Сұхбат • 28 Шілде, 2021

Нұрбақыт Теңізбаев: Барлық балуаннан жүлде күтеміз

402 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2 тамызда Токио төрінде грек-рим шеберлерінің сайысы басталады. Демеу Жадыраев, Мейрамбек Айнағұлов бастаған балуандарымыз Олимпиадада барын салады деген сенімдеміз. Алайда жүлде алады-ау деген көшбасшыларымыз кейде болмашы қателіктерге бой алдырып, жүлдесіз қалатыны бар. Осы орайда Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевты әңгімеге тартқан едік.  

Нұрбақыт Теңізбаев: Барлық балуаннан жүлде күтеміз

– Нұрбақыт, осыдан бес жыл бұрын Рио Олимпиадасында бірде-бір балуанымыз жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Ең жоғары жетістігіміз Алмат Кебісбаевтың жетінші орны болды. Мұндай сәтсіздіктің сыры неде?

– 2016 жылғы Олимпиадада грек-рим күресінен ел намысын Алмат Кебісбаев пен Досжан Қортықов қана қорғады. Нәтиже біз күткендей болмағаны рас. Дегенмен, қазір жағдай басқаша. Риодан кейін құрамада ауыс-түйіс болып, жұмыс бағыты да өзгергені байқалады. Олимпия ойындары деген спортшының мансабындағы ең үлкен дода ғой, ешкім аянып қалмайтыны анық. Тіпті мықты деген спортшылар да сүрінеді. Алмас пен Досжанның жолы болмады деп ойлаймын. Әйтпесе, екеуі де мықты спортшылар қатарынан.

– Бас бапкер Бақтияр Байсейітов Олимпиадаға қатысатын балуан­дардың тізімін жариялағанда 60 кило салмаққа Мейрамбек Айнағұ­ловтың таң­далғаны көптеген күрес жан­күйер­лерінің таңданысын тудырды. Өйт­кені бұл салмақта Мейрамбектен басқа Айдос Сұлтанғали да бар-тұғын және Сұлтанғали соңғы жылдары Айнағұловқа қарағанда халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті. Азия чемпионы атанды. Бірақ Бақтияр бапкердің таңдауы Мейрамбекке түсті. Неліктен деп ойлайсыз?

– Мұны бапкердің өзінен сұраған­дарыңыз жөн шығар, өйткені Олим­пиадаға құраманы жасақтаған солар ғой. Ал енді Мейрамбек пен Айдосқа келсек, екеуі де сен тұр, мен атайын дейтін мық­ты балуандар. Мұндай деңгейдегі балуандар барына біз қуануымыз керек. Осы жолы таңдау Мейрамбекке түсті. Сондықтан оған артылар жүк көп. Се­нім­ді ақтаса, жолы болғаны. Ал егер осы Токиода жолы болмай жатса, келесі Олим­пиадаға бар-жоғы үш-ақ жыл қалды ғой. Онда Париж Олимпиадасында Ай­достың жұлдызы жанар деп ойлаймын.

– Күресте жолдама салмақ дәре­жесіне беріледі. Яғни Олимпиадаға кім­нің баратынын көбінесе бапкерлер шешеді. Осындай ережеге сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Күрес түрлерінде лицензия нақты балуанға емес, сол салмақ дәрежесіне беріледі. Балуандарды шетелдік жарыста болсын немесе өзара күрестіріп, жеңген адамға таңдау жасаған дұрыс. Сонда апарған балуаныңыз жақсы өнер көрсетуі мүмкін.

– Мейрамбек Айнағұлов осал балуан емес. 2017 және 2019 жылғы әлем чемпионатында жүлдегер атанды. Алайда 60 килода «сен тұр, мен атайын» деген балуандар жиналған емес пе? Әсіресе, жарыс қожайыны сана­латын жапониялық Кэнъитиро Фумита да мықтылардың мықтысы. Рио Олим­пиадасының қола жүлдегері, өзбекстандық қазақ жігіті Елмұрат Тасмұратов та бар. Мейрамбектің Олим­пия ойындарындағы мүмкіндігі қандай?

– Мейрамбектің салмағында мық­тылар көп. Бірақ күрес деген нақты мына балуан ұтады дейтін спорт емес. Бұл жерде Олимпиадаға кім жақсы дайындалды, сол жеңімпаз атанады. Сіз айтқан балуандардың қатарында мамандар да, мен де Мейрамбекті фавориттер қатарына қоямын. Одан бөлек қырғыздың жас балуаны Жоламан Шаршенбековті де фавориттер қатарында деп есептеу­ге болады. Қытай атынан күресетін қандасымыз Сайликке Уәлихан бауырымыз бар. Жалпы, әр салмаққа 16 балуан қатысса, оның бәрі осал емес. Яғни жеңімпаз атануға әрқайсысының мүмкіндігі бар.

– Осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында Асқат Ділмұхамедов 77 кило салмақта жол­дама алған еді. Алайда арада екі жыл өткенде бұл салмақта Демеу Жа­дыраев көшбасшыға айналды. Жа­дыраев Токиода сенімді ақтай ала ма?

– Асхат та, Демеу де Алматы облы­сының спортшылары. Екеуінің де барып жүрген жарыстарын көріп, барынша дайындықтарын бақылап жүремін. Олимпия ойындары жақындаған сәтте бапкерлердің таңдауы Демеуге түсті. Енді Демеу бар күш-жігерін салып, жо­ғары нәтижеге қол жеткізеді деген сенім бар.

– Рио Олимпиадасының қарса­ңында «мелдоний қолданды» деп уа­қытша шеттетілген Нұрсұлтан Тұр­сынов былтыр көктемде үлкен спорт­қа қайта оралды. Бас-аяғы бір жыл­дың ішінде ол екі бірдей жауапты жарыста жеңіске жетті. Нұрсұлтанның мүмкіндігіне қандай баға бересіз?

– Иә, Нұрсұлтан Тұрсыновтың салмағында елімізде аса үлкен бәсе­келестік жоқ. Нұрсұлтанға ел чемпионатына қатысып, бірінші нөмірлі балуан болу қиынға соққан жоқ. Ал енді әлемдік деңгейде Нұрсұлтанға жүлдегер атануға біраз тер төгу керек. Бағы мен бабы қатар шапса, Нұрсұлтан да ел намысын қолдан бермеу керек.

Жалпы, барлық балуандарымызға жанкүйер боламыз, бәрінен жүлде күтеміз. Сондай-ақ елдің жүгін арқалап бар­ған барлық спортшыға сәттілік тілеп, абыроймен ел намысын қорғап, жүл­демен оралсын деймін.