Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде өткен бұл көрмеге ағаштан жасалған құбыжық мүсіндер қойылды. Залдың ортасында қаз-қатар тұрған композицияларға қарасаң, көмейге өксік тығылады. Елді мекеннің қақ ортасында үздіксіз жарылған бомбаның радиациясы топыраққа сіңіп қана қойған жоқ, адам ағзасын зақымдаған, мутацияға ұшыратқан. Аң біткеннің бәрі дүмпулерден бой тасалап, ауып кеткен. Көрменің төрінде тұрған бұлғынның мүсіні сол, адам қолымен жасалған қиянатқа өкпелі көзбен қарап тұрғандай. Көзінен тамып бара жатқан мөп-мөлдір жас та небір ойға шомдырады. Мүсінің тақырыбы да «Кінәлі сендер, адамдар». Рас, табиғатқа келтірілген залалдың бәрі адамдардың кесірінен орын алды. Оны мойындамасқа шара жоқ.
Мүсіндердің барлығы дерлік мутацияға ұшыраған тірі ағзаны бейнелейді. Суретші Құрман Айтмұхамбетов кейбір мүсіндерді бүтін ағаштан шауып жасаса, енді бірін әлденеге ұқсатып, композиция етіп ойластырған. Бірақ әр мүсіні ойландырады, тәубеге түсіреді. Кейде қаныңды құж-құж қайнатады.
Келушілер назары залдың шетінде жеке тұрған ақ жаулықты ананың мүсініне ауды. Ауса, ауғандай. Мүсін болғанымен, көзінде мұң, жүзінде зар бар. Сынақ салдарынан қаңырап қалған ауылына, ауруға ұшыраған ұл-қызына қарап тұрғандай.
– 1998 жылы Семейге көшіп келгем. Бір күні бақшамда қурап қалған алма ағашының түбін қазып жатсам, әлденеге ұқсас тамыры шықты. Содан композиция жасап, бір қолына нан, енді бір қолына тұз ұстаттым. Полигон зардабын тартқан кемтар адамға ұқсап шыға келді. Алғашқы мүсінім осы, – дейді суретші Құрман Айтмұхамбетов.
Ауыр тақырыпқа барып, үлкен көрме ұйымдастырған суретшіге музей әкімшілігі де бірауыз жылы лебізін білдіріп, естелік сыйлықтарын табыстады.
– ХХ ғасырдың ортасында қасиеті мол қазақ жерінде қызыл империяның ықпалымен қасіретті оқиға орын алды. Оның зардабы барша адамзат баласына бүгінде белгілі. Қазақ елінде адамзат баласына нәубет әкелетін ядролық сынаққа саяси тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік қозғалыспен, өнер жолымен де күрес бір сәт толастамады. Бүгінгі Абай музейінде өтіп жатқан мәдени-шығармашылық шара соның көрінісі, – деді музей басшысы Тұрдықұл Шаңбай.
Сонымен қатар көрмеге «Семей Невада» қозғалысының мүшелері де қатысып, мүсіншіге жылы лебіздерін білдірді. Олардың тілегі жалқы: заман тыныштығы. Шынында да мұндай құбыжықтардың бейнесін тек көрмеден ғана көрейік.
СЕМЕЙ