Президентпен кездесу барысында Қ.Сарыбай Иран тарапына АӨСШК-ге тұрақты қолдау үшін ризашылығын білдірді және бірегей ынтымақтастық механизмін құру қажеттігін айтты. Елші Иран Президентіне Қазақстанның АӨСШК-ні халықаралық ұйымға айналдыру басымдығы туралы атап өтті.
Президент Ибрахим Раиси Иранның халықаралық серіктестері мен АӨСШК секілді маңызды аймақтық форумдармен ынтымақтастық жасауға ниетті екенін атап өтті. Ол үкіметаралық ұйымдар хатшылықтарының, оның ішінде АӨСШК-нің хатшылығын да, мүше мемлекеттердің үкіметтері арасында ынтымақтастықты дамытудағы, олардың маңызды шешімдерді қабылдау процестеріндегі маңызды рөлін атады. «АӨСШК өзінің алға қойған мақсаттарына жетуі үшін белсенді түрде алға ұмтылуы тиіс және мүше мемлекеттерінің үкіметтері арасында ынтымақтастықты күшейткені жөн», деді Иран Президенті. Сонымен қатар ол АӨСШК-нің рөлін ұдайы күшейту мен ұлғайту керектігін баса айтты. Ибрахим Раиси Иранның АӨСШК жұмысының негізгі бағыттарына қосқан үлесіне назар аударды, сонымен бірге Иранның Форум мақсаттарына жету процесіне одан әрі белсенділікпен қатысуға дайындығын және Азия мәселелері жөніндегі ынтымақтастықты жоғары деңгейде жетілдіру ниетін білдірді.
Иран Парламентінің Спикері Мохаммад Багер Галибаф мырзамен кездесу барысында АӨСШК атқарушы директоры Иранның Форум шеңберінде және одан тыс ауқымда аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін ерекше атап өтті. Қ.Сарыбай Иранның жаңа үкіметімен қарым-қатынас жасауға дайындығын жеткізді. Атқарушы директор бейбітшілік пен қауіпсіздікті біржақты ретпен қамтамасыз ету мүмкін еместігі туралы, сонымен бірге АӨСШК сұхбат жүргізу мен өзара әрекеттестік үшін қолайлы алаң екеніне назар аударды. Елші Қ.Сарыбай көпжақты қатынастардың маңызды рөлі мен әр мүше мемлекеттің ортақ іске ерекше атсалысып отырғанын атап өтті. Нәтижесінде, осының бәрі Азия елдерінің өркендеуіне әкеліп, өзара тиімді ынтымақтастық пен өзінің болашағы туралы дербес түрде шешім қабылдауға қолайлы жағдайды тудырады.
Иран Парламентінің Спикері бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету барлық мемлекеттердің басымдығы екенін жеткізді және де бүгінгі таңда Азия бүкіләлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздік бағытында қадамдар жасап отырған басты қозғаушы күштердің бірі саналатынын атады. Ол АӨСШК-нің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында оң нәтижелерге қол жеткізетініне сенім білдірді.
Тегеранға іс-сапары барысында Қ.Сарыбай Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) Бас хатшысы Хади Сулейманпур мырзамен кездесті және ол өз серіктесімен АӨСШК мен ЭЫҰ арасында өзара әрекеттестік пен әлеуетті тиімді ынтымақтастықтың бағыттары жөнінде жемісті әрі мазмұнды пікір алмасты.
Елші Қ.Сарыбай ЭЫҰ Бас хатшысын АӨСШК-нің қазіргі жұмысы туралы хабардар етті, соның ішінде, Қазақстанның АӨСШК-ге Төрағалығының Форумды толымды ұйымға айналдыру және АӨСШК процесінің, Хатшылығының институттық әрі орнықты дамуын күшейту жөніндегі басымдығы туралы атап өтті. АӨСШК атқарушы директоры АӨСШК мен ЭЫҰ арасында әлеуетті өзара әрекеттестікті дамыту жөнінде тиімді шешімдер мен нақты салаларға назар аударды. Бұл салаларға Азиядағы АӨСШК мен ЭЫҰ мүдделерінің ұқсастығы мен географиялық орналасуын, АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің көптігін, жан-жақты күн тәртібін, сонымен бірге ЭЫҰ-ның экономикалық тұрғыдан орасан мол тәжірибесін ескере отырып, өзара ықпалдастықты күшейту мәселелері кіреді. Мысал ретінде, Қ.Сарыбай ұқсас мандаттары бар АӨСШК мен ЭЫҰ-ның арнайы мекемелерінің әрекеттерін біріктіре отырып, екі ұйымның форумдарына немесе басқа да іс-шараларына қатысу сияқты тиімді өзара әрекеттестіктің мүмкіндіктерін атап өтті.
ЭЫҰ бас хатшысы ЭЫҰ мен АӨСШК мақсаттары бір-біріне ұқсас келетінін және ортақ мақсаттарға жету үшін қолайлы тәсілдерді қолдана отырып, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың орасан зор мүмкіндіктерін сөз етті. Хади Сулейманпур аймақтың өркендеуі мен Азия елдерінің экономикалық жағдайын жақсарту мақсатына жетудің маңыздылығын ерекше атап өтті, соның ішінде, аймақтық ұйымдардың әрекеттерін жаһандық ауқымда біріктіріп, қаржы жұмсалымы мен инвестицияларға жол ашу керек екеніне назар аударды. ЭЫҰ Бас хатшысы ЭЫҰ мен АӨСШК екіжақты келісім негізінде ынтымақтастықты күшейте алады және өзара тиімді қадамдар жасай алады деген пікірін білдірді.