Коронавирус • 29 Шілде, 2021

Алматыда коронавирус жұқтыру қаупі жоғары орындар анықталды

140 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин қала тұрғындарын өзара байланысты шектеуге шақырды, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда коронавирус жұқтыру қаупі жоғары орындар анықталды

Көрнекі сурет

Ж.Бекшиннің айтуынша, соңғы аптада Алматыда КВИ  жұқтыру көрсеткіші сауда нысандарында – 35%, отбасылық байланыс арқылы – 19%, қоғамдық көлікте қатынау барысында – 16%, базарларда – 14%, саябақ пен жаяу жүргіншілер көшелерінде 3,6%-ды құрап отыр.

Сонымен қатар туыстармен және көршілермен байланыс кезінде жұқтырған КВИ инфекциясы 0,2–0,4%-ға өсті. Орамішілік азық-түлік емес дүкендерде – 0,1%-ға және қоғамдық тамақтану нысандарында, мейрамханаларда, дәмхана мен асханаларда – 0,2%-ға, монша мен сауналарда – 0,4%-ға өскені байқалды.

«Ashyq» жобасына қатысушы нысандарда жұқтырушылардың үлес салмағы 106-дан 186 адамға дейін артқан. Бұл нысандардың кіреберісіндегі бақылау жұмысының нашарлығын көрсетеді. Осындай әрекеттің салдарынан ХҚКО-да - 16, сауналарда, бассейн мен фитнес-орталықтарда - 11, мейрамханаларда, кафелерде - 8 және банкет залдарында 5 адамның вирус жұқтырғаны анықталған.

Бас санитарлық дәрігері алматылықтарға міндетті түрде бетперде тағуды, жұмыс бөлмесін, үй-жайларды үнемі желдетіп отыруды, адам көп жиналатын орындарға бармауды ескертті. Инфекцияға күдік туындаған жағдайда бірден дәрігердің көмегіне жүгініп, басқа адамдарға жұқтырмау үшін шектеу шараларын сақтау қажет.