Коронавирус • 30 Шілде, 2021

Мониторингтік шараларды ширатпаса болмайды

225 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылордада індетке шалдыққандар қатары күн са­йын көбейіп келеді. Осыған байланысты облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен жедел штаб отырысы өткізіліп, аймақтағы эпидемиялық жағдайды жақсарту мәселелері талқыланды. Жиынға әкім орынбасарлары, бірқатар басқарма және департамент басшылары мен онлайн режімде қала, аудан әкімдері қатысты.

Мониторингтік шараларды ширатпаса болмайды

Аймақ басшысы өңірде вирустың тіркелуі тәулігіне 100-ден асып отырғанын айтып, сақтық шараларын қатаң­датуды тапсырды.

– Республиканың өзге аймақтары секілді біздің облыста да «Дельта», «Дельта плюс» штамдары тіркеліп, жедел тарап отырғанын көріп отырмыз. Жағдай өте ауыр. Былтыр дәл осы уақытта облысымызда коронавирус инфекциясынан өлім-жітім көп болғаны белгілі. Енді биыл әр жерде жылдық астар өткізу жиілеп отырғаны жөнінде мә­ліметтер түсіп жатыр. Той өт­кізетіндер де толастар емес. Күні кеше ғана Қызылорда қа­ла­сында орналасқан екі мейрамханада отбасылық шаралар ұйымдастырылған. Бірақ бұл мониторингтік топтардың назарынан тыс қалып отыр. Дәл осындай жағдай аудандарда да кездесуде. Сондық­тан мониторингтік топтардың жұмысын ширатқан жөн, – деді облыс әкімі.

Облыстағы эпидемия­лық жағдай туралы баян­да­ма жа­саған Санитарлық-эпи­де­миялық қадағалау де­пар­таментінің басшысы Ди­нара Жаңабергенова наурыз айындағы мерекелік күндер­ден кейін ауру санының күрт көбе­йіп кеткенін айтып өтті. Департамент басшысының айтуынша, ұжымдық вакцина алғандар арасында аурушаңдық деңгейі төмендеп келе жатыр. Ал облыс орталығында ін­дет жұқтырғандардың күрт кө­беюіне байланысты Қызыл­ор­да қаласы үшін жаңа қаулы қабыл­данып, күшейтілген сақ­тық шаралары енгізіліп отыр.

Штаб отырысында облыс­тық полиция департаменті­нің бастығы Бектөре Сұлтан өңір­дегі мониторингтік топ­тардың жұмысын күшейту ба­ғытындағы ұсынысын айт­са, облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының басшы­­сы Сәбит Пазылов ауру­ха­на­лар­дағы төсектік орындармен қамту және жаппай вакциналау жұ­мыстары барысын баян­дады.

Жүктеменің артуына байланысты инфекциялық төсектік орындар саны 3 есеге ұлғайып, 1 820-ға жеткен. Қажетілікке қарай инфекциялық және провизорлық стационарларда төсектік орынды 3 200-ге дейін көбейтуге мүмкіндік бар. Үй жағдайында ем алатын азаматтар үшін 138 дәрігерлік мобильдік топ құрылған. Топ құрамындағы дәрігерлердің науқастарға шұғыл түрде жетуі үшін облыс әкімдігі мен қала әкімдігі тарапынан қосымша көліктер қарастырылды. Об­лыста вакцина салынуға тиіс 401 мың тұрғынның 53,2 па­йызы екпе алған.

– Күнделікті 150-160-қа жуық індет тіркеліп, 100-ге жуық нау­қас стационарға ем алуға жат­қызылуда. Бұл, әри­не, ста­ционар жүктемесінің артуы­на әкеліп соғады. Ауыр жағ­­дай­дағы науқастардың кө­бей­­гені де бізді алаңдатып отыр, – деді басқарма басшысы.

Жиында Гүлшара Әбді­қалықова керекті дәрілердің ауылдар мен қала шетіндегі дәріханаларға уақтылы және қажетті мөлшерде тұрақты түрде жеткізілуін қадағалау­ды тапсырды. Отырыста об­лыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшы­сы Фердоуси Қожабергенов Ashyq жобасына кәсіпкерлердің қатысуы туралы баяндады. Бүгінде өңірдегі 252 нысан Ashyq-қа енген.

Облыс әкімі қоғамдық та­мақтану мен сервистік қыз­мет орындарында қауіпсіздікті сақтау үшін кәсіпкерлік нысандар Ashyq жобасына белсене қатысуы қажеттігін еске салып, бұл бағытта тиісті сала басшыларына жұмысты қысқа мерзім ішінде үйлестіруді жүктеді.

Жиын соңында аймақ басшысы облыстық санитар­лық-эпидемиялық бақылау департаментіне науқастар­мен қарым-қатынаста болған тұр­ғын­дарды шұғыл түрде анық­тап, аурудың таралуына жол бер­меуді, поли­ция депар­­та­менті, Қызыл­ор­да қала­сы және аудан әкім­діктерімен бір­­­лесіп, күнделікті мони­то­ринг топтарының жұмы­сын кү­­шей­туді міндеттеді.

– Қазіргі таңда вакцина­лау мәселесіне басты назар аударылуы тиіс, өйткені ауру­­­ды жұқ­тырмаудың бұ­дан басқа жолы жоқ. Мұнан бө­лек, төсектік орынмен қам­ту мен жансақтау бөлім­дері­­нің дайын­дығы да аса ма­­ңыз­ды. Сондай-ақ үйде ем­де­ліп жат­қан науқас­тар­дың то­­лық­­қан­ды ем алуын қам­­­та­ма­сыз ету қажет. Жағ­да­йын ушық­тырып алмас үшін олар­­дың жағ­дайын күн­делікті қа­да­­­ға­лауды тапсырамын. Бар­­лық жұмыс ұйымдасқан түрде жүр­­гізіліп, тұрақты бақы­лау­да болсын, – деді облыс әкімі.

 

Қызылорда