Сенатор фермерлермен кездесу барысында жемшөп дайындау жұмыстарының жайын талқылап, еліміздің бірқатар өңірінде болған құрғақшылық салдарынан мал азығының тапшылығына байланысты бұл жұмысты сапалы жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Сенатор сондай-ақ жергілікті тұрғындармен аудандағы өзекті мәселелерді талқылады. Олардың қатарында жолдардың жай-күйі, ауыз сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ пандемияға қарсы іс-қимыл шаралары мен халықты вакциналауға қатысты проблемалар бар.
Сағындық Лұқпанов өткен сессияда сенаторлар атқарған жұмыстар туралы ауыл тұрғындарын хабардар ете отырып, мәслихат депутаттарының түрлі салалардағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын да тыңдады.
Депутат Махамбет ауданында 22 гектар жылыжай құрылысының барысын тексерді. Ондағы жұмысшылар сенаторға биыл 4 гектар жер пайдалануға берілетінін хабарлады. Жылыжайды толыққанды іске қосу жылына шамамен 350 тонна қияр мен қызанақ өндіруге, сондай-ақ аудан тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Ауылды дамыту үшін заманауи технологияларды енгізу ғана емес, кадр тапшылығы проблемаларын шешу, оның ішінде жергілікті мамандарды даярлау маңызды болып отыр. Бүгінгі таңда жұмыс қолы жетіспейтін өңірлердегі жағдайды жақсарту үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр», деді Сағындық Лұқпанов.
Сенатор сонымен қатар полиэтилен мен полипропилен өндіру жобасын іске асыру барысымен танысты. «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасына енген жобаның өңір мен сала үшін маңызы зор. Оны іске асыру нәтижесінде құрылыс кезінде 3000-нан астам жұмыс орнын және пайдалану барысында 500-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Депутат бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Сенатор жақында еліміздің Премьер-Министрінің атына депутаттық сауал жолдап, мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту үшін нақты шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап көрстекен болатын. Жақында Үкімет биылғы жылы елімізде мұнай-газ химиясы саласын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу туралы шешім қабылдады.