Туризм • 28 Шілде, 2021

Алматы туризмі сервис, қауіпсіздік, озық технологиялар мен инвестицияға тәуелді

524 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Екінші жылға ұласқан жаһандық пандемия жұртты түгел тұсаулап отыра алмақ емес. Індет туризм саласының дамуын тежеп тұрса да, ебін тапқан жиһанкездер таза ауа, тау, жаңа әсерлер іздеп әлемнің әр түкпірінде жүр.

Алматы туризмі сервис, қауіпсіздік, озық технологиялар мен инвестицияға тәуелді

Ал өз тау, көлдеріміздегі жазатайым оқиғалардың қаупін азайту үшін Ал­матыда 2019 жылдан бері тау ту­рис­тері арасында танымал жерлерге мар­­шруттық автобустар іске қосылып, визит-орталықтар құрылып, жаяу соқ­пақтар абаттандырылған-ды. Қала би­лігі туристер мен құтқарушыларға ба­рын­ша қолайлы жағдайлар жасауға ұм­тылғанымен, әлі де реттелуі тиіс шаруа­лар бар. Алдымен туристер өзі қалаған ны­сандарға қалай жетеді, әңгімені осыдан бас­тау керек.

«Алматы агломерациясының таулы курорттарында туристердің көбеюін ескере отырып, 2019 жылдың наурыз айы­нан бас­тап №209, №210, №211 бағыт­тар бойын­ша ГАЗ маркалы 9 автобус жүргізіліп, бұлар Балуан Шолақ Спорт сарайынан Ski Park Pioneer мен «Ой-Қарағай–Лесная сказка» тау курорт­тарына дейін, сондай-ақ «Алма-арасан» шатқалына дейін барады», деді Алматы қалалық Туризм басқармасы басшысының орынбасары Марлен Маралов.

Биылғы наурыз айынан бастап Ор­талық стадионнан биік таулы «Ақ бұлақ» курортына дейінгі №224 бағдар бойынша тағы үш автобус іске қосылды. Бұл бағыттар қазірдің өзінде 80 мыңнан астам адамға қызмет көрсеткен.

Сондай-ақ М.Маралов тау жолдарын абаттандыру мен төрт кемпинг аймағын құру мәселесіне қатысты: «Таулы жерлердегі туристік инфрақұрылымды жақсарту мақсатында мың шақырымнан астам жаяу жүру маршруттары цифр­ландырылды, олардың 500 шақырымы абаттандырылды. Барлық цифрланған бағыттар 2GIS және ViewRanger платформаларында қолжетімді», деді.

Осы бағыттар бойында ақпараттық стендтер, көрсеткіштер, ақпараттық қал­қандар, ақпараттық бағаналар, орын­дық пен күркелер орнатылған. Бар­лық нави­га­циялық стендтерде QR-код­тар бар, онда туристер маршруттың күр­делі­лігімен әрі ұзақ­тығымен және өту уақытымен таныса алады.

Биыл Үлкен және Кіші Алматы шат­қалында жалпы ұзындығы шамамен 172 шақырым тау маршруттарын абаттандыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Туризм басқармасы бас­шысының орынбасары биыл үлкен Ал­маты көлінің маңында жалпы ауданы 950 шаршы метр және 800 шаршы метр визит-орталық пен глэмпингтің құрылысы басталатынын баяндады.

«Визит-орталықта санитарлық-ги­гиеналық торап, тамақтану пункті, жазғы тер­расасы мен тегін Wi-Fi бар туристік ақпараттық орталық болады. Онда әрбір адам туристік бағыттар, соқпақтар туралы ақпараттық қызметтерді, ұлттық парк аумағындағы нысандардың байланыс деректерін, сондай-ақ барлық қажетті жайлылықтары бар глэмпингтерді ала алады», деді М.Маралов.

Бұдан басқа, 2022 жылы Qazaq Ayul аумағында «Медеу Парк Отель» қонақүй кешенінің логикалық жалғасы болатын глэм­пинг-отель салу жоспарланған, ол 15 үйден тұрады. Былтыр жеке қара­жат есе­бінен «Аюсай» шатқалында, «Го­рельник» жылу көзінен жоғары, «Ме­деу» базалық орталығы мен Шым­бұлақтың ең биік нүктесінде төрт визит-орталық са­лынған еді.

Сапар орталықтарында келушілер маршрут карталарын алады және саяхатқа шықпас бұрын қажетті жабдықты сатып алады. Ең бастысы, туристер өздері туралы және таңдалған бағыт туралы барлық ақпаратты қалдырады. Бұл тауда жоғалу қаупін азайтады және құтқарушылардың жұмысын жеңілдетеді. Айта кетсек, соңғы екі жылда ТЖД қызметкерлері 178 адамды құтқарыпты.

Смарт-навигаторы мен Wi-Fi-ы бар күркелер

Туризм басқармасы алға тартып отыр­ған мәліметтерге сенсек, биыл Алматыда тау туристерінің саны 4 есеге артқан. Осы­­ған байланысты әкімдік саяхатшылар қауіпсіз әрі жайлы демалуы үшін қажетті жағдайлар жасау жоспарына сәйкес, тау­лы маршруттардың шалғай тораптық учаскелерінде жаз соңына дейін туристер паналайтын 15 күрке салуы тиіс.

Әрбір үйшікте іздестіру, құтқару қыз­меттері үшін картаға және GPS-коор­­динаттарға байланған реперлік бас­тыр­ма да болады. Төтенше жағдайлар туын­­даған кезде немесе ауа райы күрт құ­былса, бұл үйшіктерді туристер паналап, қажетті көмек жиынтығын алуға мүм­­кіндік береді. Бұл күркелерден ал­ғаш­қы медициналық көмек жинағы, мар­­шрут карталары, мобильді құрыл­ғылар­ды зарядтау стансасы, жылы көрпе мен бұ­зыл­майтын азық-түлік жиынтығын табуға болады.

Үйшіктің жанына SOS спутниктік сигналын құтқарушылар пультіне енгізу жүйесі бар діңгектер орнатылмақ. Дің­гектер шұғыл әрекет ету қызметтеріне қашықтан қосылады (ТЖД/112).

Апат сигналын беруге арналған бар­лық спутниктік жабдықтар таудағы үй­шік конструкциясына біріктіріледі, сон­дай-ақ мачталар Wi-Fi функциясымен жабдықталады. Бұл жүйе шалғай таулы маршруттарда қиын жағдайға тап болған тәжірибесіз туристерге арналған. Пайдаланушы интерфейсі минималды-дауыстық қоңырау түймесі, бейне қо­ңы­рау камерасы мен бірнеше тілдегі нұс­қаулар болады.

Қосымша туристік навигацияның бірыңғай жүйесін құру мен тауға шығуға арналған смарт-навигатор түріндегі қосымшаны іске қосу бойынша жұмыс жүргізіледі. Ол ТЖД базасымен интеграцияланады.

Сонымен бірге биыл Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында 2 бақылау-құт­қару пункті салынады. Алғаш рет құ­рылған 16 адамнан тұратын тау құт­қару­шыларының жасағы тәулік бойы кезек­шілік етеді. «Тұйықсу» шатқалында қосымша тікұшақ алаңы құрылады.

Туризм қызметкерлерін даярлайды

Осы шілде айында Алматыда біткен істің бірі – Қазақстан-Швейцария туризм және қонақүй бизнесі институтында Швейцария бағдарламасы бойынша туризм қызметкерлерін даярлау басталды.

Айтқандай, Оқу орталығының базасында Швейцария бағдарламасының студенттері ғана емес, сонымен қатар Алматы технологиялық университеті мен колледжінің мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі бағдарламасы бойынша барлық оқушылар тәжірибеден өтеді.

Жоба туризм саласындағы болашақ мамандар үшін жаңа жаттығу базасы болады. Мұнда «Атамекен» Ұлттық кә­сіп­керлер палатасы, Жұмыспен қамту орта­лығы мен колледждер жасасқан «Жаңа жұмыс орындарын құру және жаңа ма­мандықтарға қайта даярлау» келісімі шең­берінде даярлау мен біліктілікті арт­ты­ру орталығының студенттері білім алады.

Қазақстан-Швейцария туризм және қонақүй бизнесі институтының директоры Ғалия Өтебекованың айтуынша, студенттерді қабылдау 2021 жылдың қыр­күйегінде басталады. Кешенде білім беру мейрамханасында 10 нөмірлі шағын қонақүй қарастырылған. Инвестиция көлемі 750 млн теңгені құрайтын 10 жұ­мыс орны ашылды.

Оқу мейрамхана-қонақүй кешенінің мақсаты – туризм, мейрамхана және қонақүй бизнесін басқару саласында заманауи білім мен практикалық дағдыға ие, қазақстандық және шетелдік нарықта бәсекеге қабілетті кәсіби кадрларды сапалы даярлау.

Жаңа оқу орталығы 30 орынды құ­райды, әрі қарай 100 орынға дейін ке­ңей­тілмек. Мұнда аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан қала тұр­ғындары, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдар білім алады. Сабақтар мастер-класс форматында өткізіледі.

Тағы бір қызығы, аспаздық сала­сындағы сұранысқа ие мамандықтарға оқыту үшін Түркиядан кәсіби шеф-кон­дитер Четин Чалышкан шақырылып отыр. Оқу орталығының түлектері жұ­мысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Жоба әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту аясында жүзеге асырылды.

Серіктестермен байланысты нығайту қажет

Осы шілде айында Алматыға инвес­торларды тарту және инвестициялық ахуал­ды жақсарту жөніндегі Кеңестің отырысы денсаулық сақтау, туризм сала­сын­дағы серіктестермен байланысты ны­ғайту мәсе­лесін аттап өткен жоқ.

Мегаполистің инвестициялық тар­тымдылығын атап өткен Алматы қала­сының әкімі Бақытжан Сағынтаев Бү­кіләлемдік банктің рей­тингінде Алматының бизнесті жүргізу бо­йынша Қазақстанның барлық өңірі ара­сында бірінші орында тұрғанын мәлімдеді.

Осы жылдың алғашқы 6 айында Алматыда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 126,5%-ға өсті және 460,7 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ өткен жыл­дың күзінде Fitch агенттігі Ал­маты қаласының BBB деңгейіндегі несиелік рейтингін бекітті және инвестициялар тарту мәселелерінде оператор болып табылатын «Алматы «ӘКК» АҚ-на ВВВ деңгейінде несиелік рейтинг берілді, бұл инвестициялар үшін тәуекелдің төмен деңгейін көрсетеді.

ЕҚДБ-ның Қазақстандағы басшысы Агрис Прейманис осы Кеңестің бірқатар өзекті мәселелерді, оның ішінде шетелдік инвесторларды салықтық және кедендік әкімгерлеу, виза беру және кіруге рұқсат ету процедураларын, тиісті инфрақұрылымды құру, жасыл экономика қағидаттарын енгізу және цифрландыру деңгейін арттыруға қатысты істерді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазірге Алматыда туризмді табыс көзіне айналдыру жолындағы біткен істердің бір парасы осындай.