Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының жақында жариялаған ақпаратына сүйенсек, 19 талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылды. Иә, бұған дейін бақылау камераларынан бейнежазбаларды қарау туралы ереже енгізілген еді. ҰБТ аяқталғаннан кейін 152 талапкердің тестілеу ережесін бұзғаны анықталып, нәтижелері жойылды. Олардың 91-і білім беру грантынан айырылған болатын. Ал биыл ҰБТ аяқталғаннан кейін Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері 145 мың талапкердің бейнежазбаларын қарайды. Алдымен, Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері 100-ден жоғары балл жинаған тестіленушілердің бейнежазбаларын тексереді. Мәселен, талапкерлердің нәтижелері наурыз және мамыр, маусым айларындағы көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары болуы мүмкін.
Жақында ҰБТ бейнежазбаларының бір бөлігін егжей-тегжейлі қарап шыққаннан кейін орталық мамандары жоғарыда аталған 19 талапкердің шпаргалкаларды қолданғанын және ережелерді бұзғанын анықтады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова:
«Біз түлектеріміздің тек өз біліміне үміт артуын қамтамасыз ету үшін осындай мұқият тексеру жүргізіп жатырмыз. Өйткені бүгін тест тапсырып, ережені бұзған талапкердің ертең полиция қызметкері, дәрігер, мұғалім немесе судья ретінде адал маман болатынына кепілдік жоқ. Сондықтан комиссия 19 талапкердің нәтижелерін жоюға шешім қабылдады. Енді олар білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатыса алмайды. Бірақ бұл жағдайлар балалар тарапынан болғанын ескеріп, оларға жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқу мүмкіндігі беріледі. Жалпы, барлық түлек ҰБТ-ны жылына бірнеше рет тапсыра алады. Бұл тестілеуге дайындалу барысында оқушылардың күйзелісін азайтады. Біз тағы да талапкерлерді академиялық адалдыққа шақырамыз. ҰБТ-ның барынша ашық және адал өтуі үшін бұдан әрі де барлық жағдайды жасайтынымызды айтқым келеді. Бейнежазбаларды тексеруді жалғастырамыз. Бұзушылықтар анықталған жағдайда нәтижелер мен тіпті тағайындалған гранттардың да күші жойылады», деді.
Орталық өкілінің мәлімдеуінше, бақылау күшейтілген үш жылдың ішінде тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері біршама азайған. 2019 жылы 128 мың, 2020 жылы 1 296 түлек ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысса, биыл мұндай 758 жағдай тіркелді. Тестілеу кезінде тыйым салынған заттарды пайдалануға тырысқандардың саны 2019 жылғы 2 363-тен 2021 жылы 749-ға дейін азайды.
Бұған дейінгі тестілеулерде ешбір талапты бұзбай ҰБТ тапсырғанымен, шекті балл жинай алмай қалған талапкерлерге тамызда тағы бір мүмкіндік бар. Осы айдағы тестілеуге қатысатындар ҰБТ-ны төртінші рет тапсыру арқылы шекті балды қайтадан жинап, жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне оқуға түсе алады. Бұл тестілеуге қабылдау 6 тамызда аяқталған болатын. Енді талапкерлер ертең, яғни тамыздың 10-ынан бастап, 13 тамызға дейін тест тапсырады. Тіркелу кезінде тестіленушілер емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
«Өкінішке қарай, қаңтар-маусым аралығында өткен ҰБТ-да кейбір талапкерлер шекті балл жинай алмады. Олар еліміздің жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігінен айырылды. Біз осы балалардың ақылы бөлімге түсу мүмкіндігі болуы үшін тамыз айында қайта тестілеуден өтуге жағдай жасадық. Оқуға түсу үшін шекті балл және әр пәннен кемінде 5 балл жинау қажет», деп түсіндірді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.