Саясат • 28 Шілде, 2021

Саяси реформалардың ең маңыздысы

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауылдық округ әкімдерін халықтың тікелей сайлауы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев уәде еткен саяси өзгерістер мен бастамалардың ең маңыздысы деп білемін. Бұл еліміздегі демократиялық процестердің сырттан импортталмай, іштен жүруіне, төменнен бастап сатылап дамуына, сөйтіп жүйелі өзгерістерді тудыруға зор ықпалын тигізетін болады.

Саяси реформалардың  ең маңыздысы

Енді екі жылдан кейін аудан және қала деңгейіндегі әкімдерді сайлау мәселесі қойылып отыр. Сондықтан да халықпен күнделікті бетпе-бет кездесіп, мәселесін жедел шешіп дағдыланған, құ­зыреті мол атқарушы билік орган­дарының жұрт ал­дындағы жауаптылығы мен бақылауда болуын тоқтаусыз жетілдіре беруге тиіспіз.

Былтырғы Nur Otan пар­тиясы өткізген праймериз – халықтың кез келген демо­кратиялық жаңалықтар мен бастамаларға дайын екен­дігін көрсетті. Әрине, прайме­риз әкелген жағымды құбы­лыс­тармен қатар, елеулі кем­шіліктер де орын алды. Мұны мен оған қатысушы және зерт­теуші ғалым ретінде жақсы білемін. Сол кезде «алдағы болатын әкімдер сайлауы праймериздің өз талабына сай өтуіне зор ықпал тигізеді» деп айтқан болатынмын. Себебі халық сайлаған әкім – кез кел­ген демократиялық проце­дураны, соның ішінде прай­меризді де халықтың қалауына сай ұйымдастыруға іштей мүдделі.

Сондай-ақ әкімдерді сайлау елімізде кенже дамып отыр­ған азаматтық ұлтты қа­лып­тастырудың басты көр­сет­кіші ретінде көрініс тауып отыр. Рулық-туыстық байланыстар сыналып, оның мем­лекеттік сана қалып­тас­тыруда, азаматтық ұлт­қа ұласуымызда зиянды екен­дігі айтылды. Мәселен, бізде сыбайлас жемқорлыққа төзбеу­шілік мәдениеті осыдан он жыл бұрын жоқ еді. Халықтың бойында мұн­дай әлеуметтік иммунитет қа­лыптаспаған бо­латын. Ал қазір жұрт жем­қорлықты, оған жол беруі мүмкін кез кел­­ген жағдайды айыптайды. Ауыл әкімдерін сайлау кезін­де де халықтың басым көп­ші­лігі осы ұстаным төңіре­гіне шоғырланып отыр.

Жалпы, бұрындары конс­титуциялық механизм дұрыс жұмыс істеуі үшін саяси плю­рализм маңызды деп ой­лаушы едім, праймеризге қатыс­қаннан кейін бұл пайымыма түзету енгіздім. Дәл қәзір ма­ңыз­дысы – әділ сайлау өткізу, халықтың тікелей дауыс беруі және сайланған тұлғаны ба­қы­лай алуы, әрбір қоғам мүше­сінің дара тұлға екендігіне күмәні қалмауы.

Ауыл әкімдерін сайлау халықтың саяси мәдениетін өсірді деп сенемін. Бұл – саяси реформа деп атауға тұрарлық айтарлықтай өзгеріс.

 

Қазыбек ДАУТАЛИЕВ,

заң ғылымдарының кандидаты