Білім • 28 Шілде, 2021

Оқушылардың олжасы – 6 медаль

49 рет көрсетілді

Қазақстандық оқушылар физика және лингвистика пәндері бойынша өткен халықаралық олимпиадаларда 6 медаль жеңіп алды. Жас физиктер құрама қоржынына 5 күміс, лингвистер 1 қола медаль салды. Қатысушыларды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында құттықтады.

Халықаралық физика олимпиадасы (IPhO-2021) 17-24 шілде аралығында Литвада онлайн форматта өтті. Зияткерлік байқауда әлемнің 76 елінен 368 оқушы бақ сынады. Қазақстан атынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Павлодар қаласынан бес оқушы, яғни республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаздары қатысты. Ұлттық құраманы жарысқа тәжірибелі педагогтер мен жаттықтырушылар дайындады.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар физика пәні бойынша түрлі теориялық және практикалық тапсырмаларды шешті. Өткен жылдың рекордын жаңартып, қазақстандық оқушылардың барлығы күміс медаль иегері атанды. Олар – Рауан Қалдыбаев, Антон Драганчук, Дінмұхаммед Рахымжанов, Ризабек Алпамыс, Ерсұлтан Пітебай.

Халықаралық лингвистика олимпиадасы (IOL-2021) Латвияда онлайн режімде өтті. Оған Нұр-Сұлтан, Шым­кент, Тараз және Қарағанды қалаларынан төрт оқушы қатысты. Қазақстан құрама командасы республикалық олим­пиаданың жеңімпаздарынан жасақталды. Олар әлем­нің 30-дан аса елінің қатысушыларымен бақ сынасты.

Сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші турда қатысушылар бес тапсырманы шешіп, екінші турда командалық жоба дайындады. Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржыны бір қола медальмен толықты. Оны елордалық оқушы Дарья Пересыпкина иеленді.

«Құрметті олимпиада жүлдегерлері! Сіздерді жаңа жеңістеріңізбен құттықтаймын! Қазақстандық оқушылар мықты дайындығын, білімдерінің жоғары деңгейін тағы да дәлелдеді. Сіздер өз құрдастарыңыздың арасында физика және лингвистика әлемінде көшбасшы бола алдыңыздар. Осындай жетістіктер қажырлы еңбектің, шыдамдылық пен қайсарлықтың, бірнеше жылдық жоғары дайындықтың нәтижесі екені анық. Болашақта сіздердің есімдеріңізді отандық ғылым әлемінде көретінімізге үміт артамыз. Сіздерге жаңа жетістіктер тілеймін! Сондай-ақ олимпиадаға қатысқан оқушылардың ұстаздарын, ата-аналарын және жаттықтырушыларын құттықтаймын. Жеңім­паздардың жоғары нәтижелерге қол жеткізуі сіздердің еңбектеріңіздің арқасы екені белгілі. Өз кезегінде, Білім және ғылым министрлігі оқушыларымыздың ғылым әле­мін одан әрі бағындыруы мен өз рекордтарын жаңартуы үшін жағдай жасауды жалғастыратынын атап өткім келеді», деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетов.

 

«Егемен-ақпарат»

 

Соңғы жаңалықтар

Демократияға бастайтын тура жол

Референдум-2022 • Бүгін, 00:31

Экономика қайтсе еңсе тіктейді?

Экономика • Бүгін, 00:31

Көліктің кезегі

Экономика • Кеше

Жаңа бетбұрыстың бастауы

Референдум-2022 • Кеше

Ахаң жайлы айтады ел қызықты аңыз

Ахмет Байтұрсынұлы • Кеше

Ел тарихындағы жаңа белес

Референдум-2022 • Кеше

Нұртілеудің нақышы

Қазақстан • Кеше

Ұқсас жаңалықтар