Үкімет • 30 Шілде, 2021

Жауапкершілігі бар ШОБ нысандарының жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалады - Ералы Тоғжанов

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Ashyq жобасына белсенді қатысатын бизнес-қоғамдастық өкілдерімен онлайн форматта кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Жауапкершілігі бар ШОБ нысандарының жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалады - Ералы Тоғжанов

Кеңеске мемлекеттік органдардың басшылары, барлық өңірлердің әкімдіктері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Ashyq жобасының көшбасшылары қатысты.

Қазір Ashyq жүйесі аясында 45 мыңнан астам кәсіпкерлік объект жұмыс істеп, 4 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. Ashyq жобасы енгізілген сәттен бастап «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 23 мыңнан астам тұрғын анықталды (оның ішінде оң ПТР тесті бар 13 516 азамат және 9 688 – науқастармен қарым-қатынаста болғандар).

Вице-премьер еліміздегі эпидемиологиялық жағдай өте күрделі екенін, 16 өңір «қызыл» аймақта тұрғанын назарға алды. Еліміздің емдеу стационарларындағы төсек орындарының толымдылығы 54%-ға жетті. Денсаулық сақтау жүйесі өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп жүктемемен жұмыс жасап жатыр.

Бизнес өкілдері өз тарапынан карантин жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіріп, өздеріне алған барлық міндеттемені одан әрі сақтауды жалғастыратынын және әріптестерін де осыған шақыратынын жеткізді.

«Біз экономиканың дамуын, сондай-ақ 2 миллионнан астам адам жұмыс жасайтын қызмет көрсету секторындағы шағын және орта бизнестің жұмысын тоқтатпау үшін әрқашан кәсіпкерлердің адал жұмысын ұстанамыз. Мемлекеттің сенімді әрі жауапкершілікті бизнеске қолдау білдіргеніне ризамыз», деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер екі аптаның мониторингі бойынша 2-9 тамыз аралығында үздік көрсеткіштерге ие болған жүйе көшбасшыларына демалыс күндері жұмыс істеуге мүмкіндік беруді қарастыру туралы бастама көтерді. Бұдан бөлек, Ashyq жобасы көшбасшыларының қоғамдық қозғалысын құру туралы шешім қабылданды. Е. Тоғжанов мемлекет ШОБ жауапты нысандарының жұмысы үшін барлық жағдайды жасайтынын айтты. 

Кездесуді соңында, премьер-министрдің орынбасары жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, барлық айтылған бастамаларды пысықтауды және қажет болған жағдайда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында келісілген ұсыныстарды енгізуді тапсырды.