осылайша Президент немесе Үкімет облыс әкімдерін тағайындайтын кезде маманды сырттан емес, сол аймақтан қарастыруға мәжбүр болады. Өйткені орталық облыста сөзі өтетін, беделді, ой-пікірін халық қабылдайтын азаматтарды тағайындауға мүдделі. Сол себепті қазіргі сайлауға түскен ауыл әкімдері болашақ аудан не облыс әкімі болып қалуы мүмкін, оны, әрине, болашақ көрсететін болады. Биліктің құрылымын, табиғатын өзгертетін қадам дейтінім осыдан шығады.
Ауыл әкімдерін сайлау – ауқымды жобаның басы. Ел Президентінің өзі айтып кеткендей, бұл сайлау сәтті өтіп, діттеген мақсатына жетер болса, сайланатын қызметтердің саны артады. Қоғамның өзі ықпал ететін қызметтердің өсуі – үлкен жаңалық болмақ. Бастысы – халықтың билік қабылдайтын саяси немесе экономикалық шешімдерге ықпалын арттыру мәселесі. Бұл сайлаушылардың жаңа сапасын береді. Қалай болғанда да, сайланған әкімге қолдау білдіріп, көмек көрсету керек, ауыл мен аудан тұрғындары жиналып, «Қайтсек ауылымызды көркейтеміз?», «Қандай қадамдар жасалуы керек?» деген үлкен мәселені көтеруі керек. Бұл өз кезегінде қабылданатын шешімдердің сапасын арттырып, сыбайлас жемқорлықты азайтады.
Айдос САРЫМ,
саясаттанушы, Парламент Мәжілісінің депутаты