Тарих • 27 Шілде, 2021

Он сегізінде от кешкен ару

319 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

1942 жылдың қыркүйегінде майданға Ақтөбе облысынан 18-25 жас аралығындағы 300 қыз аттанған. Соғыстың беталысын болжауға мүмкін болмай, ер жауынгерлер жетіспей жатқан шақта әскерге алынған қыздардың қатарында Новоресей аудандық партия комитеті құпия бөлімінің хатшысы, 18 жастағы Шолпан Тасмұхамедова да бар еді. Мектеп бітірген бойы партия қызметіне араласқан бойжеткен тағдырын соғыс осылайша күрт өзгертті.

Он сегізінде от кешкен ару

Шолпан Тасмұхамедова Саратов қаласының түбінде орналасқан оқу-жаттығу базасында үш ай әскери жаттығулардан өтіп, қарашаның соңында Мәскеу түбіндегі Монино қалашығында жасақталған 2-Әуе армиясының 728-полкі 1-эскадрильясына жіберілді. Бұл жерде бомбалаушы ұшақтың оқтаушысы болып экипажға алынды.

Жас курсанттар бастапқыда аэродромда ұшақтарға қару-жарақ тиеп, біртіндеп әуе шабуылына дайындалды. Экипажда әдетте төрт жауынгер болады. Бірақ шайқас қызғанда ұшқыш ауыр жараланып, не қаза болғанда экипаждың кез келген мүшесі ұшақты басқара беретін. Осы эскадрилья 1942 жылдың желтоқсанында Калинин майданындағы Ржев плацдармы үшін болған әуе соғысына кірді.

Бүгінде Хромтау ауданы Тассай елді мекенінде тұратын Сәрия Рахметова бомбалаушы ұшақтың оқтаушысы болып соғысты аяқтаған анасы туралы былай деп еске алады.

«Әке-шешеміз майдангер кісілер болса да, үй ішінде соғыс туралы өте сирек айтылатын. Әкеміз соғыс жайындағы сұрағымызды мүлде ұнатпаса, шешемнің әңгімесі үнемі аяқталмай қалатын. Қарулас құрбыларының қалай өлгені көз алдына келе ме, көзі жасаурап, дауысы бұзылып бара жатқан соң біз де қоя қоямыз. Анам 1923 жылы қазіргі Алға ауданы Табантал ауылдық кеңесіне қарасты «Қызыл ту» ұжымшарында дүниеге келген. 10 жасында анасы қайтыс болып, үйде әкесі, кішкентай інісі үшеуі қалған. Мектеп бітірген бойы Ново­ресей аудандық партия комитеті құпия бөлімінде хатшы-терімші жұмысына қабылданған. Соғысқа осы жерден шақыртылған. Анам Ақтөбеде темір жол вокзалынан соғысқа аттанған сәтін жиі есіне алатын. «Соғысқа аттанып бара жатқан жастарды шығарып салуға келгендердің кейбіреуі көзіне жас алып, үнсіз тұрса, кейбірі дауыстап жылап жатты. Сап түзеп тұрған біз, 17-18-дегі жастар көңілдіміз. Күліп тұрмыз. Вагон сыртында тұрған ересек командирлер бізге «Қорықпаңдар, бәрі жақсы болады» деп қояды. Жүрек түкпірімізде алдағы соғыс қорқынышын сезсек те, нағыз майданның қандай болатынын ортасына түскен соң ғана білдік дегені есімде», дейді Сәрия.

Бомбалаушы ұшақтың оқтаушысы, 18 жастағы сержант Шолпан Тасмұхамедова майданда Шура атанды. Мәскеу түбі қорғанысына кірген эскадрилья Ржев плацдармынан шығып, Курск шайқасына кіріп, одан 1-Украина майданына ауыстырылды. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыста жаудың 400-ге жуық әскери ұшағын атып түсірген, 10 Кеңес Одағының Батыры шыққан атақты 728-ші полк еді. Полк командирі Кеңес Одағының Батыры – Сергей Лазарев. Ол 1944 жылдың көктемінде әуеде ұшағымен қоса жанып кетті. Оның өліміне қатысты бір деректе неміс ұшағымен соқтығысты десе, екінші деректе кеңестік бомбалаушы ұшақпен әуеде соқтығысып қаза тапты делінеді. Соғыстың соңғы күндерін бірге өткізген қаруласы Машаның Шолпан апайға жазған хатында: «Войну мы закончили под Берлином, аэродром Гайнау. Там же погиб наш командир Василяк В.С. Не дожил 5 дней до Победы. Потом мы уехали под Прагу-Бреслау. Местечко Хальбау. Оттуда мы все демобилизовались. За всю войну освободили 60 населенных пунктов, сбили 490 самолетов противника. Было у нас 10 героев», деген жолдар бар. Майдангер хаттары қазір Сәрия Рахметованың үйінде сақтаулы тұр.

Шолпан апай 1945 жылдың қыркүйегінде майданнан оралып, 1947 жылы Қожа Рахметовпен бас қосқан.

«Әкеміз 1920 жылы Ойыл ауданында туған. Аштықта ата-анасы қайтыс болып, 1933 жылы Ойыл, кейін Ақбұлақ балалар үйлерінде тәрбиеленді. Әкемнің жетімдер үйінде күн сайын таңертең 2-3 бала ұйқыдан оянбай қалатынын, өлген балаларды өздері көмгендерін айтқаны бар. Бала кезімізде қаладан әкемнің жетімдер үйінде бірге өскен жолдасы келіп, екеуі түнімен әңгіме айтатыны есімде қалған. Осы аға келерде анамыз ерекше дайындалатын. Әкем Ақтөбедегі №6 мектеп-интернатты бітіріп, осындағы оқытушылар институтына оқуға түскен. Бітірген соң оны Новоресей ауданы Қопа мектебіне директорлыққа жіберген. Осы жерде 1942 жылы мамырда соғысқа шақыртылып, Благовещенск қаласында кіші командирлер курсында оқып, Украина майданына аттанған. 1943 жылдың қаңтарында сол жақ жамбасынан ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделген соң қайтадан соғысқа жіберіледі. Бұл жолы майдан мен Мәскеудегі Бас штаб арасындағы байланысшылар тобында болып, Мажарстан, Болгарияны азат етуге қатысқан. Жалпы, әкеміз соғыста екі рет ауыр жараланып, қайтадан майданға кірген.

Майдан күнделігінен

Шолпан апай зейнеткерлікке шығып, қаруластарының қатары сирей бастағанда күнделік жазуды бастаған. Бірақ жазбаларын балаларына көрсетпей сақтаған. Оның соғыс естеліктерін балалары өмірден өткен соң ғана оқиды. Майдангер күнделігінде былай деп жазған: «Алғаш соғысқа кірген бізді алдыңғы шепте соғысып жатқан жаяу әскерге көмекке жіберді. Мезгіл – күз айы. Күндіз орман ішінде дыбысымызды білдірмей жүріп, кеш түскенде өзенге жеттік. Жол бастаушы командир өзі бастап, тайыздау жерден винтовка, қапшықты жоғары көтеріп судан өтуге бұйырды. Бір-біріміздің соңымыздан адам белінен жоғары келетін жерінен өтіп жатырмыз. Су – суық, киім – жұқа. Ортасына жете бергенде алдымыздан оқ жауды. Жау бізді көріп қалыпты. Жан-жақтан жауған оқтар ысқырып суға түсіп жатыр. Командир артқа қарамай, тез-тез жағаға шығыңдар деп айқайлады. Жағаға қарай жүгірдік. Оқ суға ысқырып түседі, дәл жаныңнан бір заттың суға шолп етіп батып кеткенін сезесің, бірақ артқа қарауға рұқсат жоқ. Жағаға шыққан бойы командир түгендей бастағанда үнсіз суға батқанның оқ тиген қаруласың екенін білесің. Біз жеткенше ұрыс аяқталып, қолға түскендерді тұтқындап алып барады екен. Қарап тұрмыз. Ылғи ұзын бойлы, еңгезердей, өңдері аппақ, сұлу жүзді фрицтер. Әскери киімдері күшті. Тұтқынға түстік деп сескеніп тұрған олар жоқ. Алғаш неміс көрген біздер аузымызды ашып қалдық. Олардың қасында тым қорашпыз, арық-тұрық, бойымыз да кішкентай, киіміміз де жұпыны. Ең алдындағы тұтқын офицерлер бізге тәкаппарлана, жеккөрушілікпен қарап өтіп барады.

* * *

Әуеде жау шебіне кіргенде, күтпеген жерден қарсы алдыңнан немістің ұшағы жарқ ете қалғанда кабинадағы ұшқышын көзіңнің қиығыңмен көріп қаласың. Ойлануға уақыт жоқ. Бірінші қимылдамасаң – біттің. Ең бастысы –ұшақты бірінші құлату, атып үлгермесең, өзіңді құртады. Ұшағын құлатсаң, ұшқышы да бірге кетеді деп ойлайсың. Өзіміз атқан ұшқыштың кескіні, сары шашы, көкпеңбек көзі – көз алдымда.

* * *

1943 жылдың соңына қарай ел ішінен жастарды майданға шақырту азая бастады. Бұл уақытта жауынгерлер талай шайқастан өтіп, соғысу тәжірибесін меңгеріп алған.

* * *

Блиндажда алаңсыз демалып жатқан сәтте жау шабуыл бастағанда дүние төңкеріліп түскендей сезінесің. Блиндаж жай­рап, әпсәтте жан-жағың адамдар өлігіне толады. Алғашқы шабуылдан тірі қалғандар қаруын ұстай сала сыртқа жүгіреді. Жаңа ғана сөйлесіп отырған, снаряд оғы тура түскен қаруласқа қарауға шамаң жоқ. Шабуылдың бетін қайтарып, жерменжексен болған блиндаж орнына қайтып келгенде көретінің – шашылған адам денесі, судай аққан қыпқызыл қан. Қайтып келесің, өйткені өлгендерді тану керек. Эскадрильяның бір қызын саусағына қарап таныдық. Өйткені жауынгердің өлгенін растап, туысқандарына қара қағаз жіберу үшін бір бөлімде соғысып жатқандардың куәлігі керек».

Соғыстан кейін

Соғыстың алдында сөз байласқан екі жас майданнан оралып, бейбіт өмірге аздап үйреніскен соң 1947 жылы шаңырақ көтерді. Жас отбасы әуелі Ақтөбе қаласында пәтер жалдап тұрады. Алайда 1951 жылы жалдап тұрған ескі жер үйдің пешінен от шығып, үй өртенген. Бұл кезде үйде ешкім болмай, Қожа ағай мен Шолпан апайдың ең бірінші жиған дүниесі – майдан фотосуреттері салынған шабадан жанып кеткен.

Соғыстан кейін Ақтөбе педагогикалық институтында ғылыми жұмыспен айналысқысы келген партия қызметкері Қожа Рахметовті Хромтау ауданының Қопа ауылына жұмысшылар кооперациясын басқаруға жіберді. Одан кейін Тассай ауылындағы партия ұйымының хатшысы болып тағайындалып, отбасы сонда көшіп келген. Шолпан апай ауыл дүкенінде сатушы болып жұмысқа орналасқан.

Жас отбасының бірінен соң бірі дүниеге келген үш сәбиі шетінеп кеткен. Бұл да соғыстың бір зардабы. Мұз жастанып, қар кешіп соғысқан жас қыздардың денсаулықтарындағы кінәрат соғыстан кейін сыр бере бастаған. Қалада тұрған майдангер қыздар уақытылы емделгенімен, кейбірі сүйекке өткен суықтың зардабын өмір бойы тартты. Әсіресе, ауылға оралған майдангер қыздардың тағдырлары қиын болды. Ел ішінде майданнан келген қыздарды жақтырмаған надандық сарқыншағы да бар еді. Қырғын соғысты кешіп, аман оралғанда сыпсың сөздерді естуге тура келген аналарымыздың мықтылығы-ай деп ойлайсың. Қан кешудің ортасында, өлім желкесінен төніп тұрғанда, жас қыздардың арманы тезірек үйге қайту болса, бұл ой 18 жасынан қан майданның қанды қасабына кірген Шолпанның да басынан кетпеді. Ол Алға ауданының Табантал ауылында қалған әкесі мен жалғыз інісін ойлады.

«Сол кездің адамдары сияқты, олардың артында сүйеу болатын ешкім де жоқ. Әкемнің ата-анасы аштықта өліп, жетімдер үйіне алынған. Қанды қырғынның қақ ортасынан аман шығып отау тіккен әке-шешеміз бейбіт күннің қадірін жақсы білді. Анам орта бойлы, қараторы, өте шапшаң қимылдайтын, ашық-жарқын адам еді. Мінезі қандай ашық болса да, кіммен қалай сөйлесуді білетін, ретсіз сөйлемейтін. Әкем де ашық-жарқын. Олармен кез келген тақырыпқа әңгімелесетінбіз. Біздің достарымыз «Ата-анаңызбен сөйлесу өте қызық, біз олармен жас айырмашылығын сезінбейміз», дейтін. Әке-шешем­нің бір-біріне дауыс көтергенін естіген жоқпыз. Айтқаны болмай жатқан кезде анам жайлап қана: «Туу, осы шал», деп әкеме қарап күлетін де қоятын. Анам қыздарына «Ер адам – үйдің қожайыны. Күйеуіңді сыйла, балалардың алдында оның беделін түсірме, еріңнің жақсысын асырып, жаманын жасыр», деп үйретті. Әкеміз ұлдарына «Ешқашан да әйел адамға қол көтермеңдер. Әйеліне қол көтеретін еркек – нағыз надан», дейтін. Әлі есімде, біз кішкентаймыз, үлкеніміз Әлия 12 жаста. Мамам таң атпай пеш жағып, отқа тамақ пісіріп, жұмысына кетерде «Пештен шоқ ұшып түспесін» деп Әлия апайыма тапсырады. Балалық шағымыз Тассай ауылында өтті. Анам 4-5 сиыр сауады. Үйіміздің бақшасы өте үлкен еді. Әкем көктемде ұлдармен бірге ұзын атыздарға картоп отырғызады. Әр балаға екі қатардан бөліп беріп, жаз бойы шөбін жұлып, суаруды тапсырады. Өзі түскі тамаққа келгенде, жұмысымызды тексереді. Атыздардың шөбі жұлынып, картоп жақсы суарылса, әкемнен мақтау естиміз. Қыздардың да өз міндеті бар. Біреуіміз үй жинасақ, екіншіміз аяқ-табақ, үшіншіміз кір жуамыз. Мен 6-сыныптан бастап сиыр саудым. Үйден әкемнің жұмысына келген қонақтар үзілмейді. Оған анамыз еш қабақ шытпайды. Өз басым шешемнің әкеме «анау жетпейді, мынау жетпейді» деп айтқанын да естімедім. Жетпей жат­қанды өзі-ақ үнсіз жетістіретін еді. Анам дүкеннен шыт әкеліп, түні бойы 4 қы­зына жаздық көйлектер тігеді. Жер­төледегі үлкен ағаш бөшкелерді көктемде балалар сыртқа шығарып, жуып-тазалап, кептіреміз. Мамам қара күзге дейін осы бөшкелерге шарбақтағы көкөністерді тұздайтын», дейді Сәрия.

Сауда саласында үздіксіз 30 жыл қызмет етіп, 1976 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған Шолпан апай майдангермін деп ешбір мекеменің есігін қағып көрмепті. Сол кездегі соғыс арда­герлері секілді, ешбір жеңілдік сұрамаған.

Шолпан апай Украинадағы майдандас құрбыларымен, экипаж командирі Борис Полищукпен хат жазысып, өзара сәлемдемелер жіберіп тұрған. Лазаревтің әуе эскадрильясы ардагерлері бірбірімен хат-хабар алмасып, кездесулер ұйымдастыруды жақсы жолға қойған. Шолпан апай Монина, Севастополь қалаларында өткен 728-ші әуе полкі майдангерлері кездесуіне бірнеше рет қатысқан.

51 жыл отасқан Шолпан мен Қожа Рахметовтер Әлия, Мәрия, Арыстан, Наташа, Сәрия, Асқар, Алтай есімді балаларын тәрбиелеп өсірді. Бәрінің жоғары білім алуына жағдай жасады. Олар әр салада қызмет атқарып, үлкендері зейнеткерлік жасқа да жетті. Анасының жолын қуған Алтай тәжірибелі ұшқыш болып, қазір зейнеткерлікке шықты.

Бұл – балалық шағы Кеңес өкіметінің аштығына тап келіп, одан жастық дәурені Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретті жылдарында өтіп, төрт жыл қан­кешуден соң аман-есен елге оралып, бейбіт өмірде қарапайым тірлік кешкен әулеттің тағдыры. Бейбіт күннің қадірін түсініп, саналы да сәулелі ұрпақтарын өсіріп, адами тірлік кешкен қос майдангер 9 мамыр – Жеңіс күнін дуылдатып, ұрандатып тойлауға да қарсы болған. Әншейінде ашық-жарқын, көпшіл, алысты жақындастырып жүретін Шолпан апай қаруластарымен кездескеннен басқа жерде соғыс әңгімесін аса ұнатпаған. Әсіресе, науқандық шара­ларды жақтыра қоймапты. Соның ішінде балаларға соғыс әңгімесін айтып, Жеңіс күні олармен кездескеннен гөрі бақшасын баптап жүргенді ұнатқан. Өйткені соғыстың қырғыны, көз алдында өлген қаруластарының жүздері, тіпті әуеде қарсы алдыңнан шыға келген бойы атып түсірген жау ұшқышының бейнесі де өмірбақи ұмытылмайды екен.

Майдангер Қожа ақсақал 1998 жылы 78 жасында, Шолпан апай 2004 жылы 81 жасында қайтыс болды. Соғыс майдангері ретінде пәтер кезегіне тұрған Қожа Рахметовке 2003 жылы Ақтөбе қаласынан бір бөлмелі пәтер берілгенде ақсақал бұл дүниеде жоқ еді. Шолпан апай осы пәтерде бір жыл ғана тұрып, өмірден өтті.

Ғұмыр бойы соғыс ардагерімін деп кеуде қақпай, балаларын жақсы тәрбиелеп, адал еңбек еткен қос майдангер қол ұстасып, бейбіт өмірдің іргесін қалаған парасатты ата-аналар еді. Осындай абзал жандарды өткен шақта еске алып, енді таппайтынымыз өкінішті...