30 Сәуір, 2010

ЖУРНАЛИСТІҢ АДАМГЕРШІЛІГІ НЕДЕ?

659 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Төрткүл дүниенің әр та­рабынан азуын айға бі­леген БАҚ өкілдерін Ал­ма­ты төріне тоғызын­шы рет жи­на­ған Еуразия ме­диа-фо­румы сәрсенбі күні сә­тімен аяқталды. Аталмыш форум десе алдымен есі­міз­ге танымал тұлғалар, сандар, фак­тілер, көтерілген та­қырыптар айналасындағы қызықты түсініктемелер түседі. Қаржылық дағдарыс белең алып тұрғанда, биылғы жылғы форум­ның өту-өтпеуі көпшілікке бұлың­ғыр бо­лып көрінгені рас. Жыл сайын осы форумның “жаназасын” шығарып, алдын ала болжам жаса­ғыш “жан­ашыр­лар” да аз емес. Бірақ, тосын әлемде болып жатқан түрлі оқиға­лар­ға қарамастан, фо­рум­ға демеу­шілік жасауға құлшын­ғандар тізімі барлық кезде ұзақ бол­ғандығын ескеріп, тоғызыншы рет бас қосуы­мыз ғажап еместігіне сенген едік. Еуразия медиа-форумының тұ­сауы кесілген 2002 жылдың сәуі­рінен бергі оқиғаларға, көтерілген мәселелерге қарап, дүние көз алды­мызда құбылып тұрғанына кәміл сенесің. БАҚ-тың да беталысы аумалы төкпелі. Мына бір қызықты қараңыз, осыдан бірнеше жыл бұ­рын ғана аталмыш форумның бір отырысында Ресейдің ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілі Алексей Бородавкин “Қазақстан 2009 жылы ЕҚЫҰ төрағалығына қабылданбауы – ұйым беделіне нұқсан келтіреді”, деп өз пікірін батыл қорғағанда, форум делегаттарының түгелге жу­ығы осы көзқарасты қызу қолда­ғы­нын білеміз. Сол кезде Еуропадағы беделді ұйымға Қазақстанның төр­ағалық етуі қол жетпес армандай көрінген. Енді, міне, көзді ашып-жұмғандай мезетте еліміз осы абыройлы миссияға бел шеше кірісіп, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға жетекшілігінен үлкен үміт, жауап­кершілік күтілетіні анық көрінді. Форум аясында Тәжікстанның сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифи “Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қомақты үлес қоса алады”, деп оның алғы­шарттарын да атап берді. Ең бастысы, медиа-форумда сұңғыла саясаткерлер мен әр сөздің астарын ақтарған шетелдік азулы журна­листердің өзі Президент Назар­баев­тың беделін бүкпесіз мойындады. Қазақстан басшысының халық­аралық және аймақтағы беделі зор Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау саласында халықаралық ынтымақтастыққа шақырғаны, Пре­зиденттің дәстүрлі Еуразия медиа-форумының ашылу салта­натында сөйлеген сөзі Ираннан келген жоғары лауазымды уәкілдер мен сарапшылардың қатысуымен өткен қызу пікірталасқа өзек болды. Қазақстан басшысы ЕҚЫҰ тізгінін ұстап, халықаралық әрі аймақтық өкілеттігі кеңейген мем­лекеттің атынан сөйледі. Мұның өзі медиа-форумдағы алғашқы ауқым­ды пікірталастың тақырыбына айналды. Президент Назарбаев форумға қатысушыларды құттықтау сөзінде Қазақстанның жақында Вашингтонда өткен Жаһандық саммитте ядролық энергетика саласында халықаралық бақылауды дәйекті түрде күшейтуге шақыр­ға­нын атап өтті. Ядролық қарудың бақылаусыз “жайылуы” халықара­лық лаңкестерге қолайлы жағдай ту­ғызады. Елбасы “Лас бомба­лар­ды” қолданудың қаупі зор”, деп ес­кертті. Қазақстан басшысы қандай да бір нақты мемлекетті атамай, “Біз барлық елдердің ядролық энергетикалық зерттеу жүргізуге бірдей хақысы бар деп есептейміз. Дейтұрғанмен, ешкім де бейбіт атом мен әскери ядролық бағдар­ламалар арасындағы шекараны бұзбауы тиіс”, деді. Өзге өңірлерде, соның ішінде Таяу Шығыста да ядролық қарудан ада жаңа аймақтарды құру жө­нін­дегі ұсынысын тағы да атап өткен Елба­сы осы үдеріске қатысуды қа­лайтын ядролық қаруы жоқ елдерге қауіп­сіздік кепілдігін беру керек­тігін ай­рықша атап өтті. Елбасы “Мұндай  аймақтардағы  барлық елдерге әлем­дегі державалар тара­пы­нан қауіп­сіздіктің берік кепілі мен бейбіт атом саласында жеңіл­дік­тер беру аса маңызды”, деді. Н.Назарбаев Қырғыз­станда болған қантөгіске алаңдау­шылық білдіріп, көрші елдегі оқиғаны шын мәніндегі халық төң­керісі емес, “Екі элита арасындағы кәдімгі билік үшін талас”, деп си­паттады. Бес жыл ішінде бұл елде екі ірі саяси дағдарыс орын алды. Бұлар егер халықтың тұрмысы жақсар­маса, қоғамның қауіпсіздігі, этностық және конфессияаралық келісім мәселелері шешілмесе, апаттан қашып құтылу мүмкін еместігін көрсетті. Иран қауіпті жоққа шығарып, Батыспен диалогта теңдікті талап етеді Иран сыртқы істер министрінің арнаулы өкілі Рамин Мехманпараст форумда “Белгісіз Иран” атты пі­кір­таласта осы елдің қайшылықты ядролық саясатына тоқталып, Ба­тыс пен Американың Иранға қарсы қоқан-лоққысы түкке аспайтынын мәлімдеген болатын. Осы елдің жо­ғары лауазымды өкілі Р.Мех­ман­параст атом энергетикасына қатыс­ты өз елінің саясаты туралы “Біз ешкімнің ядролық қаруды қол­да­нуға хақысы жоқ деп есептейміз. Бірақ, бейбіт ядролық технология әркімге де керек. Бұл мәселеде Құрама Штаттарға да, өзге бір мемлекетке де басымдық берілмеуі тиіс”, деді. Мәселе мынада. Ядролық қаруы бар мемлекеттер өзге елдерге қо­қан-лоққы көрсетіп, оларға не істеу керектігін әмір етуге тырысады. АҚШ Иранға қыр көрсетеді. Себебі, Теһранның оны қаперге алу­ға мүмкіндігі кем. Бұлай бол­мауы тиіс. Иранның арнаулы өкілі өз елінің мыңдаған жылдық тарихы бар мемлекет ретінде тек тең құ­қық­тық деңгейде ғана диалогқа дайын екенін білдірді. Ол “Егер кімде-кім бізбен келіссөз жүргізгісі келсе, теңдік сақталуы тиіс. Егер біз­ге біреу қауіп төндірсе, біз лайықты тойтарыс береміз. Қоқан-лоққыдан қорықпаймыз”, деді. Мехманпараст мырза өз елінің сырт­қы саясатын тұжырымдап, Иран­ның шын мәнінде халық­аралық диалог ауқымын кеңейтіп, әлемнің қаржы-экономикалық құрылымын елеулі түрде өзгерту жайын қозғағысы келетінін айтты. АҚШ Мемлекеттік хатшысы­ның Еуропа және Азия бойынша көмекшісінің бұрынғы орынбасары Дэвид Меркель бұған жауап қатып, расында екі елдің саясатындағы айырмашылықты тек диалог арқы­лы түсінуге болатынын жеткізді. Алайда, Меркель мырза өз өкінішін де білдіріп, Иранның арнаулы өкілінің сөзінен “нақты диалогқа деген пәлендей ықыласты” байқа­ма­ғанын атап өтті. Америка, тіпті, соңғы кездері, Барак Обама пре­зи­дент болған соң да Иранды келіс­сөз­ге тартуға әлденеше әрекет жа­са­ды. Бірақ Иран қозғала қойған жоқ, дейтін Меркельдің пікірінше, Иран жай ғана бейбіт атом энер­ге­тикасын қолға алғаннан гөрі, өзі­нің ядролық бағдарламасын проб­лемаға айналдыруды жөн көрген болуы керек. “Егер мемлекет көр­шілерге қауіп төндірсе, олардың қорғануға хақысы бар. Егер Иран басшылығы расымен атом қуатын бейбіт мақсатта қолданғысы келсе, арта түскен энергия көлемін тара­та­тын электр жүйесі бар екеніне көз жеткізер еді. Иран билігі атал­ған бағдарламаға қатысты сыртта ай­тылған өзге ескертпелерге де құлақ асар еді”, деді Дэвид Меркель. Осы арада Ресей телевизия­сын­дағы ток-шоу жүргізушісі Максим Шевченко пікірталасқа араласып, “Жаһандық – экспансия американ империализмінің өзегі. Егер Аме­ри­ка осы үрдісті тоқтатса, бұл сол мем­лекеттің өмір сүруіне қатер төн­діреді”, деген пікірін ортаға тастап, айтысқа әрі қарай май құя түсті. Екінші жақтан қарасақ, Иран – өз тәуелсіздігін бағалайтын іргелі мем­лекет. Максим Шевченко “Иран – қазіргі кезеңде адамзат­тың әлемдегі күш тепе-теңдігін қайта құруға деген тілегінің белгісі”, деді. Американ-Иран кеңесінің президенті Хушан Әмірахмади Иран мен Батыс арасында бұрынғы көптеген шиеленістің салдарынан пайда болған өзара сенбеу бар деп есептейді. X.Әмірахмади “Батыс осы сенбестіктен мынадай тұжы­рым жасады: қуатты Иран – бұл қауіпті Иран, ал әлсіз Иран Ба­тысқа аса тиімді. Сондықтан Батыс Иранға зиян келтіру үшін бәрін жасайды, санкция да енгізеді”, деді. Алайда, X.Әмірахмадидің пікірі­н­ше, ақиқатқа жүгінсек, қуатты Иран тұрақтандырушы күшке айналады, ал “әлсіреген Иран тек проблема туғызады”. Қазақстанның Ұлыбритания­да­ғы елшісі Қайрат Әбусейітов әң­гі­меге қосылып, кез келген ядролық сая­сатты сараптау түрлі қауіпті тау­ып алуға әкеліп соғатынын айтты. Дипломат “Иран билігінің атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалануға хақысы бар, бірақ бәрі де Ядролық қаруды таратпау шарты және соған қатысты келіссөздер шеңберінде жүзеге асуы тиіс”, деді. Швейцария телевизиясының Ирандағы тілшісі Ульрих Тилгнер Батыс пен Иран арасында жақын келешектегі сындарлы диалогтың мүмкіндігі көрініп тұрған жоқ, дей келіп, түйінді бейбіт жолмен шешу­дің мерзімі аяқталғанда үнемі күш қолдану мүмкіндігі туатындығы жө­ніндегі қауіп бар екендігін білдірді. Иран билігі өзінің басқару жүйе­сінде реформа жүргізуге тырысып, бірақ режімді өзгертуге бағытталған шетелдік қысым нәтиже бермегені де айтылмай қалған жоқ. Ульрих Тилгнер “Санкциялар дәнеме де бермейді, мұндай қадам “қамшы мен жамбас” саясатына арқа сүйей­ді. Қамшы ұзын болуы мүмкін, бірақ осып жіберетін жамбас та­былмауы да ықтимал” деді. БАҚ-тың пандемия туралы хабарларында қорқыныш пен қарадүрсіндік басым Медиа-форум көтерген көкей­кес­ті мәселенің бірі – “Үрей ін­деті” тақырыбы болатын. Бұл да тақыр жерден пайда болған түйткіл емес. Соңғы жылдардағы жұқпалы індеттерді былай қойғанда, кешегі ВИЧ пен СПИД-ке қатысты адамдардың зәре-құтын қашырған ма­қалалар мен пайымдардың зар­да­бын тартып келе жатқандар аз емес. Дүниеде СПИД-тен де қауіпті дерттердің бар екендігіне қара­мас­тан, “ғасыр обасы”, “азғындаған­дар­дың ауры” делініп, әріп­тес­теріміз оның айналасында аңызға бергісіз дақпырттар ұйымдастыруға атсалысты. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкентте балалардың жаппай ВИЧ жұқтыру оқиғасы орын алғанда, қаншама от­басы күйреді. Соның бәрі ақпа­рат таратудағы, осы ауруға түсінік­теме берудегі журналистердің ғана емес, тиісті мекемелердің жіберген ағаттығы да болатын... Осы және басқа да үрей індеті туралы Еуразия медиа-форумы не дейді? Бұқаралық ақпарат құрал­дары мен мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелері, жалпы алғанда, таяудағы “шошқа тұмауынан” туын­даған жаһандық пандемияға бай­ланысты тәуекел хақында бұ­қа­раны дұрыс хабардар ете алмады. Неге? “Мәселенің бәрі – ғылымды жетілдіріп, коммуникацияны жақ­сартуда”, дейді форум делегаттары. Журналистер, билік өкілдері және медицина сарапшылары қатысқан форумдағы пікірталаста қол жеткізілген түйін осындай. Спикерлер денсаулық сақтау туралы БАҚ хабарларына қарадүр­сінділік пен тәуекелді түсінбеушілік тән екендігін мойындап отыр. Мұның өзі қоғамда жаппай мазасыздық пен үрейленуге әкеліп соғады. Көптеген адамдар “шошқа тұмауын” қаланың қауесеті деп қабылдады. Енді біреулер жасалып жатқан дәрілер өзге кеселді туғызады деп есептеді. Нәтижесі өкінішті түсінбестік туғызды. Ұлыбритания премьер-министрі кеңсесінің бұрынғы арнаулы өкілі Даррен Мерфи жалпы алғанда БАҚ-тың қауіп туралы дұрыс мағ­лұмат бере алмай жатқанын жур­налистердің ғылымнан хабарсыз екендігінен көреді. Оның пікірін­ше, мұндай жағдайда қажетті жа­рия­лылықты қамтамасыз етпейтін билік орындары да кінәлі. Ол мы­сал ретінде Ұлыбританияда қызыл­ша, паротит сияқты кеселге қарсы дәрі егілген балалардың денсау­лы­ғына қатысты алаңдаушылықты келтірді. БАҚ-та осы вакцина аутизм­ге әкеліп соғады-мыс деген хабар тарады. Содан көпшілік вак­цинадан бас тартты. Бірақ ақпарат жалған мағлұматқа арқа сүйеді. “Мәселеге денсаулық сақтау депар­таменті де, БАҚ та атүсті қарады. Ақыры дәрі ектірмеген біраз бала көз жұмды”, деді Даррен Мерфи. Мұндай мәлімдеме кезінде “БАҚ неліктен медицина проб­лемалары жөнінде жалған мағлұмат береді?” деген сұрақтың атой салуы кездейсоқтық емес. Бұған даниялық “Чили групп” редакторының орынбасары Луиза Воллер “Біз дұрыс сұрақ қоюға құлықты емеспіз, биліктен басқа жағ­дайда талап ететін жариялы­лық­ты сұрамаймыз”, деп жауап берді. Ол “Ақпарат құралы штатта ден­сау­лық сақтау маманын ұстауы ке­рек. Бірақ бұл тым қымбат, оны дәйектеу қиын. Себебі, әңгіме жұрт назарын аз уақыт қана қамтитын мәселе жайында болуы мүмкін”, – деді. Түріктің ТРТ телеарнасының бас редакторы Үміт Сезгин қайсы­бір БАҚ-тың ақиқат ақпараттан гөрі рейтингке көбірек ден қоя­ты­нын айта келе, “Олар шындықты көрмейді әрі ақиқатты табуға ты­рыспайды да”, деді. Үміт Сезгин аса ірі фармацевтикалық компа­ния­лардың кейде БАҚ-ты өз мақ­сатына пайдаланатынын атап өтті. “Медиа не істей алады? Меди­цина сарапшыларын тартып, сая­саткерлер мен компанияларды олар­дың мәлімдемесі жұртты қор­қытпауына көз жеткізуі тиіс”, деді Үміт Сезгин. Ресей Медицина академиясы Тұмау ғылыми-зерттеу институты­ның директоры және ДДҰ Тұмау ұлт­тық орталығының жетекшісі Олег Киселев бұқараны хабардар ету, кеңес беру биліктің де, БАҚ-тың да міндеті деп біледі. Ол “біз әрбір адамға, халыққа дәрі егудің мән-маңызын жеткізуіміз керек” деген пікірін алға тартты. Жиынға қатысушылардың енді бірі журналистерді “тәжірибесіз әрі медицина бойынша қажетті дайын­дығы жоқ” деп айыптады. Форум­ды жүргізуші, “Әл-Жазира интер­нешнл” телеарнасының аға жүр­гі­зушісі Стивен Коул “Өкінішке қа­рай, жақсы диктор деуге келетін жүргізуші көп, бірақ олар нашар жур­налистер. Қандай сұрақ қояты­ның­ды біліп, билік орындары кейде жариялап жіберетін жалған мағлұ­мат­ты жоққа шығара білу аса ма­ңызды”, деді. Мәжілісте модератор болған қа­зақ­стандық журналист әрі продю­сер Владимир Рерих бұқарамен байланыстағы аса маңызды мәселе – бәріміз жұрттың ғылым туралы түсінігін кеңейтіп, қауіп-қатерді дұрыс бағалауына көмектесуіміз керек деген ортақ оймен бұл отырысты түйіндеді. Ғаламтордың мүмкіндігі ғажап, алайда... Еуразия медиа-форумы сәрсен­бі күні “Интернет аумағын реттеу және тәуелсіз БАҚ: үрей мен шын­дық” тақырыбының төңірегінде өр­біген болатын. Бәсекелестік жағ­дай­ында бұқаралық ақпарат құрал­дарының қарқынды дамуы БАҚ-ты және заң шығарушыларды тығы­рық­қа тіреп отырғаны аян. Интер­нет қазір кез келген елдің саяси және экономикалық өміріндегі қа­жетті факторға айналды. Көптеген елдерде биліктегілер бірнеше жағ­дайға байланысты интернетті қа­дағалап отыруға тырысады. Интер­нет пайдаланушыларды балағат­та­мау үшін түрлі-түрлі заңдар қабыл­дап жатыр. Италия, Түркия, Авс­тралия және Қазақстанда интернет аумағын реттеу, тіпті, оған бақылау орнатуға әрекеттену – көптеген пай­даланушылардың, сөз бостан­дығын қорғаушы ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің тарапынан қар­сы­лыққа ұшырауда немесе алаң­дау­шылық туғызуда. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның таяудағы интернет аумағындағы сөз бостан­дығы туралы айтқан пікірінде атап өтілгендей, өткен жыл “еркін ақ­па­рат тасқынына қауіп төндірумен” сипатталды. Ол мысал ретінде Қы­тай, Тунис, Өзбекстан, Мысыр, Иран, Сауд Арабиясы және Вьет­намды атап өткен. Аталмыш сессияның модера­то­ры Си-эн-эн телеарнасының жа­ңалықтар жүргізушісі Монита Рад­жпал ханым интернеттегі шектен шығудан жекелеген адамдарды, қоғамды қорғауда мемлекеттің рөлі қандай? Интернет бақылау мен тосқауылдан еркін болуы керек пе? Оны реттеу арқылы сөз бостандығы мен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бола ма? де­ген сауалдарды ортаға сала отырып, форумға қатысушыларды қызу пі­кірталасқа бастап берді. Интернетті реттеу қандай жағдайда адамдардың құқын бұзады және оны кімдер анықтайды? Мәселен, АҚШ Мем­лекеттік хатшысы атап өткен елдер “Интернет пайдаланушылардың не­гізгі құқын бұзып, алдағы ғасыр­да кері кету” тәуекеліне ұрындыра ма? Осындай сан-салалы сауалдар төңірегінде сөз алған спикерлер – ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жө­ніндегі бұрынғы өкілі Миклош Ха­рашти, оның орнын кейін алмас­тырған Дуня Миятович (Австрия), Литва Республикасы президентінің бас кеңесшісі Аудроне Нугарайте мен басқа да спикерлер сөз бос­тан­дығы – сөзсіз баршаны тегіс қам­титын құндылық екендігін, көп­те­ген елдерде бұл ұлттық мәдениеттің бөлшегіне айналғанын алға тартты. Алайда, басылым мазмұнын немесе телебағдарламалардың мәтінін ба­қылауға болатын болса, Интернет жаһандық құбылыс болғандықтан, қандай да бір ел оның қызметін жеке-дара пайдаланушылардың құ­қығына зиян келтірмей қадағалауы қиын екендігі мойындалды. Оппоненттердің кері пікірі кез келген елде заңның үстемдігі сақ­талуы керек дегенге сайды. Яғни, қоғамда заңсыз болып табылған дүние – интернетте де заңсыз бо­луы керек, мәселен, зорлық-зом­былық, есірткілік заттар мен пор­но­графия... Қысқасы, ғаламдық желі де заңның жетегінде болуы тиіс деген Ыстамбұл Билге уни­верситетінің профессоры, Cyber-rіghts.org порталының директоры Яман Акдениздің (Түркия) пайы­мы­на тоқтауға тура келеді. Осы пікір­талас барысында Боккони уни­верситетінің профессоры, интернет жөніндегі сарапшы Карло Маффе (Италия) қызықты бір ұсынысты ортаға салды. Ол Еуразия медиа-фо­руымының базасында интернет аймағының әмбебап заңдылық және моральдық-этикалық меха­низм­дерін жасаумен айналысатын қоғамдық-құқықтық лаборатория құруды ұсынды. Бүгінгі журналистика тек қана кәсіпқойлардың шексіз құдіреті емес, ол әлеуметтік желілер мен виртуалды қарым-қатынастарға негізделген ақпараттық жүйелерде де өмір сүре бастады. Оның үстіне қазір кез келген елде интернет-провайдерлер арасында бәсекелес­тік құрудың да қажеттілігі көрініп отыр. Жауабы толық табылмаған сауалдарға қарап, бұл отырыс көтерген мәселелер алдағы уақытта да талқылана беретіні және оның қызметін реттеу нақты шешімдерді қажет ететіні аңғарылды. Әлеуметтік желілердің даму құбылысы және “еркін” журналистиканың ерекшеліктері Жоғарыда айтып өткендей, көп­теген белгілерге қарағанда, жур­на­листика тек осы мамандықтың ие­ле­ріне ғана тиесілі емес болып тұр. Яғни, хабар тарату басқа да ақпа­рат­тық желілермен айналысатын адамдарға да қолайлы. Интернет және сондағы дамыған бұқаралық ақпарат құралдарының “еркін” құ­ралдары өндірушілер мен тұтыну­шы­лардың дәстүрлі жүйесін бұзуда. Ғаламдық рефлексия жүйесі жүріп жатқанда оған қоғамның барынша араласуы журналистиканы түбегей­лі өзгертіп қана қоймай, жалпы мә­дени ахуалды өзгертеді. “Ноос­фе­ра” жылдам өзгеруде, алайда бұл ауыс-түйістің мағынасын әлі түсініп болған жоқпыз. Осылайша Әлемдік экономи­калық форум Болашақ журналис­ти­ка кеңесі тарапынан ұйымдасты­рылған сессияда форум делегаттары желілік журналистиканың мүмкін­ді­гін зерттеді. Яғни, бұл мәжіліс Бонн, Әбу-Даби, Яунде, Паоле-Альта және Вашингтонда өткен осы тақылеттес медиа конферен­циялардың жалғасы іспетті болып, мынадай басты мақсаттарды көз­де­ді: кәсіби журналистердің шы­ғармашылық қолданбалы ойлау қабілетіне шабыт беру; бұқарамен ықпалдасудың жаңа әдістерін ын­таландыру; үкімет, іскерлік орта және азаматтық қоғамдағы желілік ақпараттың жаңа тәуелсіз көздерін зерттеу. Бұл отырысқа Әлемдік эко­но­микалық форум атқарушы төраға­сының аға кеңесшісі Кристина Фальконе (АҚШ) модераторлық етіп, Еуропалық журналистика орталығының директоры Уилфрид Руттен (Нидерланд), “Дойче велле” телекомпаниясы маркетинг және дистрибуция, стратегия бөлімінің директоры Гвидо Баумхауэр (Гер­мания), Medіa Assets Partners пре­зиденті профессор Кеннет Крушель (АҚШ), Demotіx президенті Тури Мюнте (Ұлыбритания), NowPublіc президент және негізін қалаушы Майкл Типпет (Канада), PBN Ор­та­лық Азия компаниясының тәжі­рибе жөніндегі басқарушы дирек­торы Брюс Уилсон (Қазақстан), тәуелсіз журналист, Науин Накуи (Пәкстан), “Центр тяжести” ин­тернет форумның креатив дирек­торы Дарья Бублик (Қазақстан), “КРОС” ЖАҚ интернет – ком­муникация жөніндегі директоры, “Нью-медиа cros.іnteractіve” агент­тігінің бас директоры Александр Кузнецов (Ресей) спикерлер қатарынан орын алды. Саяси имидж мәселесі: шоу жалғасуда ма? Қай кезде де биліктің ұшар басындағылар әрдайым өзінің жеке өмірін белгілі дәрежеде жасырын ұстаған. Ал басқарушының имиджі белгілі этностық қалыпқа бағы­на­ды. Бүгінде саяси элитаны жаңа қы­рынан көріп жүрміз. Олар кө­бінде сыртқы келбетке мән беруді қойды. Саяси қызметте танымал болуды көксейтін азаматтарымыз “шоу-бизнес аумағында” жиі көрінетінді шығарды. Саяси шын­дық сапалы ауысып жатыр. Бірақ, ондағы қызмет етушілер өзіне тән сенімді жоғалтуда. БАҚ саяси шындықты ашып, оны лезде халық арасына құштарлана таратуда. Қазір мұндай оқиғалар жетіп артылады. Осы құбылыс нені білдіреді? Жекелеген саяси көшбасшылардың тұлғалық ерекшелігі немесе қо­ғамдық адамгершіліктің азғындай бастауы ма? Әлде бұл бұқаралық ақпарат құралдарының сипатына тән өзгермелі құбылыстан туын­дай­тын заманның ғана лебі ме? Ға­лам­дық саясаткерлердің әдейі көрсе­ті­летін жеке өмірі неліктен бұқара­лық ақпарат құралдары мен қоғам үшін “көңіл көтеру” құралына ай­налып барады? Саяси лидерлердің жүріс-тұрысындағы мұндай стерео­тип кейбір тосын оқиғаларды үй­рен­шікті құбылысқа айналдырмай ма? (Буш пен Рим папасы арасын­да болған оқиға. Берлускониге шабуыл). Осы сауалдарды Дүниежүзілік имидж кеңесшілері қауымдасты­ғы­ның негізін қалаушы әрі президент Сэнди Дюмон (АҚШ), саяси ғы­лым­дар докторы, РМГУ профес­со­ры Людмила Адилова (Ресей), “New Statesman” журналының Париждегі тілшісі Дэвид Лодей (Франция) жан-жақты негіздеуге тырысып, дұрысы мен бұрысына өздерінше баға берді. “Рейтер” және Томсон Рейтер телеарнасының Еуропа елдері бой­ынша бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Тим Арлотт, (Ұлыбри­та­ния), “Культура” телеарнасындағы “Тем временем” бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Александр Архангельский (Ресей), Халықара­лық журналистер одақтары кон­федера­циясының бас хатшысы, Ашот Джа­зоян (Ресей) сынды спикерлердің саясаткерлер саяси сахнада қандай шоу көрсетпесін, сайлаушылар бәрібір сөзінің тұрағы бар, басының беделі бар, айтқан сөзін іске асыра алатындарға ғана таңдау жасайды деген пайымдарын білдірді. Әдеттегідей, форумды Еуразия­лық медиа-форум ұйымдастыру ко­митетінің төрайымы Дариға Назар­баева шын жүректен қонақтарға алғыс айтып, аяқтады. Келесі жылы Еуразия медиа-форумы өзінің он жылдық мерейлі жылына қадам басады. ЕМФ Ұйымдастыру ко­митетінің төрайымы жыл сайын журналистер тарапынан аталмыш форум Қазақстанға не береді деген сұрақ үнемі қойылатынын айта келе, бұл шара ең алдымен біздің достарымызды көбейтіп, қата­ры­мыз­ды толықтырады деп жауап беретінін жеткізді. Қазақстан жері алдағы уақытта та мұнан да ауқым­ды ойлар мен алуан пікірлердің көмбесіне айналатынына, Х форум тағы да әлемдік тұлғаларды Қазақ төрінде тоғыстыратынына сенім білдірді. Сөз соңында айтарымыз, әрине, журналистердің медицина қызмет­керлері сықылды ант беретін Гип­пократы жоқ, бірақ оның жауап­кершілігі – алдымен адамгерші­лі­гінде екендігін кезекті медиа-форум тағы да дәйектеп кетті. Ақиқатқа құрылмаған ақпараттар қоғамды адастырып қана қоймай, арандата алатыны қайта-қайта кесе-көлденең алдымыздан шығуда. Сондықтан түсіну тетігін іздеген пікірталас алаңы әлі де керек... Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ. Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.