Қоғам • 03 Тамыз, 2021

«Қосшы» атауынан құтылу керек

3013 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елорда іргесіндегі Қосшы ауылына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «облыстық деңгейдегі қала мәртебесінің» берілуі жол, жарық, жылу секілді әлеуметтік проб­ле­ма­лардың асқынуы салда­ры­нан жиі шу шы­ғарып жататын қос­шы­лықтардың кө­ңілін біраз көншітіп тас­та­ғандай.

«Қосшы» атауынан құтылу керек

Тұрғындар арасында «бізге облыстық қала мәртебесін бермей-ақ, дәл іргеміздегі астанаға қоса салмады ма екен? Онсыз да арамыз баяғыдағыдай жиырма-отыз шақырым емес, екі-үш шақырым ғана қалып тұрған жоқ па? Күні ертең қосылып кететініміз анық» деушілер де бар екен. Дегенмен «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дегендей, көптеген тұрғын Қосшының елордаға қосынды болмай жеке қала болып өмір сүре тұруын қалайтындай. Соның бірі Целиноград аудандық мәслихатының депутаты Айдын Төребаев: «Қосшыға Нұр-Сұлтан қаласына қосылғаннан гөрі «облыстық маңыздағы қала» мәртебесін алу тиімдірек. Өйткені енді оның жеке қала ретінде бюджеті болады. Ол бюджет қазіргі 63 млн теңгеден 1,5 млрд теңгеге дейін өсуі мүмкін. Демек, жолдарды жөндеуге, абаттандыру мен көріктендіруге бұрынғыға қарағанда қаржы әлдеқайда көбірек бөлінеді», дейді.

Айтпақшы, Қосшыны жеке қала жасау идеясы да аспаннан алынбаған секілді. Президент Жарлығы жарық көрерден көп бұрын интернетте Қосшының жаңа мәр­те­бесін анықтау жөнінде арнайы алаң құрылып, жұрттың пікірі сұралған екен. Сонда көп адам «Қосшыға облыстық дең­гей­дегі қала мәртебесін беру» мәселесіне қолдау білдіріпті. Яғни халық пікіріне құлақ асатын мемлекет қағидаты жұмыс істеген.

Сонымен Қосшы енді қала болды. Аз уақыттың ішінде мұндағы тұрғындар санының 2,5-3 мың адамнан 80 мың адамға дейін, яғни 28 есе өсу феномені ақырында осылай қорытындыланды. Мұндай көбеюді елорданың өзі, жалпы еліміздегі ешбір ірі елді мекен бастан кешірген жоқ. Әрине, мұның өзі – ел тәуелсіздігінің жемісі. Егер еліміз өз тәуелсіздігіне ие болмағанда, Арқа төсінде жаңа астана бой түземес еді, ал енді астана Арқаға келмегенде, кешегі кеңшар орталығы Қосшы ауылының халқы да соншама қаулап өспес еді.

Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласының соңғы уақыттардағы дамуынан әлемдегі ірі қалаларда кеңінен етек алған урбандалу, соның ішінде агломерациялану құбылысы анық байқалуда. Агломерация, яғни латын тіліндегі «agglomero» сөзі – «қосамын», «бірге қоршаймын» деген мағынаны білдіреді екен. Бір қаланың ірілену нәтижесінде өзінің бұрынғы шекарасынан шығып, айналасындағы елді мекендерді соның ішінде ауылдар мен шағын қалаларды жұтып қоюы – осы құбылыстың әсері.

Қалалық агломерациялардың пайда болуына көптеген әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және адами факторлар ықпал етеді. Өткен ғасырда АҚШ-тағы қала орталығындағы жер бағасының тұрақты түрде өсуі, көліктің көбеюіне байланысты қаланың орталық көшелерінде жүрудің қиындығы, экологиялық проблемалардың етек алуы (көліктерден бөлінетін көмірқышқыл газдар, тағы басқалар), оның үстіне көп пәтерлі үйлердегі сүреңсіз тірліктен, орталықтағы шулы өмірден қажыған адамдардың табиғат аясына қарай ұмтылысы агломерациялардың дамуына алып келді. Сөйтіп, 1950 жылы АҚШ-та 170 қалалық агломерация болса, 90-ыншы жылдардың соңында олардың саны 400-ге жуықтады. Қазіргі күні бүкіл америкалықтардың тең жартысы ірі агломерацияларда өмір сүрсе, үштен екі бөлігі бір-екі қабатты жеке үйлерде тұрады екен.

Астананың қазіргі өсу, кеңею деңгейі де агломерациялану үрдісін байқатады. Ол маңайындағы Көктал, Мичурин, Кірпішті секілді елді мекендерді өзіне қосып алды. Енді халық саны жедел өсіп келе жатқан Қосшыға таяп келген тұста мәселе басқаша шешімін тапты. Елорданың ішінде көп жыл қоқсыған «оңтүстік-шығыс» келеңсіздігін қайталамас үшін бұл да бір тиімді шешім көрінді бізге.

Қосшы жеке қала атанған соң, енді көп кешіктірмей шешетін бір мәселе – оның атын өзгерту секілді. Ол кеңшар орталығы – шағын ауыл кезінде Қосшы болды. Бұл атау оған кеңес өкіметі кезінде алғашқы мойынсеріктер, қосшылар одағы құрылып жатқан кезде жабысса керек. Енді 80 мың тұрғыны бар жаңа қала қайдағы «Қосшы»?! Қалаға тән құрылымдар құрылмай тұрып, осы мәселені шешіп тастаса, атауды өзгерту неғұрлым арзанға түсер еді деген ойдамыз.