Саясат • 03 Тамыз, 2021

Қуаңшылықтан қиналғандар қамқорлықсыз қалмайды

390 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сыр бойындағы қуаңшылық зардабын тартып отырған Арал өңіріне көршілес Түркістан мен Ақтөбе облыстарынан, аймақтың өзге аудандарынан жемшөп жеткізілуде. Өңірде жұмысты үйлестіретін облыстық және аудандық штаб құрылып, мал азығын дайындау және қамтамасыз ету жөнінде облыстық жос­пар бекітілді. Соған сәйкес, арнайы шөп дайындау бригадалары, еріктілер, «Жасыл ел» студенттік отряды жастары жұмылдырылды.

Қуаңшылықтан қиналғандар қамқорлықсыз қалмайды

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев облысқа жасаған сапарында төтенше жағдай жарияланған Арал ауданындағы Бөген, Аманөткел ауылдық округтері тұрғындарымен, шаруашылық басшыларымен кездесіп, аймақта мал азығын дайындау мәселесіне қанықты.

Министр міндетін атқарушы жұрт­пен жүздесуде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге тоқ­тал­ды, мал азығымен қамтамасыз ету мәсе­лелерін шешуді жылдам үйлестіру үшін министрлік жанынан республикалық жедел штаб құрылғанын айта келіп, Үкімет деңгейінде іске асырылатын шараларды атады.

­– Үкімет резервінен Қызылорда об­лы­сына заңға сәйкес белгіленген тәртіп­пен жеткізілетін мал азығының құнын арзандату үшін субсидия негізінде 1,7 млрд теңге бөлінді. Енді осы қаражат шаруа қожалықтарына тамыз айының ішінде кезең-кезеңімен жеткізілуі тиіс. Одан бөлек, биыл фермерлердің жемшөп дайындауына қосымша арзан­да­тыл­ған жанар-жағармай бөлінеді. Алда облыстарға сұратылған лимиттері бо­йынша жеткізіледі. Қызылорда облысына 3,8 мың тонна лимит бөлінді, – деді Е.Қарашөкеев.

Министрлік тарапынан жақында мал шаруашылығын субсидиялау ереже­сіне енгізілген өзгерістерге сәйкес облыста былтыр мал азығына субси­дия ала алмай қалған шаруа қожалық­тары­ның резервтегі өтінімдері қанағаттан­дырылатын болды. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 390 млн теңге қаражат та бөлінген. Енді ауыл шаруашылығы басқармасы тез арада шешім қабылдауы қажет. «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ компаниясы басқа өңірлерден мал азығын тасымалдауға жеңілдік беретін болды.

Министрдің міндетін атқарушы барған Бөген ауылының тұрғындары бұрын-соңды мұндай қуаңшылық бол­мағанын айтады. Қазір осы ауыл мен іргедегі Аманөткелге шөп пен Б.Өте­мұратов қорынан бөлінген қаржыға алын­ған жем жеткізілуде.

– Дариядан су азайғандықтан айна­ладағы көлдер тартылып, онсыз да қиын­дық тартып отыр едік. Қыста да қар түспей, көктемде шыққан көк көп ұзамай күйіп кетті. Қоға мен адыраспанға ауыз салғаннан кейін-ақ қазіргі малдың күйін біле беріңіз. Көктемде сиыр мен жылқы ұйыққа батып өлген. Қазір ішінара ұсақ мал өліп жатыр. Жылда сатып алып жүр­ген жемшөбіміз ғой. Биыл соны тегін бер демейміз. Тек қуаңшылыққа бай­­ланысты бағасы қымбат болып тұр. Соны тұрақтандыру үшін жасалып жат­­қан мемлекет қолдауына ризамыз, – дей­ді ауыл тұрғыны Есқара Едігеев.

Тұрғындар ауыл маңындағы жайы­лымның тарылып бара жатқанын айтады. Қуаңшылықтың белгісі байқалғаннан малды аман алып қалу үшін төлін сата бастаған. Қазір ол да тоқтап тұр.

Биыл Аманөткел ауылдық округін­дегі шабындық алқаптың 95 пайызы күйіп кетті. Біз барғанда ауыл тұрғын­дары­на Б.Өтемұратов қорынан бөлінген қаржыға алынған жем таратылып жатыр екен. Алғашқы лекте жағдайы төмен 40 отбасына 10 қаптан беріледі. Жалпы бұл көмек ауылдық округтегі жүздеген ша­ңы­раққа тиесілі.

Кездесуде Е.Қарашөкеев бүгінде Экология министрлігімен табиғи резерват жерлеріне мал жаю және шөп шабу жөнінде келісім жасалғанын айтып өтті. Сонымен қатар фермерлерге қолдау көр­сету үшін мал шаруашылығын дамы­туға алған несие төлемдерін кейінге шегеру жөнінде шаралар қабылдана­ды. Ауыл шаруашылығы министр­лігі мен «Бәйтерек» холдингі бірлесіп қосымша мал азығын дайындайтын техника сатып алуды қаржыландыру және суармалы жер­ді игеруге қажет құрылғыларды сатып алуға несие беру­ді де қарастырады.

Сапар аясында министрдің міндетін атқарушы «Аспай» су ағытқысындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетов мұнда жасалып жатқан жұмыстарды таныстырып өтті. Су ағытқысын қалпына келтіруге Б. Өтемұратов қорынан бөлін­ген қаржының 4,5 млн теңгесі қаралып, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Осыдан кейін «Бұрмақұлақ» арнасы бөгеледі. Оған облыстық бюджеттен 71 млн теңге бөлініп отыр. Бұл – осы аймақ­тағы көлдер мен жайылымдық, шабын­дық жерлерді суландырудың қамы.

Сапар аясында делегация Сарықұдық өңіріндегі «Ықылас» шаруа қожалығына барып, Арал қаласындағы бірқатар нысан жұмысымен танысты. Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарын аралады.

Мемлекеттік қолдаудан бөлек Арал ауданындағы қиналған халыққа көмек көрсетіп жатқандар аз емес. Белгілі кәсіп­­кер Болат Өтемұратовтың қоры бөл­­ген қаржы аудандағы мыңнан астам аз қам­тылған отбасының малына жем са­тып алуға жұмсалса, осы топырақ­тан шық­қан кәсіпкер азаматтар да елге қол­ұшын созып жатыр. Ақтөбе, Түркі­с­тан облыстарынан бөлек жақында ғана Жамбыл облысындағы ағайындар арал­­дық­тарға 400 тонна шөп жіберді. Бұл қуаң­­шы­лықтан қиналған жұрттың қам­­қор­­лықсыз қалмайтынын көрсетеді.

 

Қызылорда