Аталған жоба аясында жуырда Т.Рысқұлов ауданы Луговой ауылының тұрғыны Дария Төлендиеваға баспана кілті табыс етілді. Ерекше бала тәрбиелеп отырған ана көпшіліктің бұл ықыласына алғысын жаудырып жатыр.
Бұл тұрғын үйдің құрылысына ерікті жастардың бастамасымен құрылған «Жан жылуы» қайырымдылық қорымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшылары және қарапайым ауыл тұрғындары да үлес қосты. Баспана кілтін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов иесіне тапсырып, «Бірлік бар жерде тірлік бар» екенін атап өтті. Сонымен қатар асарлатып үй салуға атсалысқан еріктілер мен барша азаматтарға алғыс айтты. Сондай-ақ осы игі іске бастамашы болған барша азаматты аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Алғыс хаттармен марапаттады.
Жаңа баспананың құрылысы үш айда аяқталып, оған 5 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Қайырымды жандардың демеушілік көрсетуімен және қол көмегін беруімен жүзеге асқан бұл жоба алдағы уақытта өз жалғасын табады.
Айта кетейік «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша ауданда өткен жылы 16 үй салу жоспарланған болса, бүгінде оның 14-і салынған. Сонымен қатар жергілікті әкімдіктің бастамасымен 2 дайын үй сатып алынып, мұқтаж отбасыларға тапсырылған. Биыл тағы да 15 үйдің құрылысы жүргізілуде. Аталған тұрғын үйлердің де құрылысы аяқталысымен мұқтаж азаматтарға беріледі.
Жамбыл облысы